26 наурыз күні Батыс Қазақстан облысында тоқтаусыз жаңбыр жауып, бір тәулік ішінде бір айлық мөлшер – 25,6 мм жауын-шашын түсті. Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп, зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Су тасқынының алдын алу жұмысын өңір басшысы Нариман Төреғалиев өзі қадағалап отыр.
26 наурыз күні Орал қаласында және облыстың 9 ауданында тоқтаусыз жаңбыр жауып, қарды ерітіп жіберді. Нәтижесінде, Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарында тасқын су басу қаупі туды. Қар мен жаңбыр суы арықтар мен кәріздерге толып, 3 әлеуметтік нысанның және көпқабатты 5 үйдің жертөлесіне құйылып, 298 жекеменшік үйдің ауласын басты. Қауіп төнген аймақтарға құм салынған қапшық жеткізіліп, суды сору жұмысы ұйымдастырылған.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының Зашаған кентіндегі су басу қаупі бар шағын аудандарға, Саратов тасжолындағы су арнасы жүйесіне, сондай-ақ Орал қаласының ескі орталық көшелеріне барып, жағдайды көзімен көрді. Төтенше жағдайлар департаментіне, қала әкімдігіне және коммуналдық қызмет саласының мамандарына қар, жаңбыр суларын уақтылы шығару, жолдарды бөгеу, қапшықтармен құм төсеу, су арналары мен құбырларды тазалауды тапсырды. Өңір басшысы Орал қаласының әкіміне жұмысындағы олқылықтар үшін қатаң сөгіс беретінін айтты.
«Сіздер су тасқынына дайын болмадыңыздар. Тіпті қала әкімдігінің ғимараты да суға батты. Мұның бәрі жауапсыздықты көрсетеді. Кеше-бүгін қаланы араладым, кейбір шағын ауданда мен келгенде жұмыс енді ғана басталып жатыр. Орал әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын. Қала мен аудандар күшейтілген режімде жұмыс істеуі керек. Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстаңыздар», деп ескертті облыс әкімі.
Қарғын су автокөлік жолдарына да қауіп төндіріп жатыр. Күре жолдардың 19 жерінде осындай жағдай тіркелген. Республикалық және облыстық дәрежедегі 2 жолдың, аудандық дәрежедегі 17 жолдың үстінен су өтіп кеткен. Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы су басқан жолдарға кезекшілік, арнайы белгілер орнатылған.
Наурыздың 27-сіне ауған түнгі сағат 12.00-де облыстық жедел штаб бастығы, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен жиын өтіп, аудан басшыларының су тасқынының алдын алу бойынша есебі тыңдалды. Жоғарыда айтылған әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлердің жертөлесіне кірген су тоқтатылып, төнген қауіптің беті қайтқан.
Қаратөбе мен Сырым аудандарында қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты қосымша күш жұмылдырылып жатыр.
«Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне қарағанда, Тасқала ауданында Екінші Шежін және Деркөл өзеніндегі су деңгейі көтерілгені байқалған. Жол-жөнекей қосылған сулардан өзен кемерінен асып кетуі мүмкін. Екінші Шежіннің қауіпті деңгейі 780 см болса, қазір бұл 739 см-ге жетіп қалған. Жергілікті әкімдік 5 мың дана қапшық, 100 тонна инертті материал дайындап, сақадай сай отыр. Ауылда қауіпті жағдай туса, тұрғындарды көшіріп орналастыру үшін 2 эвакуациялық бекет әзірленген.
Кейінгі мәліметтерге қарағанда, облыс аумағында 131 616 текше метр су сорылып, құм салынған қапшықтың 5 730 данасы қауіпті жерлерге төселген. Бір мезгілде түрлі қызметтен 990 адам, 222 техника, 153 мотосорғы тасқынның бетін қайтаруға жұмылдырылды. Айта кетейік, құтқару жұмыстарының алғы шебінде әскери бөлім сарбаздары да жүр.
Кей жерде автожолдардан су өткенін айтқан едік. Бұлар – Ақжайық ауданының Қурайлысай ауылдық округіндегі Әтібек қыстағы маңынан өтетін «Жұбан – Сайқұдық» автожолының 7-ші шақырымы, Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылдық округіндегі «Жәнібек – Таловка – Кішіөзен» автожолының 3 ойпатты учаскесі, Теректі ауданының Шалқар ауылдық округіндегі Сарыөмір аулынан 9 шақырым жерде, «Сарыөмір – Дуана» автожолының 2 ойпатты учаскесі, осы ауданның Аңқаты ауылдық округіндегі Қандық аулы маңындағы «Сарыөмір – Аңқаты» автожолы және «Теректі-Ақсай» автожолының 19 шақырымы. Қазір Дуана аулымен көлік байланысы жоқ. Қалған елді мекендерге айналма жолдар бар, тұрғындарға қауіп төнбеген. Жолдың қауіпті тұстарына арнайы белгі орнатылып, кезекші қойылған.
27 наурыз күні Теректі ауданына қарасты Аңқаты аулында 16 тұрғын үйге су кіріп, сондай-ақ 8 аула аумағын су басқаны хабарланды. 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілген. Үй жануарлары мен құстар қауіпсіз жерлерге шығарылған.
«Су деңгейін түсіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдың жабыны алынды. Оқиға орнында ТЖД жеке құрамынан 21 адам, 4 бірлік техника, 2 мотопомпа және 1 қайық, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан 12 адам, 3 бірлік техника, полиция департаментінен 2 адам, 1 бірлік техника жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Руслан Қасыбаев сол жерде жүр», деп хабарлады баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан облысы