Бұл көктем бұрынғы көктемнен өзгеше өрбіді. Бұған дәлел – Талдықорғанда тұңғыш рет бір сәтте 50 сәбидің тұсауы кесіліп, рекорд орнатылды.
Облыс орталығында бір сәтте 50 сәбидің тұсауы бірдей кесілді. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сәбилердің тұсауын өңірдегі ардагерлер, мәдениет, өнер, әдебиет және журналистика саласының қайраткерлері, атақты спортшылар, білікті дәрігерлер мен ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер, т.б көпке танымал беделді азаматтар кескен. Бұл ауқымды жиын елімізде алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Тұсау кесу рәсіміне облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің қадамына құт тіледі.
Рухани іс-шара шымылдығы бүлдіршіндерге бата беру салтанатымен түрілді. Осы рәсімге арнайы келген «КИнЭС» Рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков таңданысын жасырмады.
«Елімізде осындай ауқымдағы тұсаукесер алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл күн – еліміз үшін айшықты сәттің бірі. Сондықтан 50 баланың бір мезетте бірдей тұсаукесері өткізілгені жайлы фактінің Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілгенін растайтын сертификат табыстаймын. Балалардың жолы ашық, әр қадамы ізгілікке толсын», деді Б.Тастүлеков.
Тұсаукесер рәсімінен кейін аталған департамент басшысы облыстық қоғамдық даму басқармасына арнайы сертификат табыстады. Сонымен қатар Қазақстанның рекордтар кітабының соңғы шығарылымын сыйға тартты. Осы күні алғашқы тәй-тәй қадамын жасаған балалардың ішінде талдықорғандық ұстаздар отбасы Нұржан Қамиев пен Гүлнұр Дәуренбекованың да кенжелері бар.
«Бір жасар баламызды осы айтулы іс-шараға арнайы алып келдік. Екі қыздан кейін дүниеге келген ұлымызға Мұрагер деп ат қойғанбыз. Мұрагеріміз Талдықорған қаласындағы №14 балабақшаның «Балапан» тобына барып жүр. Наурыздың онкүндігі аясында осы үлкен ауқымдағы тұсаукесерде сәбиіміздің өмірге алғаш қадам жасағанын жақсы ырымға балаймыз. Ұлымыздың алдағы жолы ашық, болашағы жарқын болады деп сенеміз. Наурызды осылай он күн бойы ұлттық мазмұнда атап өту бастамасын қолдаймыз», деді қуаныштан толқыған ата-ана.
Жетісу облысы