• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Наурыз, 2024

Өңір зәрулігі – су тасқынының алдын алу

119 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемле­кет басшысы тапсыр­маларының орындалу барысымен танысуға Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы бағдарлама аясында коммуналдық-энергетикалық сектор және жол инфрақұрылымы нысандары­ның, сондай-ақ бірқатар жеңіл және өңдеу өнер­кәсібінің, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мен су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізу жұмысына ерекше назар аударылды. Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың не­гіз­гі су көзі – Есіл өзені үш су қой­масы: Астана, Сергеев және Пет­ро­павл су тораптарымен реттеледі.

Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасы­ның ағымдағы жағдайын тек­серді. Қазіргі уақытта ол қалыпты жағ­дайда және штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде су қоймасы алгоритмге сәйкес жұмыстың «транзиттік режіміне» ауыстырылады және тасқын сулардың өтуіне әсер етпейді. Сонымен қатар Олжас Бектенов өткен жылдың сәуір айында шамадан тыс толып кеткен Сергеев су қоймасының жағдайына назар аударды.

«Су қоймалары бар Сергеев және Петропавл су тораптары – республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген және ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары. Сергеев су қоймасындағы жи­нал­ған судың көлемі 82%-ды құрайды. Бұл жерлерде саяжай учас­келерін ерекше назарда ұс­тау­ды тапсырамын», деп атап өтті Премьер-министр.

«Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, осы кезеңде Сергеев және Петропавл су тораптары штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Алайда автожолдағы көпір­лердің жекелеген конструкциялары апатты жағдайда. Осыған бай­ланысты өзге баламалы жол­дар арқылы көлік ағынын қай­та бағыттау мәселелері қарас­тырылып жатыр. Жалпы, өңірде су тасқыны қаупі бар 87 елді мекен есепке алынды. 24 қаңтар­дан бастап облыс күшейтілген дайындық режіміне ауыстырылды, 26 нау­рыздан бастап Жедел штаб жұмылдырылды.

Премьер-министр облыс әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шарасын аяқтауды, ал ТЖМ-ға тас­қы­н қаупі күшейген жағ­дай­да күш пен техниканы жұ­мылдыруды тапсырды.

Сонымен қатар «Қызылжар сүт» ЖШС заманауи сүт кеше­ніне барған Үкімет басшысы «ақылды ферма» жұмысының технологиялық үдерісін қарап шықты. Кәсіпорында малға жем-шөп беру мен күтім жасаудан бас­тап сүт алу және өңдеуге дейінгі барлық үдеріс толығымен автоматтандырылған. Үш жыл ішінде мал басы 2 еседен астам өсті (2020 жылы 720 сиырдан 2023 жылы 1 502 басқа дейін). Өткен жылдың қорытындысы бойынша кешен 6 мың тоннадан астам сүт өндірді.

Премьер-министрге осы жобаны іске асыру аясында СҚО-да барлығы 18 сүт фермасының құрылысы жалғасып жатқаны баяндалды. Оларды қаржы­ландыруға республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінді. Фермаларды іске қосу өңірде сүт өндіру көлемін жылына 690 мың тоннаға дейін, ал дайын сүт өнімдерін өндіру көлемін 215 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі. Алдын ала деректер бойынша, бұл республикадағы барлық көлемнің 25%-ын құрайды.

Келесі нысан сүтті қайта өңдеу саласындағы отандық жетекші кәсіпорындардың бірі – «Масло-Дел Петропавловск» ЖШС болды. Өндіріс 20 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді. Өткен жылы 104,8 мың тонна дайын сүт өнімі немесе еліміздегі жалпы көлемнің 11,5%-ы өндірілді. Сапар барысында дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау көлемін одан әрі арттыру әлеуеті зор екені атап өтілді. Үкімет өз тарапынан өңдеуге тапсырылған шикі сүт үшін, ал сүт өңдеу кәсіпорындарына өндірілген сары май мен ірімшік үшін субсидиялар беру арқылы дамуға жәрдемдесуде.

«Avagrо» ЖШС кәсіпор­нында Премьер-министр ауыл шаруашылығы техникасын шығару үдерісімен таныс­ты, бұл әсіресе көктемгі егіс жұ­мыстарының басталуы қарса­ңында өзекті. Еске сала кетейік, 26 наурызда өткен Үкімет оты­ры­сында Олжас Бектенов егін­шілер қол­данатын тех­никаның тозығы жеткені туралы мәселе көтерді. Қазір бұл көрсеткіш 75%-дан асады. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуда диқандарға қолдау көрсету туралы тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қарсы міндет­темелерді қолдана отырып, тек отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне 450 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Азық-түлік қауіпсіздігі мә­се­лесін шешумен мықтап айналысу қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында АӨК өнімінің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, терең өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті. Табысты отандық бизнес – бұл ең алдымен, сөрелердегі отандық өнімдер және жұмыс орындары. Бүгінде ішкі нарықта импортталған сүт өнімдері бар. Алайда біздің зауыттар қажетті нәрсенің бәрін өздері өндіре алады, бұл үшін мүмкіндіктер бар», деді О.Бектенов.

АӨК нысандарын аралау кезінде Премьер-министрге көктемгі егіс жұмыстары, атап айтқанда, пайдасы жоғары майлы және жемшөп алқаптарын ұлғайтуға баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы да­қыл­дарының егістіктерін әр­та­рап­тандыру туралы баяндалды. Өңір суармалы егін­шілікте су үнемдеу технологияларын қолдануды кезең-кезеңмен ұлғайтуды, мұндай алқаптарды 2028 жылы 17,9 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ «Севказэнерго» АҚ-ның Петропавл 2-ЖЭО-сын аралау кезінде тұрғындарды жылу энергиясымен сапалы және үздіксіз қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылды. Петропавл 2-ЖЭО жабдығының 57,3%, Солтүстік-Қазақстан ЭТК жабдығының 96,6%, жылу желілерінің 77,5%-ның тозығы жеткен, қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылы инвестициялық және жөндеу науқаны аясында Петропавл 2-ЖЭО-да 17,6 млрд теңгенің жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 2027 жылға дейін 739 шақырым электр желілері мен 240 қосалқы станса салу үшін жыл сайын бюджеттен 4 млрд теңгеден қаражат бөлу көзделіп отыр.

«Күзгі-қысқы кезеңнің қа­лыпты өтуі, сондай-ақ халықты жылу және электр энергиясымен тиісті деңгейде қамтамасыз ету – ерекше бақылауда. Стан­сада жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақтылы және толық орындап, жыл соңына дейін жаңа түтін мұржасы­ның құрылысын аяқтау қажет. Үкімет тарапынан ең маңызды жобаларды қаржыландыру бо­йынша қолдау көрсетіледі», деді О.Бектенов.

Петропавлдағы Универ­саль­ная көшесі бойындағы жол өт­песінің құрылыс алаңында Үкімет басшысына жұмысшы кентінен қаланың орталық бө­лігіне шығатын жалғыз жол өтпесінің апатты жағдайда болуы­на байланысты өткен жылы оған жапсарлас көпірдің құрылысы басталғаны туралы баяндалды. Жаңа жоба 1961 жылы салынған жол өт­песіндегі жүктемені азайтып, кейіннен күнделікті қозғалысты тоқтатпай, күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа жол өтпесі­нің ашылуы ірі көлемді жүк көлігі қоз­ғалысын жаңа көпірге бағыт­тап, сондай-ақ ескі көпір арқылы жеңіл көліктер мен автобустардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жол ашады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан об­лы­сының өнеркәсіптік әлеуе­тімен танысуды өңірдің байыр­ғы кәсіпорындарының бірі, ғасырлық тарихы бар С.М.Киров атындағы зауытты аралаудан бас­тады. Отандық машина жасау саласындағы көшбасшылардың бірі болып саналатын зауытта электронды жабдықтарды әзірлеу мен өндірудің толық цик­лі қамтылған. Осы жылдың екі айында өндіріс көлемі 9,5%-ға өсіп, 193,7 млн теңгені құрады. Зауытта 487 адам жұмыс істейді. Бұдан басқа, отандық кәсіп­орында шығарылатын «Lenovo» серверлерін құрастыруға индус­трия­лық сертификат алынды. Тағы бір сұранысқа ие өнім – элект­ронды компоненттерді орна­ту­ға арналған 5+ дәлдік класын­дағы 16 қабатты баспа платасы.

Премьер-министр қорға­ныс және азаматтық мақсаттарға арналған жоғары технология­лық өнімдердің әркелкі түрлерін дайын­дау үдерісімен егжей-тегжей танысты. Сонымен қатар желіні кеңейту бойынша алдағы жоспарлар туралы хабардар етілді.

Олжас Бектенов Петропавл ауыр машина жасау зауытының технологиялық жаңғырту нә­тижесімен де танысты. Мұн­да мұнай-газ, энергетика және теміржол салаларында қолда­нылатын өнімдердің кең желісі шығарылады. Бұдан бөлек, зауыт мемлекеттік қорғаныс тапсырыс­тарын орындайды.

«Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жолдауында қор­ғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақ­ты нығайту елдің ұлттық қа­уіп­сіздігін қамтамасыз етуде ше­шу­ші рөл атқаратынын атап өтті. Локализациялау деңгейі жо­ға­ры әскери мақсаттағы өнім­дерді өндіру циклін құру импорт­қа тәуелділікті азайтуға мүмкін­дік береді. Сонымен қатар кәсіп­орынның мүмкіндіктерін темір­жол және мұнай-газ сала­сындағы қажеттіліктерді қамту үшін пайдалану керек», деп атап өтті О.Бектенов.

Келесі нысан мұнай өнеркә­сібіне арналған сорғыш штангалар шығаратын «Мұнаймаш» АҚ кәсіпорны болды. Ішкі нарық­тағы үлесі 90% болса, локализация деңгейі 65-тен 75% дейін құрайды. Үкімет басшысы өндіріс қарқынын ұлғайтып, терең ұңғымалар сорғыларының импортынан толық бас тарту үшін мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындармен өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастыру керектігін атап өтті. Бүгінде Үкімет пен бизнестің алдында отандық зауыттарда өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейту арқылы елішілік құндылықтардың үлесін жыл сайын ұлғайту бойынша ортақ міндет тұрғаны баса айтылды.

Полипропилен ыдыс шыға­ратын ірі кәсіпорындардың бірі «Smbgroup Family» ЖШС-ында Олжас Бектенов еліміздің жеңіл өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, сыртқы нарыққа шығу қажет екеніне тоқталды. Отандық өндірушінің контей­нерлері әртүрлі жүк түрлерін тасы­малдауға, сақтауға, тасы­малдауға арналған, сонымен қатар өнеркәсіп пен логистикада кеңінен қолданылады. Биыл екі айда ғана жалпы құны 580 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс көлемі 13,8%-ға өсті.

Бұдан бөлек Премьер-ми­нистр «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорын отандық на­рық­тың ламинатталған фанерге деген қажеттілігінің 22%-ын қам­тамасыз етеді. Ол ірі қа­ла­лар­дағы құрылыс алаң­дарында қолданылады және шет­елге де экспортталады. Был­тыр өндіріс көлемі 4,3 млрд теңгені құрап, 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 32,6%-ға өсті.

«РимҚазАгро» ЖШС қағаз өнімдері зауытында Олжас Бектеновке макулатураны қайта өңдеудің белгіленген циклі көрсетіліп, кластерді одан әрі дамыту жоспарлары туралы баян­далды. Фабрика 30-дан ас­там өнім түрін шығарады, олар еліміздің барлық өңіріне жет­кізіліп, сондай-ақ Ресейге де экспортталады. Кәсіпорын алдына халық тұтынатын тауарлардың экспортын ұлғайтып, ішкі нарық­тағы үлесті әрі қарай ұлғай­ту міндеті жүктелді. Мем­лекет пен отандық бизнестің белсенді ын­тымақтастығының жаңа түр­лері қарастырылады.

Нысандарды аралап шыққан Премьер-министр мемлекет өң­деу өнеркәсібін және халық тұты­натын тауарлардың кең номенк­латурасын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Бұл ретте отандық өнімнің сапа­сына ерекше мән беру қажет. Ол үшін бизнес үздіксіз дамып, жаңа өн­дірістерді де игеруге тиіс. Өз ке­зегінде Үкімет тарапынан қа­жет­ті қолдау көрсетіледі.