• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Наурыз, 2024

Ақтөбе облысында тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді

122 рет
көрсетілді

28 наурыз күні кешкілік Ақтөбе қаласы мен Қобда, Мұғалжар аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Түні бойы Ақтөбе қаласының Елек және Қарғалы өзендеріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарының 1417 тұрғыны қауіпсіз жерге көшіріліп, қаладағы 35 мектепке уақытша орналастырылды. Олардың 623-і бала, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісовтың хабарлауынша, эвакуация шараларына 547 адам тартылған. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшіруге облыстық әкімдік қызметкерлері, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, волонтерлер және өз бастамасымен келген қала тұрғындары тартылды. Тұрғындар тастап кеткен үйлерін қазір полиция қызметкерлері күзетіп тұр.  

Бейсенбі күні кешкілік қала әкімі Азамат Бекет облыс орталығында төтенше жағдай жариялауға Ақтөбе су қоймасындағы су көлемінің шектік мөлшерге жетуі себеп болғанын мәлімдеді. Толассыз жауған жаңбыр мен қар суынан Ақтөбе су қоймасына бір тәулікте 150 млн текшеметр су жиналып, плотинаның шегіне жетіп қалды. Егер артық суды Елек өзеніне жібермесе, плотина жарылып, қала тұтас су астында қалуы мүмкін. Түні бойы Ақтөбе су қоймасынан жіберілген су Елек өзеніне жақын аумақтар мен Кірпішті елді мекенін басып қалды.

Ақтөбе қаласының түбінде үш су қоймасы бар: ең үлкені – сыйымдылығы 280 млн текше метр болатын Қарғалы су қоймасы. Оған Қарғалы өзені құяды. Былтыр дәл осы уақытта осы су қоймасының 185 млн текше метрі бос тұрды.  Оған құятын Қарғалы өзеніндегі су деңгейі де жоғарылап, жанындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұр. Екіншісі – сыйымдылығы 245 млн текше метр болатын Ақтөбе су қоймасы. Соңғы күндері мұндағы су көлемі 68 %-дан асқан. Ең кішісі –  7,5 млн текше метр  су жиналатын Сазды су қоймасы. Қазір ол да толды, артық су Сазды, кіші Сазды өзендеріне жіберілді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров су тасқынынан  зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек берілетіні туралы мәлімдеді. Қазіргі уақытта Мұғалжар ауданының Бірлік, Шеңгелді, Ембі елді мекендерін, Қобда ауданының бірнеше ауылын, Әйтеке би ауданының Ұлғайсын, Тасөткел, Қопа елді мекендерін, Ырғыз ауданының Ақши, Жаныс би, Шеңбертал ауылдарын су басты. Сондай-ақ Ойыл ауданының Екпетал, Жаңабаз, Қарасу  ауылдарының тұрғындары да көшіріліп, Ойыл елді мекеніндегі мектепке уақытша орналастырылды.

Ақтөбе облысы