Қазақстанның ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина АҚШ-тың Майами қаласында өткен жүлде қоры 8 995 555 долларды құраған «Мастерс» турнирінде былтырғы нәтижесін қайталады.
Алғашқы айналымда бос болған Елена Рыбакина (әлемнің №4 ракеткасы) екінші кезеңде даниялық Клара Таусонды (№91) тізе бүктірді – 3:6, 7:5, 6:4. Одан кейін америкалық Тэйлор Таундсеннен (№72) басым түсті – 6:3, 6:7, 6:4. Төртінші кезеңде Мэдисон Кизді (№18) қапы қалдырды – 6:3, 7:5. Ширек финалда ол грекиялық Мария Саккариге (№9) сан соқтырды – 7:5, 6:7, 6:4. Жартылай финалда отандасымыз кезінде әлемдік рейтингте көш бастаған Беларусьтің беткеұстары Виктория Азаренкомен (№32) шеберлік байқасты. Бірінші сет Рыбакинаның пайдасына шешілгенімен, екіншісінде біздің спортшы «баранка» ұстады. Десек те Еленаның жүйесі сын сағатта сыр бермеді. Бәсеке тай-брейкке дейін ұласқанымен, ол жеңісті қарсыласының уысынан жұлып алды – 6:4, 0:6, 7:6.
Финалда жерлесіміз америкалық Даниэль Коллинзбен күш сынасты. Рыбакинаның WTA тізімінде 53-орында тұрған 30 жастағы теннисшіні ұтатынына күмәнданғандар кемде-кем еді. Бірақ бұл бәсекеде Коллинздің бағы жанды. Есеп – 7:5, 6:3. Былтыр да Елена Майамиде ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуі тұста чехиялық Петра Квитоваға жол берген еді.
Өзге теннисшілеріміз жайында айтар болсақ, испаниялық Кристина Бучу (№74), ресейлік Людмила Самсонова (№15), бельгиялық Грет Миннен (№79) және украиналық Ангелина Калининаны (№36) қапы қалдырған Юлия Путинцева (№68) ширек финалда Виктория Азаренкодан айласын асыра алмады. Ал Александр Шевченко (№58) мен Александр Бублик (№18) екінші айналымда сүрінді.