Щучинск қаласындағы өнеркәсіптік сүзгілерді шығаратын «Азияфильтр» кәсіпорнының өнімдері сұранысқа ие. Себебі елімізде дәл мұндай кәсіпорын әзірге жоқ.
Құрылғанына биыл бес жыл болған кәсіпорын осы уақыттың ішінде өз бағытының қыр-сырын егжей-тегжей зерттеп, толайым меңгеріп, нарық айдынында аты шыға бастаған. Мамандардың пікірінше, серіктестік өнімдері әлемдегі озық үлгілерден еш кем емес. Осы арада өнім түрлері туралы сәл ғана таратып айта кетелік. Мұндағы сүзгілер төрт бағытта шығарылады. Ауруханадан бастап ірі өндіріс ошақтары да серіктестіктің өнімдеріне зәру. Ауадағы шаң-тозаңды тазартып, желдететін сүзгілер осы бағытта ұзақ жылдан бері жұмыс істейтін Беларусь, Қытай, Ресей компанияларымен әділ бәсекеге түсіп, шашасына шаң жұқтырмай келеді.
Серіктестіктің құрылтайшысы – Бурабай баурайындағы Мәдениет ауылының тумасы Индира Нұрлан. Құрылтайшының айтуына қарағанда, өндіріс ошағын орналастыру туралы еліміздің бірқатар өңірінен ұсыныс түскен екен. Әйтсе де туған жерінің топырағында ту тігуді қалаған. Себебі елге шарапатын тигізуді жөн көрген.
Жаңа өндіріс ошағы ашылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары пайда болады, аудан бюджетіне қыруар салық төленеді. Айтпақшы, қазір кәсіпорын аудандағы қомақты салық төлейтін өндіріс ошақтарының алдыңғы қатарында.
Жағымды жаңалық туралы ой ұшқыны осыдан бес жыл бұрын лаулаған. Болашақ саясаттанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі Польшада магистратурада оқып жүріп осындай компанияда менеджер болып жұмыс істейді. Шаруаға мығым шетелдегі істің қыр-сырын меңгеруге тырысқан. Өндірістік сүзгілер қалай өндіріледі, өз елінде қажет бола ма, ең бастысы, дәл осындай жұмысты қолға алса, отандық өндірістің кеңінен қанат жайып, өрістеуіне ықпал етуі мүмкін бе? Қыруар жайды зерек көңіліне түйген, ақыл таразысына салып безбендеген. Елге оралған соң өз көңілін баураған поляк компаниясының басшылығымен хабарласып, Қазақстанда өкілдік ашу туралы ұсынысын жеткізген. Қалай болған күнде де нар тәуекелді қажет ететін іс еді.
Түпкі нәтиженің түбегейлі жеміс беретініне көзі жетіп тұр. Тыңға түрен салудың оңай еместігін де түсінеді. Алдымен еуропалық өнімдерді ел шеңберінде насихаттауды қолға алды. Сұраныс сұрапыл екен. Өнімнің қаншалықты қажет екендігін түсінген соң, 2019 жылы сүзгі өндіретін кәсіпорын ашуға бел буды. Осы арада екпін түсіріп айта кететін бір жай, баламасы жоқ бағалы бастама мемлекеттен ешқандай көмек сұрамаған. Бар шаруаны өз қаражатымен ұйымдастырып, жолға қойған.
Кәсіпорынның техникалық директоры Медіғат Ыбыраевтың айтуына қарағанда, серіктестік өнімдері сүзгінің ондаған түрін шығарады. Олар – желдету жүйелері, өндірістік кәсіпорындарға арналған ауқымды сүзгілер. Тамақ өнеркәсібінде қолданылатын сұйықтықты да сүзуге қажет. Шығарылған барлық өнімнің сапасына кепілдік беріледі. Компания шетелден тек арнайы техникалық матаны ғана сатып алады, басқа қажетті компоненттің бәрі – отандық өндірістің өнімі.
Бізбен тілдескен кезінде техникалық директор серіктестік өнімдері туралы таратып айтып берді. Тапсырыс берушілер қатарында «Қазақмырыш» серіктестігі, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы тәрізді ірі отандық кәсіпорындар да бар екен. Жаңа кәсіпорын құрылғанша тұтынушылар шетелдің өніміне тәуелді болған. Енді міне, жаңа мүмкіндік ашылып отыр.
Ел ішінде өз жұмысын бастаған, соныға соқпақ салған жаңа компанияның өнімдерін пайдаланушылар сапасы туралы әділ бағасын бере алады. Бұл арада баға да маңызды рөлге ие. Отандық өндірістің сүзгілері импорттық өнімдерден бірнеше есе арзан. Пайдаланушылар әртүрлі параметрді қажет етсе, қалаған көлемде жасап беруге әбден болады. Ал дайын өнімді жеткізу, оған кететін уақыт шығыны тіпті ұтымды. Таратып айтар болсақ, алыс-жақын шетелден дәл осы кәсіпорын шығаратын тәрізді өнімге тапсырыс берсеңіз, кемінде екі ай күту керек. Ал Бурабай баурайындағы серіктестік үш-төрт аптаның ішінде жеткізе алады. Қазіргі күні Қырғызстан, Өзбекстан тәрізді көрші мемлекеттер серіктестік өнімін ат-түйедей қалап алып жатыр.
Енді елге тигізер пайдасы туралы айта кетелік. Шағын кәсіпорында отыздан аса адам жұмыс істейді. Барлығы жергілікті тұрғындар. Орташа жалақы 180 мың теңге шамасында. Демек, серіктестік әзірге осынша отбасын асырап отыр деп айтуға болады. Алдағы уақытта Өзбекстанда өз өкілдіктерін ашпақ.
Өндіріс өрге басу үшін әлем тынысын, осы тараптағы бар жаңалықты жіті бақылап, таразыбасына тартып, бейнебір тамыршыдай тап басып отыру қажет екен. Ол үшін серіктестік қызметкерлері алыс-жақын шетелдерге жиі шығып, тәжірибе алмасып тұрады. Техникалық директордың өзі таяуда ғана осындай сапардан оралыпты. Испания, Италия, кейін Францияға барған. Технологиялық жаңалықтарды зерттеген. Өз кәсіпорындарында соңғы жаңалықтардың қайсысын енгізгені ұтымды болады? Міне, мәселенің мәнісі осы.
Алдағы уақытта жұмыс процесі толық автоматтандырылмақ. Цифрландыру міндеті де кезек күтіп тұр. Жаңа жабдық орнатылып, қол күшін қажет ететін жұмыс біршама азайғанымен, жұмысшыларды қысқарту қаупі жоқ. Себеп, әзірге төрт бағытта ғана сүзгі дайындаса, бұл өнімнің елуден астам түрі бар екен. Ізденімпаз жастар осы бағыттағы шаруаларын ширата түспек.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы