Астана қаласында әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айып тағылған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жүріп жатыр. Қоғамдық резонанс тудырған қайғылы жағдайға қатысты сот отырысы Жоғарғы соттың ресми әлеуметтік желілерінде тікелей эфирден көруге болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дәл қазір сот залында айыпталушы Қуандық Бишімбаев куәлік беріп жатыр. Оның айтуынша, 2023 жылдың 8-9 қарашасына дейін Бишімбаев пен Нүкенованың отбасылық өмірінде өте көп жайсыз жағдайлар болған. Оның көбісі марқұм әйелінің тұрмыс құрғанға дейінгі жеке өміріне байланысты.
«Мен оны бұрынғы, маған дейінгі өмірі үшін қызғанған жоқпын. Тек мен сол үшін қатты ұялдым. Маған уақыт беруін сұрадым, ары қарай өміріміз қалай болатынын, бірге бола аламыз ба, жоқ па, соны ойлануым керек болды. Сол үшін қарым-қатынасымызды уақытша тоқтата тұруымызды сұрадым. Мен оған өткеннің бәрін ұмытып, жаңа өмір бастауды да сұрадым. Сонда да әр 10 күн сайын ол өзінен өзі ашуланып, ұрыс-керіс шығара беретін», дейді әйелін өлтірді деген айып тағылған экс-министр.
Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат күйеуінің отбасынан 8 рет емес, 12 рет кетіп қалған. Оған да Нүкенованың тұрақсыз көңіл күйі мен агрессиясы себеп болған екен.