Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек екенін айта келіп: «Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқетерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек», деген болатын. Жалпы, бизнесті қорғау – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің басым бағыттарының бірі. Оның бір мысалы – жүйелі әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған «Бизнеске жол» жобасы.
Аталған жоба іске қосылған сәттен бастап Антикордың ұсынымдарымен 600-ден астам проблемалық кейс шешіліп, 30 мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілді. Жүйелі кедергілерді жоюға ерекше назар аударылып келеді. Олардың басым бөлігі жер қатынастары, салық салу, мемлекеттік сатып алу және инфрақұрылым нысандарына қосылу салаларында анықталып отыр.
Мысалы, Ақтөбе облысында «Aqtobe su-energy group» АҚ кәсіпкерлерден электр қондырғыларын бірлесіп пайдалануға шарт жасасуды талап еткен. Нәтижесінде, 45 кәсіпкер ай сайын аталған монополиске 50 мың теңгеден (жалпы сомасы 2,2 млн теңге) төлеуге міндетті болған. Соның есебінен ол өзінің электр желілерін жөндегісі келіпті. Талаптарды орындамаған жағдайда электр энергиясын беруді тоқтатуды көздеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұсынысымен бұл негізсіз міндеттемелер алынып тасталды.
Кей жағдайларда лауазымды адамдардың іс-әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылыққа әкеп соқтыратынын және қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралар қабылданатынын атап өткен жөн. Мәселен, агенттік бизнесті қорғау бойынша Астана қаласы МКД Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасы Аудит бөлімі басшысының қылмысын әшкереледі. Ол 36 млн теңге сомасында қосымша құн салығын қайтару бойынша оң шешім қабылдағаны үшін кәсіпкерден 3,6 млн теңге пара талап еткен. Бірақ қылмысты жүзеге асыру кезінде, яғни ақшаны алғаннан кейін ол ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Оның әрекеттеріне қорытынды бағаны сот береді.
Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар аясында «Қазтеміртранс» АҚ (Қазақстан темір жолының еншілес кәсіпорны) филиалдары басшыларының заңсыз баю мақсатындағы жемқорлық схемасын ашты. Олар жүк вагондарының тапшылығын пайдалана отырып, оларды кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып келіпті. Сот үкімімен «Қазтеміртранс» АҚ Ақмола және Қарағанды филиалдарының директорлары бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Бизнесті қорғау жұмыстары жалғасып жатыр.