Биыл 14-15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда маңызды іс-шаралар айқындалып, бүгінгі қоғамның саяси әлеуметтік түрлі мәселелері көтерілді.
Президент материалдық әрі рухани ысырапшылдық проблемасын: «Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз», деп атап өтті.
Тұтынушылық дүниетаным жекелеген адамға ғана емес, бүкіл жер шарына кері әсерін тигізетіні бағзыдан аян. Сондықтан жаһанда кез келген ресурсты саналы тұтыну маңызды құндылықтар жүйесіне кірістірілді. Егер біздің қоғамға бұл түсінік орнықпаса, түрлі экологиялық қауіп, табиғи өнімдердің тапшылығы, тіпті оның қалпына келмеуі, адамзаттың физикалық және психологиялық денсаулығы нашарлауы мүмкін. Демек отандастарымыз қажет заттарды ғана сатып алып, ресурстарды үнемді пайдалануға бейімделуге тиіс. Өйткені елдегі қазіргі экологиялық жағдай мәз емес. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің статистикалық деректерін байқасақ, орташа есеппен бір азаматқа жылына 400-500 кг қатты тұрмыстық қалдықтан (ҚТҚ) келеді. Бұл жылына 10 млн тоннаға жуық деген сөз. Ал республикада жыл сайын 4,5-5 млн тонна шамасында ҚТҚ жиналады. Ең сорақысы, 2020 жылдың үшінші тоқсанында қайта өңделген және кәдеге жаратылған ҚТҚ үлесі бар-жоғы 15,8 пайызды құрайды.
Бүгінде елде суды ысырап ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Елімізде жан басына шаққандағы суды күнделікті тұтыну – 3 499 литр. Салыстырмалы түрде Германияда – 855, Ұлыбританияда – 348 литр. Мәселен, Азия Даму банкінің деректерінде Қазақстан су тапшылығы бойынша тығырыққа тіреліп тұр делінген. Яғни Азия елдері арасында еліміз сегізінші орынға жайғасқан. Қазіргі таңда төрт өңірде: Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облысында су жеткіліксіз. Ал Маңғыстау облысында тіпті ауызсу тапшы.
Егер жеке адам туралы айтатын болсақ, қоғам өмірдің мәні қызметтер мен тауарларды тұтыну деп қарастырса, бұл парадигманың әсері экономикалық, физикалық, психологиялық және әлеуметтік салдарға әкеледі. Былтыр елде бөлшек саудада сатылған тауарлардың жалпы құны 19,23 трлн теңгені құрады. Көрсеткіш бір жыл бұрынғыға қарағанда 7,7%-ға жоғары. Бұл өсім 9 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Демек адамдар үшін жаңа гаджет, жаңа көлік, үлкен үй секілді дүниелерден ләззат алу дамудан гөрі маңыздырақ болған. Мәселен, не себепті жасөспірімдерге 14 худи, ал кішкентай қызға 40 барби қуыршағы керек? Сонда бұл балалардың тұтыну әдеттері ересек жаста қандай болады?
Тағы бір мәселе – бүгінде жаһандану дәуірінде сенде соңғы үлгідегі смартфон болмаса, ол вегетариан немесе ішімдік ішпейтін жанға қарағанда әлдеқайда трендтен қалып қойған адам секілді көрінеді. Сондай-ақ қазір бәрі интернетке кішкентай кезінен-ақ еркін қол жеткізе алады. Баланың не көріп жатқаны бақылаусыз, тасада қалып жатыр. Асылында оның салдары үлкен психологиялық мәселелерге әкелуі мүмкін.
Жалпы, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін адам өзінің бастапқы қажеттіліктерін қанағаттандырғаннан кейін ғана қолға алады. Бізде, өкінішке қарай, халықтың басым бөлігі әрең күн көріп жүр десем, артық айтпаймын. Тіпті олардың несие берешегінің артуы, әлеуметтік теңсіздіктің өсуі – елдің экономикалық ахуалының көрінісі. Мысалы, 2023 жылғы 1 желтоқсанда 7,8 млн адамның тұтынушылық кепілсіз қарыздары болған. Бұл – елдегі ересек топтың шамамен 60 пайызы. Несиелеу портфеліндегі 49 пайыз осы кепілсіз тұтынушылық қарыздарға тиесілі екен.
Саналы тұтыну келешектегі экологиялық мәселелердің алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Себебі экологияға ең көп зиян келтіретін ол – адам. Ал балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан оларды қазірден табиғатқа қамқор болуға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үйретсек, экологиялық мәдениеті де жоғары болады. Сәйкесінше, адам іс-әрекетінен пайда болатын экологиялық мәселелер де азаяды. Өйткені саналы тұтынуды қолдайтын, сауатты ұрпақ қалыптасады. Біз ұлттық, рухани тәрбие туралы көп айтамыз. Дәл солай экологиялық тәрбиеге де аса назар аударуымыз қажет. Өйткені экологиялық тәрбие – дүниенің бастауы.
Дарина ДАНЕНОВА,
Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы