Әлемдік мұнай нарығының дамуына сұраныстың өзгеруі, саяси қақтығыстар және инновациялық технологиялар секілді түрлі факторлар өз ықпалын тигізіп отыр. Бұл нарық қатысушыларына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа сын-қатерлер тудырып жатыр. АҚШ Энергетика министрлігінің (EIA) энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметі бойынша, жақын арада әлемде мұнайға деген сұраныс артады деп күтіледі. Нақтырақ айтқанда, биыл мұнайға әлемдік сұраныс тәулігіне 102,98 млн баррельді құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 млн-ға артық.
Мұнайға сұраныс бойынша Жапония көшбасшылықты жалғастырады, өйткені елдегі мұнай-химия секторының ұлғая түсуі мұнайды тұтыну үлесін арттыра бермек. Сондай-ақ импорттаушылардың көш басында Үндістан тұр. Bloomberg дерегі бойынша, Үндістанның Резервтік банкі елдің ең ірі мемлекеттік мұнай өңдеу компанияларына парсы шығанағы жеткізушілеріне келесі қаржы жылында мұнай төлемдерінің кем дегенде 10%-ын рупиймен қабылдауын талап етуді сұрады. Үндістан энергияға деген сұраныстың артуы рупийдің әлсіреуіне әкеледі деп алаңдайды. Алайда мұнай жеткізушілері Indian Oil Corp., Bharat Petroleum Corp. және Hindustan Petroleum Corp компанияларының өтініштерінен бас тартқан. Орталық банк үндістандық компаниялардан валюталық операциялар бойынша шығындардың бір бөлігін алуды сұраған, бірақ бұл маржаның төмендеуіне әкелген. Бүгінде Үндістан әлемдегі шикі мұнайдың ең ірі импорттаушысы болып саналады және әлемдік тұтынудың жетекші қозғаушы күші деп болжанады.
Жаһандық мұнай сату мәмілелерінің басым көпшілігі АҚШ долларымен жүзеге асырылады. Тек Қытай ғана Ресей мұнайын жеткізу арқылы импортқа ақы төлеу үшін юаньды пайдалануға қол жеткізді. Сонымен қатар өткен жылдың тамыз айында Indian Oil компаниясы Abu Dhabi National Oil Co компаниясына 1 миллион баррель шикі мұнайды жеткізу үшін ішінара рупиймен төлеген. Алайда содан бері бұл валютада ешқандай операциялар жүргізілген жоқ. Бірқатар ресейлік БАҚ көздері санкциялар енгізілгеннен кейін Ресей мұнай экспортының көп бөлігін Еуропалық нарықтан Үндістан мен Қытайға бағыттағанын хабарлаған болатын.
Халықаралық энергетика агенттігінің есебі бойынша, биыл АҚШ, Бразилия, Гайана және Канада елдерінен рекордтық көрсеткіш күтіліп отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, биыл әлемдік мұнай жеткізілімдері тәулігіне 1,5 миллион баррельге артып, ұсыныс сұраныстың өсуін басып озуы керек. Дегенмен ОПЕК+ жеткізуді басқару саясаты жыл басында мұнай нарығына аздап тапшылыққа әкелуі мүмкін. Әйтсе де, ОПЕК + жеткізілімдері былтырғы жылмен салыстырғанда тұрақты болып қалады деп күтіледі.
Әлемдік мұнай қоры өткен жылдың қарашасы мен алдыңғы жылдың шілдесінен бастап 8,4 миллион баррель минимумға дейін төмендеген. Әсіресе мұнай мен орташа дистилляттардың жетіспеушілігі ерекше сезілген. Танкерлер бортындағы мұнай қоры 12 миллион баррельге қысқарып, құрлықтағы қорлар 3,6 миллион баррельге өскен. Мұнай өнімдерінің қоры 24,6 млн баррельге азайса, мұнай 16,2 миллион баррельге ұлғайып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, жақын келешектегі ахуалдың қалай болары АҚШ пен Қытайдың отынға деген сұранысына тікелей байланысты. Бұл елдердегі экономикалық өсудің баяулауы сұранысты, демек, мұнай бағасын төмендетуі мүмкін.
Былтыр ОПЕК+ елдері бұрын бекітілген квоталарды сақтап, өндірістің қысқартуын жалғастырды.
2016-2022 жылдар аралығында Қазақстанда мұнай өндіру 8%-дан аса ұлғайған. Қазақстан әрқашан ОПЕК+ бастамаларын қолдап отырады. Еліміз осы жылдың екінші тоқсанына өндірісті күніне 82 мың баррельге қосымша ерікті қысқартуды ұзартады. Осылайша, маусым айының соңына дейін елдегі мұнай өндіру тәулігіне 1,468 млн баррельді құрауға тиіс.