Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты зардап шеккен қыздың анасына айыппұл салды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сот бейнебақылау камерасынан алынған кадрларды зерделей келе, қыздың баланы қорлап, арандатқаны туралы қорытындыға келді.
Сот үкімінен белгілі болғандай, сол күні алтыншы сынып оқушысы физика сабағына бара жатқанда, оны жетінші сынып оқушысы мен оның досы дәлізде күтіп алған. Жасөспірім қыз оның сыртқы түрі, киген киімдері туралы кемсітетін сөздер айтқан, сонымен қатар рюкзактан сусын бөтелкесін алып қойған.
Қыздың анасы атап өткендей, алтыншы сынып оқушысы өзін әдепсіз ұстап, қызына әдепсіз қимылдар көрсеткен, сол себепті ол оның үстінен мұғалімге шағымданған.
Бір қызығы, мектептегі қақтығысқа қатысушылардың екеуі де оң бағытта сипатталады, бірақ мұғалімдер ұл баланы «кейде импульсивті» және тым сезімтал деп санайды.
Нәтижесінде сот қыздың әрекеті ұсақ бұзақылыққа жатады деген қорытындыға келді. Анасы қызын тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 51 688 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде Павлодар облысында аудан әкімінің ұлы оқушы қызды соққыға жыққаны туралы ақпарат пайда болған еді.
«Шынымен де, мұндай факт болған. Барлығына айтқым келеді, біз әлеуметтік желілерде пайда болған әрбір жағдайды мұқият тексеріп, тиісті мемлекеттік органдарға міндетті түрде хабарлаймыз. Осы факті бойынша тергеу жүріп жатыр, соған сәйкес тиісті шаралар қабылданады», деді вице-министр Еділ Оспан.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина өз кезегінде баланың ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жиын өткізілгенін айтты.