Кейінгі жауапты жарыстардағы сәтсіздіктер Қазақстан бокс федерациясының (ҚБФ) басшылары мен осы спорттың басы-қасында жүрген азаматтарға біраз ой салғанға ұқсайды. Бұл жағдай сын садағына жиі іліккен әйелдер құрамасының бас бапкері Шәміл Сафиуллинге 23 мамыр мен 5 маусым аралығында Таиландтың астанасы Бангкокта өтетін соңғы лицензиялық турнир қарсаңында еліміздің беткеұстар былғары қолғап шеберлерінің басын қосып, спарринг өткізуіне түрткі болды. Солардың ішінен үздік деп танылғандар Олимпия ойындарының жолдамасы үшін таласады.
Жоғарыдағы әңгіменің 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген бұрымдыларға еш қатысы жоқ. Өйткені бұл салмақтың үздігі әлдеқашан анықталып қойған. Тарқатып айтсақ, былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында алауы тұтанған жазғы Азия ойындарында Карина Ибрагимова күміс медальды мойнына іліп, Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Биыл наурыз айының басында Италияның Бусто-Арсицио қаласындағы іріктеу сынында бес боксшы бақ сынаған еді. Өкінішке қарай, жерлестеріміздің барлығы да аталған жарыста жеңілістің кермек дәмін татып, елге құралақан оралды.
Жалпы, еліміздің әйелдер боксы жөнінде жағымсыз әңгімелер бұған дейін де жиі айтылып жүрген. Апеннин түбегіндегі сәтсіздіктен кейін алып-қашпа сөздер, тіптен өрши түсті. Бұл әңгіменің барлығы да «Төрешілер бұра тартудан арланбайды. Жеңіп тұрсаң да, жеңісті бермейді», «Ұлттық құрама бапкерлері маңызды бәсекелерге өздерінің төл шәкірттері мен көңілі түскен былғары қолғап шеберлерін ғана апарады, басқаларымыз тасада қалып қоямыз», «Әділдік талап етсең, басың пәлеге қалады. Ондай жағдайда не жарыстан шеттетеді, не командадан қуыласың» дегенге саяды. Ал ол аз десеңіздер, танымал боксшы Ангелина Лукас «Құрама сапындағы кейбір қыздар мүлдем режім сақтамайды. Оқу-жаттығу жиыны кезінде олар тығылып қорқор шегеді, ішімдік ішеді», деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Шыны керек, біз бұл әңгімелердің қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін білмейміз. Бірақ бір білетініміз, бүгінде еліміздің әйелдер боксы қатты құлдыраған. Алысқа бармай-ақ, былтырғы Азия ойындары мен таяуда ғана өткен лицензиялық турнирдің нәтижесіне зер салсақ, көп нәрсеге көз жеткіземіз.
Шегінерге жол қалмағаннан соң, ұлттық кұраманың бас бапкері Шәміл Сафиуллин ҚБФ басшыларымен ақылдаса отырып, 8-10 сәуір аралығында Астанада спарринг өткізуді жөн көрді. Осы сынаққа шақырту алғандар арасында Ангелина Лукас пен Балауса Мұздиман да бар. Кезінде олар ұлттық құрама сапында табысты өнер көрсетті. Бірақ есімдері аталған бұрымдылардың байрақты бәсекелерге қатысқан кездері тым сирек. Олар үнемі тасада қалып жүрді. Төзімі таусылғаннан кейін қос ару кәсіпқой рингте жұдырықтасуды құп көрді. Әзірге екеуінің де «шабысы» ширақ. Лукас пен Мұздиман өрелі өнерімен жанкүйерлерін қуантып жүр. Осы жайттың барлығын ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салғаннан кейін бапкерлер оларға тағы бір мүмкіндік берді. Өйткені сенім артқан спортшылар сын сағатта сүрініп жүр. Оларды алмастыратын жалынды жастар жоқтың қасы. Сөйтіп, 54 кг салмақтағылардың спаррингінде Ангелина пен Балаусадан бөлек, Жайна Шекербекова, Әнел Сақыш, Элина Базарова, Ұлжан Сәрсенбек, Сымбат Әлиасқар сынды спортшылар бақ сынайды.
50 кг салмақта екі үміткер бар. Олар – Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова. Екеуі де – тәжірибелері әбден толысқан, атақтары алысқа жайылған сақа спортшылар. Атап айтсақ, Назым – әлемнің екі дүркін чемпионы, құрлық біріншілігінің жеңімпазы. Алуа да Азияда алдына жан салмай, дүниежүзілік додада екі рет жүлдегерлер қатарына қосылды. 66 кг салмақ дәрежесінде Дариға Шәкімова, Наталья Богданова, Лаура Есенкелді, Жасмин Қизатова күш сынасады. 75 кг салмақта Гүлсая Ержанова, Валентина Хальзова, Жібек Жарасқызы шеберлік байқасады. Солардың арасынан суырылып шыққандары Бангкоктағы лицензиялық турнирге қатысады. Ал Тай елінде бағы жанған боксшылар Париж Олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.
Осы орайда Астанада күш сынасатындар тізімінде 60 кг салмақтағы боксшылардың жоқ екенін де айта кетуге тиіспіз. Себебі Италиядағы жарыста жолдамаға қолсозым қалғанда сүрінген Римма Волосенконың жарақаты бар. Қазір ол соның әлегімен жүр. Елішілік жарыстарда оған Виктория Графеева ғана қарсылық көрсете алады. Бірақ бапкерлердің пайымдауынша, Римманың шеберлік деңгейі Викториядан едәуір жоғары. Сол себепті бұл салмақта спарринг өтпейді. Ал Бангкокқа кімнің баратыны оқу-жаттығу жиыны барысында анықталады.