Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
2024 жылдың 1 сәуірінде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталғандардың бұрынғы әріптестерінің қатысуымен Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Е. Тіленшинге, осы әкімдіктің бас маманы А. Балқыбековке, сондай-ақ мердігер ұйымның өкілі А. Манатқа қатысты үкім жариялады.
Аталған адамдарға тиісінше 11, 10 және 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Олар алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында мегаполисті абаттандыру жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт шеңберінде, сондай-ақ зираттарды күтіп ұстауға бөлінген 28 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қамқоршылық жасағаны үшін кәсіпкерден 60 млн теңге мөлшерінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сондай-ақ сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.