• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Сәуір, 2024

Ақтөбедегі ана мен бала өлімі: Сот ешкімді жазалаған жоқ

146 рет
көрсетілді

Ақтөбеде әйел мен оның ұлының өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында пәтерге заңсыз кіріп үйді тонаған, сонымен қатар  екі адамды өлтіріп, кішкентай қызды өлтіруге оқталды деген айып тағылған марқұмға қатысты (192-бабының 3-бөлігі, 4-тармағы, 99-бабының 2-бөлігі, 1,14-тармақтары, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 3-бөлігі) іс қаралды.  

Сотта анықталғандай, сотталушы Е. 2023 жылғы 28 наурызда түнде мас күйінде велосипедпен үйлердің бірінің жанынан өтіп бара жатып, екінші қабаттағы пәтердің балконының ашық тұрған есігін байқаған.

«Сотталушы газ құбыры арқылы пәтерді тонау мақсатында екінші қабаттағы үйге кірген, бірақ ақша мен бағалы заттарды таппаған. Пәтер иесі сыбдырдан оянған кезде қылмыскер оны бірнеше рет денесінің әр жерінен пышақтап кеткен. Кейін анасының айқайынан оянған ұлын да пышақтаған.  Алған жарақаттарының салдарынан анасы мен ұлы оқиға орнында қайтыс болды.

Осы кезде балалар бөлмесінде ұйықтап жатқан кішкентай қыз дыбыстардан оянып, жерде жатқан ағасының мәйітін және қылмыскерді көреді. Е. атты сотталушы кішкентай қызды көріп, үйде тағы біреу бар ма деп сұрайды. Кейін қызды екі қолымен тұншықтырып, мойнына бірнеше рет пышақпен соққы жасайды. Сол сәтте қыз есінен танып қалады. Е., оның бойында тіршілік белгілерінің жоқтығына көз жеткізіп, қызды өлді деп ойлап, оқиға орнынан бой тасалаған», деп сотта аса ауыр қылмыстың жай-жапсары айтылды.

Ал қосарланған кісі өлтірді деген күдікті ұсталған соң қамауға алынған тергеу изоляторында қайтыс болған.

Қорғаушы тарап соттан айыпталушының кінәсі іс материалдарымен дәлелденбегендіктен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру заң бұзушылықтармен жүргізілгендіктен ақтаушы негіздер бойынша істі тоқтатуды сұрады.

«Прокурор айыптауды қолдап, соттан марқұм Е.-ны жаза тағайындамай, кінәлі деп тануын сұрады. Е.-нің кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен, оның ішінде Е.-нің өзінің кінәсін мойындау туралы айғақтарымен, оқиға орнында көшедегі бейнебақылау камераларының жазбалары, базалық станциядағы абоненттік нөмірлердің талдауы, сараптамалық зерттеулер, тірі қалған жас қыздың айғақтары тексеру және нақтылаумен дәлелденді. Сот үкімімен марқұм Е., жаза тағайындалмай, қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», деп хабарлады Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар сот Ақтөбе облысының ІІБ бастығы мен прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жіберілген заң бұзушылықтар бойынша жеке қаулы шығарды.