• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Сәуір, 2024

Елдегі су тасқыны: әскери ұшқыштар 1 851 адамды эвакуациялады

187 рет
көрсетілді

Су тасқыны басталғаннан бері ел өңірлерінде армия бөлімшелері жергілікті тұрғындарды құтқаруға, ТЖМ және жергілікті атқарушы биліктің құтқару қызметтеріне көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.

Әуе қорғанысы күштері мен ұшқыштар даярлайтын әскери жоғары оқу орнының экипаждары жаппай су басқан Ақтөбе өңірінің елді мекендері мен қыстақтарынан ауыл тұрғындарын эвакуациялауды жалғастырып жатыр. 

Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданының Нұра, Мыңбаев, Егінді ауылдарында су тасқынына қарсы шараларға «Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775, 44803, 55524 әскери бөлімдерінің 144 әскери қызметшісі қосылды. 8 бірлік арнайы автокөлік техникасы бөлінді. Жеке құрам Сұрыптау станциясы маңындағы су қоймасының және Нұра өзенінің бойында орналасқан ауылдардың айналасына құм салынған қапшықтарды төсеп, үйінді жасап жатыр.

Ақмола облысының Ақкөл қаласында 55209 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 1000 метрге жуық ағын су кәрізін тазартты.   

27 наурыздан 1 сәуірге дейін әскери ұшқыштар барлығы 1851 адамды эвакуациялады, оның 557-сі бала, 30 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді. 

Одан өзге 17 мыңға жуық қапшық дайындалып, төселді. 200 тонна құм жеткізу үшін  машиналар 97 рейс жасады. 1400 метрге жуық ағын су кәрізі тазартылды.

Су тасқынына қарсы шаралар әлі жалғасып жатыр. Қарулы күштердің күш-құралдары жергілікті халыққа көмек көрсету жөніндегі міндеттерді орындауға қашанда дайын екені мәлім болды.