• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2010

ҰЛЫ ЖОЛ ҮЙІҢНІҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫНАН БАСТАЛАДЫ

1176 рет
көрсетілді

Аталарымыздың “Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады” деуі тегін емес. Барша қазақстандықтар үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  негіз­деген “Қазақстандық жолдың” етене болуы да сондықтан шығар. Се­бебі, Нұрсұлтан Әбішұлы біздің сара да дара жолымызды айқындағанда ондағы әрбір қағидаттың, әрбір міндеттің әр қазақстандыққа тиімді де пайдалы болу жағын қарастырған. Сондықтан да “Қазақстандық жол” біздің әрқай­сы­мыздың мақтаны­шы­мызға айналып, ондағы міндеттерді іске асыруды парыз санаймыз. Иә, туған жерге деген сүйіс­пеншілік Отанға деген ұлы сүйіс­пеншілікке ұласатыны анық. Туған жеріңді сүймей, еліңді, Отаныңды сүйе алмайсың. Осындайда Елбасымыздың “Өз халқын сүйген адам ғана оның тағдыры үшін күйе алады” деген сөзі ойға оралады. Мен үшін Елбасы мен ел егіз ұғым секілді. Екеуін бөле-жара қарауға әсте болмайды деп айтар едім. Елбасы деген қасиетті ұғым. Ел көшінің іл­ге­рілеуі мен еңсесінің биік, мәр­те­бесінің ұлық болуы  әркез сол көшті бас­тайтын адамның жасайтын қадамына бай­ланысты болады. Сондықтан еліңнің тағдыры Елбасына қатысты. Қостанай-Торғай өңіріне белгілі ұлағатты ұстаз Едірес  Әлімов ке­зінде10 сыныпта оқып жүрген Нұр­сұл­тан Назарбаевқа сабақ береді. Ол кезде Едірес ағамыз С.М.Киров атындағы Қа­зақ мемлекеттік университеті фи­лология факультетінің студенті екен. Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Абай атындағы қазақ орта мектебіне өндірістік тәжірибеден өтуге келеді. Нұрсұлтан мен оның  сыныптас жол­дастарына қазақ әдебиетінен дәріс оқиды. Ерекше әсерлі өткен бір сабақтың тақырыбы Ғабит Мүсіре­повтің “Амангелді” пьесасы еді. Тор­ғайдың төл тумасы студент Едіресің сонда кең көсілген. Оқушы Нұр­сұл­танның жас ұстаздың әр сөзін мұқият тыңдап, қызығушылық танытқаны есінде. Кейін оқушылардың өздеріне сұрақ қойғанда толымды да тиянақты жауап берген де осы Нұрсұлтан еді. Едірес ағамыз өміріндегі осы бір есте қалған сәттерді жиі айтып отыра­тын. Әсіресе, жастармен кездескенде бүгінгі Елбасының шәкірттік шағын әңгімелеуден жалықпайтын. Кейін Нұрсұлтан Әбішұлының өзіне жазған хатын да қастерлеп сақтап жүрді. – Көзінің оты бар, тереңнен ойлайтын, ойын дәл де тиянақты жеткізетін, зерделі жас еді, – деп сол бір шақты еске алғанын өзіміздің де естігеніміз бар. – Ауылда өскен, ауылда оқыған, кейін Теміртау сияқты алып өндірісте шыңдалған, комсомол, партия органдарында қызмет істеп, адамдармен жұмыста тәжірибе жинақ­таған Елбасының бүкіл болмысынан оның ізгілігі мен мейірімі менмұндалап тұратын. Әйтпесе, бұдан елу жыл бұрын бір көрген студент ағасына ерекше бір ілтипатпен хат жазып, тілектестік көңілін білдіре ме?! Бүкіл әлем таныған қайраткердің осынау кішіпейілдігі өзімді ерекше тәнті етті, – деп Затоболдағы Н.Наушабаев атындағы қазақ орта мектебінде оқушылармен кездескенде ағынан жарылып еді ұстаз. Нұрекеңнің мына бір сөзін ұмы­туға хақым жоқ: “Тамағыңды тауып жерлік кәсіп, одан да тәуір қызмет жо­лығар. Бірақ, ол қара орманның, өскен еліңнің ортасында жүріп ішкен бір жұтым қара суға қайдан татысын?!” Елбасының қашанда елін ойлап, қабырғасы қайысатынының куәсі болып жүрміз. Ел мұңын ойлаған жан ғана ішкі дүниесінің толғаныстарын ақ қағазға түсіріп сырласады. Сол қасиет  Нұрсұлтан Әбішұлының бойында бар. “Өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер”  деп қалай дәл ай­тыл­ған десеңізші. 1995 жылғы 29 қыр­күйекте Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен мені Қостанай облыс­ының әкімі етіп тағайындады. Елбасы осы өңірдің  түлегі ретінде маған ерекше жауапкершілік жүктеді. Өйт­кені, Қазақ елінің киелі өңірі – жері де, елі де бай облыстың эко­номикасы мен әлеуметтік сала­сының өркендеуі бүкіл Қазақстанның алға басуына, тәуел­сіздіктің нығаюына қосылар үлес еді. Оны мен де жақсы түсіндім. Бірақ бұл кезең бұрынғы экономикалық байланыстардың үзіліп, жаңа жүйе қалыптаспаған, Тәуелсіз еліміздің енді ғана аяғынан тұрып жатқан ерекше бір қиын шағы еді. Өндіріс тоқтаған, ауыл шаруа­шы­лығ­ынан береке кеткен, жұмысшылар да, бюджеттік мекеме қызметкерлері де еңбекақысын ала алмай, зейнеткерлер де тарыққан қысылтаяң кез еді. Соны шешімдер қабылдауға, ішкі мүмкін­діктер мен резервтерді тереңірек іздестіруге, облыс халқына рухани дем беруге тура келді. Әсіресе, Елбасының Қостанайға әр келген сапары ұмытылмастай әсер қалдыратын. Халықпен кездесуі, айтқан әңгімесі маған шын мәнінде үлкен ой салатын, жүрегіме тоқып алушы едім. Әр кездескен сайын Нұрсұлтан Әбішұлының бойындағы қабілетке, ерекше қасиетке тәнті болып, үйрене түстім. Біздерге қойған басты талабы – халықтың жағдайын жасау. Ол тұста басты мәселе жекешелендіруді, мемлекет иелігінен алуды барынша тез жүргізу, орта және шағын кәсіпкерлікті жедел дамыту еді. Бірде Нұрсұлтан Әбішұлы “Баян сұлу” акционерлік қоғамында болған кәсіпкерлермен кездесуде “Кәсіп­кер­лікті дамыту халыққа да, мемлекетке де бірдей тиімді, оны облыс әкімі қазір терең түсінеді, менің оған көзім жетті”, – деп ерекше атап көрсетті. Қолдау көрсетіп, жұртшылықтың алдында осылай жоғары баға берді, оңашада ақыл-кеңесін айтты. Нұрекең төңірегін нұрландырып, жан-жағына шуақ шашып жүретін қайталанбас тұлға ғой. Елбасы 1997 жылы Қостанайға келгенде Федоров ауданында болып, осын­да ауылшаруашылық құры­лымдарының басшыларымен жүздесті. Сол кезде облыста “Джон Дир” ком­байнына ерекше ден қойған едік. Елбасы сол “дала кемесін” көріп, кабинасына көтеріліп, комбайншымен тілдесті. Осындай 200 алып техниканы сатып алатынымызды айтқанмын. Өнімділігі үйреншікті “Енисейлерден” 3-4 есе артық, астық ысырабын 10 есе азайтатын, жағар-жанармайды 2 есе аз жұмсайтын дала кемесі Қостанай диқандарының қолын ұзартты. Жылма-жыл мол егінді қысқа мер­зім­де, ысырапсыз жинап алатын болсақ, соның негізі сол бір қиын шақта қаланған еді. Сол жылы Нұрекең сапарының нәтижесін қорытындылай келіп, Қостанай облы­сында эконо­микалық реформалардың ойдағыдай өтіп жатқанына ризашылығын білдірді. Елбасы Қостанайға келген бір сапарында қалада “Апогей-Банктің” жаңа ғимаратының ашылу салтанаты болды. Адам көп жиналды. Мұндай салтанаттарда болатын рәсімдер өтіп болған сәтте орыстың бір егде тартқан әйелі Елбасына жақындап келіп: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен мына үйде тұрамын. Шаңырағыма кіріп, дәм ауыз тиіңіз, – деп қолқа салды. – Несі бар, бастаңыз үйіңізге, – деді Елбасы ойламаған жерден. Мен алдын ала жоспарланбаған бұл іске ыңғайсызданып қалдым. – Тоқтарбай, сен қысылма, зейнеткерлеріміздің қалай тұратынын көріп шығайық, – деді Нұрекең. Үйдің іші тап-таза, әрбір зат өз орнын тауып, үйлесімді жиналған. Үй иесі жаңа ғана піскен бәлішті алып шықты: – Дәм татыңыз, құрметті Нұр­сұлтан Әбішұлы, Құдайым Сізге ден­­сау­лық, ұзақ ғұмыр берсін, Қазақ­ста­нымыз гүлденсін! – деді әлгі кейуана. Нұрекең құстың ұясындай жып-жылы пәтерді, ондағы берекелі тір­шілікті көріп, риза болды. Шығып келе жатқанда есік алдында қазақтың бір қариясы: – Нұрсұлтан балам, енді біздің үйге бас сұға кет, дәм тат, – деп өті­ніш айтты. Нұрекең әдемі бір жымиды да: – Бастаңыз онда, ақсақал, – деді. Бұл пәтер де кірсе шыққысыз екен. – Жеңгей қайда? – деді Президент. Ақсақал  әйелінің өткен жылы дү­ние салғанын айтты. Елбасы үй иесіне қазақы дәстүрмен көңіл айтып, арғы жағын әзілге бұрды: – Байқап отырмын, тұғырдан түсіп тұрған жоқсыз, үйленбейсіз бе, ағасы? – деді. – Балалар өсті,  келіндер бар... – дей бастап еді, Елбасы сөзді бөліп: – Балаларға мен айтайын, тең-теңімен деген емес пе? – деп күлді. Ақсақалдың үйінен де Нұрекең ерекше көңілді шықты. Халықтың тұрмысы жақсара бастағанын, көңіл-күйлерінің көтеріңкі екенін сезді. Бұл Елбасының қарапайым­дығының, үнемі халықпен бірге, сол халық мүддесімен тыныстайтын­дығының көрінісі болса керек. Осы арада өзім куәсі болған  тағы бір мысал келтіре кетейін. Ол туралы  Қоста­найдағы Ахмет Байтұрсынов  атындағы университеттің бастауында тұрған академик Зұлқарнай Алдамжар өзінің “Тарих: пайым мен тағылым” атты кітабында былай деп жазды: “1991 жылдың күз айында Қостанай облысына Президентіміз Н.Ә.Назар­баев жұмыс сапарымен келіп, ел аралады. Қашанғыдай, Елбасын қарсы алып, жол бастаған облыстық кеңес төрағасы Н.Князев біздің университет құру ұмтылысы­мыздың тонын айналдырып, басбұзар берекесіз топ ретінде мықтап жаман­даған. Сол себептен Алматыға қайтар алдында облыс азаматтарымен өткізген кеңесте Президент менің атыма қатты сын айтып, университет құрам деп облыста дау-дамай көтергенім үшін, екі бірдей ғимаратты тартып алмақ болған жауапсыздық берекесіздігім үшін тәртіпке шақыруды жергілікті басшылықтан талап етті. Президенттің бұл сөзіне президиумда отырған Н.Князев және бірлі-екілі басшы қол соғып, мәз-мейрам болды да қалды. Енді жағдай күрт мүшкілдеп кетті. Университет көзден бұл-бұл ұшпақ, институт ұжымы қыспаққа алынады, ал менің қуғынға түсуім сөзсіз. Не амал бар, шешу түйіні қайда деп ауыр ойға тереңдей бердім. Жағдайды түсіндіруге сөз сұрасам, одан ешнәрсе шықпайды. Не де болса Президентпен тікелей сөйлесіп қалуым керек. Президиумнан түсетін баспалдақтар залға төмендейді де, содан бұрылып ауыз бөлмеге кетеді. Жиналыс жабылған бойда Президент ширақ басып баспалдаққа бет алды. Сол кезде мен де Президентке қарай жүрдім, бірақ араға бір топ адам килігіп те үлгерді. Дегенмен әлі де баспалдақтан түсіп үлгермеген Прези­дентке алдымдағы адамдардың иықтарынан асыра қолымды созып, даусымды көтеріңкірей: “Ассалаумағалейкүм, құрметті Нұреке, мен жаңағы өзіңіз сынаған пединституттың ректоры Алдамжаровпын”, – дедім. Нұрекең де қолын соза менің қолымды алып: “Мен, Зәке, сізді білем ғой,” – деді. Енді арада кісі жоқ, олар ығысқан, Нұрекең баспалдақта тұр. Мен іле-шала: “Нұреке, Қостанайдың хал-ахуалын жете білесіз ғой, жаңағы сөзіңізден кейін қазақ жастарының университет бола ма деген үмітіне балта шабылды, ал біздің бар үміт-талайымыз Сізде, Нұреке”, – дедім. Президентке ойымды мұндай түрде айтайын деп ойланбаған да едім, бірақ осы бір сөздер менің жанайқайым сияқты, аузымнан қалай шыққанын білмей­мін. Нұрекең өткір көзін жалт еткізіп, маған қадала карады. Сол сәтте Князевтің бізді орынсыз жаман­дағанын біле қойғандай болып көрінді маған. Жүзіне жылы шырай жүгіріп: “Жақсы, университет болсын”, – деді. Сол сәтте айналада тұрған екі-үш қазақ ақсақалдары, жиналып қалған адамдар Нұрекеңе алғысын айта бастады. Бұл жерде менің ерекше атап айтарым, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының ой ұшқыр­лығы, ақ пен қараны қас қағым сәтте-ақ пайымдап, жедел де батыл шешім қабылдау қабілеттілігі, ұлтымыздың жас ұрпағының бола­шағы үшін оқыту, білім беру, оның мәдени, рухани болмысы үшін қандай да болсын қамқорлығын шектемейтіндігі, болашаққа сара жол сілтей білуі. Ал мұндай қасиеттілік, дарындылық тек ұлы адамға ғана тән. Жоғары лауазымды қызмет атқарып жүргенде кейбіреулер Елбасының атына шаң жұқтырмай, оны көкке көтереді. Ал қызметтен түскен бойда ер-тоқымын бауырына алып, тулай жөнеледі. Оппозициялық топқа қосылып, қайдағыны кө­лей­теді. Сөзінің, пікірінің, ойының іліп алар дәні болса бір сәрі, тырнақ астынан кір іздеп, қисыны жоқ қиқарлық танытады. Әрине, кем­шіліксіз қоғам болмайды. Елбасының өзі де сол кемшіліктерді атап көрсетіп, соны жою жолында жанқиярлық жұмыс жасап жүргенін олар білсе де білгісі келмейді. Мәңгілік ешкім де, ештеңе де жоқ. “Мәңгілік дегеніміз – қарға жазылған жазу сияқты”, – деп біздің даңқты жерлесіміз, мемлекет және көрнекті қоғам қайраткері, асқан гуманист және патриот Ілияс Омаров ағамыз біліп айтқан. Дегенмен, қызметтен кеттім деп Елбасына өкпе арту парасаттылықтың белгісі емес. Заман талабы солай. Бұл дүние­жүзілік үрдіс, дамудың заңдылығы. Мұны кейбір ағайын­дарымыздың түсінбеуі өкі­нішті-ақ. Өз басым әкімдіктен кейінгі еңбек жолымда да Елбасының сенімді көмекшілерінің бірі болып қалуға тырыстым. Атам қазақ “біреу басшы, қалғаны қосшы болу керек” деп тегін айтпаса керек. Бүкілхалықтық сайлауда халықтың бәрінің дерлік (91%) даусын алған Көшбасшымызға көлденең сөз айту бүкіл биліктің бастауы – халықтың өзіне қарсы дау айту екенін ұғынуымыз керек. Осындайда ұлы Абай атамыздың “Бас-басына би болған өңшең қиқым, мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын”  деген дана сөзі еріксіз ойға оралады. Тағдырымыз талқыға түскен тарихи шақта ел билігін Нұрсұлтан Назарбаев сынды реформатор-қайраткердің ұстағаны сол халықтың бағы, оны бүгін бүкіл ел біледі, оны бүгін бүкіл әлем біледі, оны өмірдің өзі дәлелдеді. Халық үшін туған ұл сол халықтың тарихындағы бетбұрыс кезеңінде тізгінді ұстағаны тағдырдың қазақ халқына берген ұлы сыйы, тәңірінің қолдауы деп білемін. Айналасы он жеті-он сегіз жыл ішінде Қазақ елін бүкіл әлем таныды, Қазақстан ғасырларға бергісіз жолдан өтті, бүгінде әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарында болуды мақсат етіп, өркенді істерге ұйытқы болуда. Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымын басқару құрметіне ие болуы – Қазақстанның жеңісі, Елбасы ісінің жемісі дер едім. Әлі есімде, 1997 жылы елімізде “Қазақстан-2030” Стратегиясы қ­а­был­данып, жарияланғанда кейбір әріптестеріміздің оған күмәнмен қарағаны, онда алға қойылған міндеттердің орындалуына шүбә келтіргені жасырын емес. Ал ел өмірінде ерекше маңызды орын алған бұл құжатта Қазақ елінің басты мақсаттары мен басымдықтары тайға таңба басқандай анық көрініс тапқан еді. Бүгінде өткен жолымызға мұқият көз салсақ, алғашқы онжылдыққа белгіленген белестердің ойдағыдай алынғанын көреміз. 2008 жылға дейін республикада ішкі жалпы өнім көлемі екі есе өсті, мемлекет өзіне алған әлеуметтік міндеттемелерді ойда­ғыдай жүзеге асырды. Содан бері айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақы мөлшері 3 есеге өсті. Табысы өмір сүру деңгейінен аз тұрғындар саны 4 есе азайған екен. Дүниежүзілік қаржылық дағдарыс ұсынықты адамды көп жәйтке үйретті деп ойлаймын. Бұрын біз нарық бәрін өзі реттейді деп келдік. Шындығында мүлдем олай емес екен. Керек кезінде мемлекет оған тікелей араласып, өзі бастамашы болмаса, дағдарыс дендей түсетінін көріп отырмыз. Ал біздің елде дәл дер кезінде Елбасының бастамасымен қолданылған пәрменді шаралар арқасында халық дағдарыс салдарын бәлендей сезген де жоқ. Оны біз депутат ретінде жер-жерде болып, сайлаушылармен кездескенде де анық аңғарып жүрміз. Осы дүлей дағдарыстың шығу себебін, оны еңсеру жолдарын ғы­лыми негіздеп, жалғанның жалпағына жария еткен де біздің Елбасы. Оның осы тақырыпқа жазған мақалалары мен берген сұхбаттары бүкіл әлем саясаткерлері мен экономистерін елең еткізді. Олардың қай-қайсысы болсын  Н.Назарбаев негіздеген “Қазақ­стан­дық жолды” мойындады, оған қолдау білдірді. Түсіне білген жанға осының бәрі Нұрекеңнің көрегендігінің, текті­лігінің арқасы. Елін ойлаған жанның жүрегінде жыр тұнатынын тұлғалық бейнесімен дәлелдей білді және дәлелдеп келеді. Елбасы салған, әрбір қазақ­стан­дық өз үйінің табал­ды­рығынан бас­талатын ұлы жол ретінде қабыл­даған сара жол қазақтың дара жолына ай­налып келеді. Мен осыған қуанамын. Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.