Францияның Тье қаласында көркем гимнасшылардың Гран-при турнирінде Айбота Ертайқызы олжаға кенелді. Ол «шығыршық» пен «таспада» күміс медаль еншілесе, «доп» жаттығуында қолаға қол созды.
11-20 сәуір аралығында Рио-де-Жанейрода нысана көздеуден Әлем кубогінің жалауы желбірейді. Олимпиада лицензиялары сарапқа салынатын жарыста Елдар Иманқұлов, Арина Алтухова, Ирина Юнусметова, Александра Ле, Ислам Сәтбаев, Никита Шахторин, Константин Малиновский, Елизавета Безрукова, Валерий Рақымжан, Руслан Юнусметов сынды мергендер ел намысын қорғайды.
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының үшінші туры аяқталды. Бұл кездесулерде мынадай есеп тіркелді: «Шахтер» – «Тұран» – 0:2, «Атырау» – «Жетісу» – 0:1, «Ақтөбе» – «Жеңіс» – 3:0, «Қызылжар» – «Тобыл» – 0:0, «Астана» – «Елімай» – 0:1, «Ордабасы» – «Қайрат» – 1:2.
Антальяда спорттық гимнастикадан Challenge Cup додасы өз мәресіне жетті. Түркиядан екі отандасымыз табысты оралды. Атап айтсақ, қолды тіреп жасалатын жаттығуда Асан Сәлімов алдына жан салмай, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал «ат» жаттығуында Нариман Құрбанов күміспен күптелді.
7-13 сәуір аралығында шайбалы хоккейден IIA дивизиондағы командалар арасында Андоррада өтетін әлем чемпионатында еліміз қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды: Қақпашылар – Полина Говтва («Торпедо», Өскемен), Арина Щеколова («Томирис», Астана). Қорғаушылар – Аида Олжабаева, Мәдина Тұрсынова, Анна Пяткова («Айсұлу», Алматы), Юлия Буторина, Александра Воронова, Дария Молдабай («Томирис»), Анастасия Дубровская, Катрин Мескини («Торпедо»). Шабуылшылар – Мәлика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Алина Иванченко, Татьяна Королева, Лариса Свиридова («Айсұлу») Екатерина Куценко, Анастасия Оразбаева, Надежда Филимонова, Александра Шегай («Томирис»), Мунира Саяхатқызы, Ділнәз Саяхатқызы және Карина Фельзинк («Торпедо»). Аталған жарыста жерлестеріміз Бельгия, Испания, Исландия және Мексика құрамаларымен шеберлік сынасты.
MMA-Oracle.com сайты аралас жекпе-жектен өткен жарыстардағы спортшылардың көрсеткіштерін саралай отырып, мықтылар мен осалдардың ара-жігін ажыратты. Бұл рейтингте АҚШ (209 428 ұпай) алдан көрінсе, оларды Бразилия (140 091) мен Ресей (84 587) өкшелеп келеді. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Жапония (50 129), Ұлыбритания (27 881), Канада (21 274), Польша (19 843), Украина (16 211), Франция (14 023), Аустралия (10 213) бар. Аталған рейтингте Қазақстан 15-орында. Қазіргі кезде жерлестеріміз 7 718 ұпайды еншілеп отыр.
Шучинскіде өткен шаңғышылардың ел чемпионатында 12 команда бақ сынады. Солардың арасында Ақмола облысының өрендері алдына жан салмай, жалпы командалық есепте топ бастады. Екінші орынды Қостанай иеленсе, Абай облысынан келген спортшылар үшінші сатыға табан тіреді.
10-12 мамыр аралығында Астанада дзюдошылардың әлемдік Grand Slam турнирінің жалауы желбірейді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін рейтингтік жарыста жер-жаһанның көптеген атақты балуандары күш сынасады. Олардың арасында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары және басқа да аса ірі халықаралық додаларда дараланған дүлдүлдер бар. IJF ережесіне сай әр салмақтағы жарыс жеңімпаздарына 1 000 ұпайдан берілсе, күміс пен қола жүлдегерлері 700 және 500 ұпайдан енішлейді.
Әйгілі BoxRec порталы әуесқой боксшылардың рейтингін жариялады. ТОП-ондыққа еліміздің екі боксшысы енді. Олар – Сәкен Бибосынов пен Асланбек Шымбергенов. Сәкен бесінші орынға тұрақтаса, Асланбек тоғызыншы сатыға жайғасты. Ал көш басында – Өзбекстанның мақтанышы Хасанбой Дусматов. Екінші және үшінші орындарда – ресейлік Габил Мамедов пен франциялық Софьян Умиа. Өзбекстанның намысын қорғап жүрген қазақ жігіті Руслан Абдуллаев төртінші сатыға табан тіреді. Сондай-ақ үздіктер қатарында Джамал Харви (АҚШ), Всеволод Шумков (Ресей), Мүсілім Гаджимагомедов (Ресей), Чинзориг Баатарсух (Моңғолия) сынды саңлақтар бар.
18-21 сәуірде Токиода ескек есуден лицензиялық турнир өтеді. Бұл бәсекеде еліміздің туы астында Андрей Ергучев, Мария Бровкова, Сергей Емельянов, Ольга Шмелева, Сергей Токарницкий, Татьяна Токарницкая, Тимур Хайдаров, Руфина Ысқақова, Бекарыс Раматулла, Ирина Подойникова, Ульяна Киселева, Виктор Степанов, Артем Терещенко сынды спортшылар өнер көрсетеді. Жарыс қорытындысы бойынша алтын мен күміс медальді иеленген өрендер Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етеді.
Футзалдан еліміздің ұлттық құрамасы бүгін Таразда бас қосып, оқу-жаттығу жиынын бастады. Алдағы уақытта олар екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, жерлестеріміз 4 сәуірде Қырғызстанмен күш сынасады. Ал 7 сәуірде Өзбекстанға қарсы ойнайды.