Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізіп, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы мәселелерге қатысты заңды талқылады.
Құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежесін еңбек көші-қон аясында сол аумақтарда тануды көздейді. Сонымен ғылыми дәрежелер туралы құжаттар философия докторы (PhD), сала бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы, мұндай құжаттардың иелері ғылыми дәрежесі үшін мемлекетте белгіленген үстемеақыларды талап ететін жағдайды қоспағанда, ұлттық тану рәсімдері жүргізілмей танылады.
Келісімді ратификациялау ЕАЭО кеңістігінде еңбек ресурстарының еркін қозғалысын қамтамасыз ету арқылы еңбек нарығын нығайтуға, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының кәсіби қызметке қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Депутаттар кеңейтілген отырыстың қорытындысында заңды палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.