Астанада Қонаев көшесі арқылы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жанындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі уақытша жабылды, деп жазады Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаяу жүргіншілер көпірін реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге байланысты осы жылдың 5 сәуірінен бастап аталған көпір бойынша жаяу жүргіншілер үшін қозғалыс толығымен жабылады, сондай-ақ демонтаждау жұмыстары кезеңінде Қонаев көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Тұран даңғылына дейінгі жол бөлігі жабылады.
Маршруттардың қозғалыс сызбаларын өзгерту туралы «City Transportation Systems» ЖШС ресми сайтында (cts.gov.kz), Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде танысуға болады.
Айта кетсек, биыл елордада жалпы ұзындығы 60 км болатын 50-ден астам көшеге жөндеу жүргізу жоспарланып отыр:
Тәшенев көшесі Республика даңғылынан Амман көшесіне дейін; Б. Момышұлы даңғылы Тәуелсіздік даңғылынан Қошқарбаев даңғылына дейін; Қ. Мұңайтпасов көшесі Тәуелсіздік даңғылынан М. Жұмабаев көшесіне дейін; Тілендиев даңғылы Қ. Күмісбеков көшесінен Ақан сері көшесіне дейін; Тұран даңғылы Керей Жәнібек хандар көшесінен Жұлдыз айналымына дейін (2023 жылы Тұран даңғылы бойынша Тұлпар көпірінен Сарайшық көшесіне дейінгі учаскеде жол жұмыстары жүргізілді); Кенесары көшесі Е. Брусиловский көшесінен А. Сембинов көшесіне дейін; Сарайшық көшесі Түркістан көшесінен Тұран даңғылына дейін; Сарыарқа даңғылы Т. Шевченко көшесінен Абай даңғылына дейін; Қараөткел көпірі Көлік айрығынан Қабанбай батыр даңғылына дейін және т. б.Сондай-ақ қаланың 200 көшесінде шұңқырларды жөндеу және жол белгілерін қою жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.