• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2024

Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жеткізілді

293 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан қиын жағдайға ұшыраған аймақтарға гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«АМАНАТ» партиясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиеваның айтуынша, бірінші кезекте «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері Зачаган кентінде жұмыс істеп жатқан төтенше жағдайлар қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізген. Сондай-ақ Қаратөбі ауданы Қоржын ауылындағы зардап шеккен халыққа жылы киіммен қамтамасыз ету керектігін айтты.

«Осыған орай біз партия фракциясының мүшелеріне, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарына қаржы жинау туралы ұсыныс жасадық. Филиал қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Нәтижесінде 7,2 млн теңге жиналды. Біз халықтан ақша жинаған жоқпыз, барлығы өз қаражатымызға жасалды.

Сөйтіп, Қоржын ауылын су басқаннан кейін, келесі күні түске дейін 4 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Сондай-ақ Сырым өңірін су басқаны белгілі болды. Жергілікті тұрғындар балалар киімін, жаялық пен жеке гигиена құралдарын сұрады. Келесі күні Сырым ауданына 4 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Теректі ауданы Аңқаты ауылында жаңа туған нәрестелерге дәрі-дәрмек пен азық-түлік қажет болды. Оларға да қажетті заттар жеткізілді. Тұрғындар хабарласқан кезде қажетсіз, ысырап болатын заттарды апармай, қаржы тиімді жұмсалуы үшін нақты не қажет екенін тізімдей аламыз», дейді А.Семғалиева.

Партия филиалының жауапты хатшысының орынбасары мұндай көмек су тасқынынан зардап шеккен басқа ауылдарға да қажеттіліктеріне қарай жеткізілетінін тілге тиек етті.

«Сонымен қатар республиканың түкпір-түкпірінен партиялық әріптестер бізге хабарласып, көмек қолын созып жатыр. Мәселен, Шымкенттен 20 тонна азық-түлік, киім-кешек, жатын орны бар арнайы көлік келеді», дейді А.Семғалиева.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті