Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде көмек көрсету үшін Түркістан облысының топ құрамында келген 45 жастағы құтқарушы қайтыс болды, деп жазады Egemen.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдай баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Сайран ауданы N6 өрт сөндіру бөлімінің командирі, азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Балданов Тайынша аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды. Құтқарушының қайтыс болуының себебі - миокард инфарктісі.
Құтқарушы Бекжан Балданов 1 сәуірде Тайыншаға келіп, сол күні кешке өзін нашар сезініп, ауруханаға түскен. Петропавлға госпитализацияға санитарлық авиациямен жеткізілу керек болған.
Төтенше жағдайлар министрлігі, Төтенше жағдайлар департаменті және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі командирдің отбасына, жақындарына және әріптестеріне қайғыға ортақтаса отырып, көңіл айтты.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті