Ертіс ормандарында сәуір айынан бастап өртті ерте анықтау жүйесі іске қосылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта «Ертіс орманы» резерваты аумағында 23 биік мұнара тұрғызылып, қажетті жабдықтар орнатылды.
Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі – бұл орман мониторингіне арналған бағдарламалық-аппараттық кешен. Ол шұғыл түрде іс-шараларды қабылдауға, өрт қауіптілігі жоғары маусымда орман өрттерінен болатын залалды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, өртті анықтау тәулік бойы 360 градусқа қарайтын, 30 шақырымға дейінгі радиуста жағдайды тіркейтін бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады. Бақылау аумағы 10 мың гектарға дейін жетеді. Қазіргі уақытта «Ертіс орманы» резерватының аумағында 23 биік мұнара мен оған қажетті кешендер тұрғызылды. Ондағы бейнекамералар тепловизормен жарақталғандықтан өртті түнде де анықтаудың мүмкіндігі бар. Бұған қоса найзағай түскен жерлерді камералар көрсетіп, белгі береді. Жүйені басқаруды қамтамасыз ету орталығының (БҚО) мамандары қазіргі уақытта оқытылып жатыр. 8 сәуірде жүйе толыққанды жұмыс істей бастайды.
Резерваттың бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметовтің айтуынша, жаңа құрылғылар арқылы алдағы уақытта мемлекеттік орман қорына жататын 277,9 мың гектар аумақты тәулік бойы толық бақылауына мүмкіндік туады.
– Жаңа жүйенің көмегімен орман өрттерін уақтылы анықтап қана қоймай, сонымен қатар орман заңнамасының бұзылуын да анықтауға болады. Себебі жүйе тәулік бойы бейнетүсірілім жүргізіп, онлайн режімде БҚО-ға сигнал таратып тұрады. Мысалы, түнгі уақытта орман арасында техника қозғалысы байқалса, камералар бұл құбылыс жайында бірден басқару орталығындағы маманға хабар береді. «Өлі аймақтар» болмауы керек. Негізінен өрт туындай қалғанда қауіптілігі аса жоғары орман телімдері таңдалды. Мұнараларға бекітілген антенна-матчталар резерваттың барлық аумағын бақылауда ұстап тұратындай етіп орналасқан. Мұнара кешендерінің аумағы темір дуалмен қоршалған. Бұл мұнаралардың басында тек тепловизорлы камералар ғана емес, метеорологиялық мониторинг жүргізетін, найзағайлардың түсуін тіркейтін жүйелер де орнатылғанын ескеру керек. Жүйеге бұдан бөлек қосымша құрал ретінде GPS-трекерлер де енеді. Оларды біз өрт сөндіру техникалары мен патрульдік автокөліктерге орнатамыз. Сол арқылы өрттің нақты қай жерде болғанын жедел анықтап, күшті жедел жұмылдыруға болады. Бұған қоса ұшқышсыз басқарылатын аппараттар да кешен жүйесіне енеді, – деді Қ.Әметов.
Өткен жылы облыста 207 орман өрті тіркеліп, тілсіз жау 3 905 гектар аумақтың орман жамылғысын жайпап өткен. Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Әбілбаевтің айтуынша, былтыр «Ертіс орманы» резерваты мен Баянауылдағы ұлттық табиғи паркте жалпы саны 159 өрт оқиғасы болған. Соның 137-сі найзағай түсуден тұтанған. Ендігі кезекте орманшылар резерват аумағын шолып, талдау жасамақшы. Соның нәтижесіне орай қауіпті аймақтарда тым болмағанда 10 жайтартқыш орнатады.
Атап өтерлігі, 23 мұнараның жабдықтары күн панельдері арқылы өндірілген электр энергиясынан қуатталады. Әр кешенде дизельді генераторлар да орнатылған. Күн панельдерінен кінәрат шыққан жағдайда генераторлар іске қосылады.
Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы