«Есімі ел жүрегінде сақталған ер бақытты», дейді халқымыз. Өнегелі өмірі көпке үлгі болатын, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен қалың жұртшылықтың құрметіне бөленген тұлғаларымыз аз емес. Сондай тұлғалардың бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев.
Мен Қаныш Имантайұлын өмірімде бір-ақ рет қана көрдім. Бұл 1956 жылы болатын. Павлодар облысы Май ауданына қарасты Киров атындағы кеңшар директоры, әкем Жолтай Байғазыұлы сегізінші сыныпқа көшкен соң, мені Алматыдағы апамның қолына жіберді. Қалада қазақ мектебін іздеп, сарсаңға түстік. Сөйтсек, астанада сол кезде С.Киров атындағы жалғыз ғана қазақ мектебі бар екен.
Бұл мектептің материалдық жағдайы Қазақ КСР Оқу-білім министрлігі мен Алматы қалалық оқу-білім басқармасының назарында болды. Апта сайын мектеп басшылығы есімдері елге танымал жазушылармен, әртістермен, ғалымдармен кездесу ұйымдастыратын. Ең алғашқы кездесуіміз заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен, содан кейін Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым Мәлік Ғабдуллинмен болды. Осы екі кездесуден кейін мұғалімдеріміз сұрақтарымызды мұқият ойланып барып қою керектігін ескертті. Әсіресе Ғылым академиясының президенті, академик Қаныш Сәтбаевқа қоятын сауалдарыңды жан-жақты ойланыңдар деді. Оқушының бәрін қызықтырған Қаныш Имантайұлының академик деген атағы еді. «Академик деген қандай болады екен?», деп ойладық. Ғылым туралы түсінігіміз шамалы болған соң, қандай сұрақ қоярымызды да білмей, әбден абдырадық. Мәжіліс залына кірген тарих пәнінің мұғалімі Әлия апай: «Ал балалар, тынышталыңдар, Қаныш көкелерің келді, залға кіргенде түгелдей түрегеп, қол шапалақтап, Қаныш Имантайұлын қошеметтеп қарсы алыңдар», деп ескертуі мұң еді, есіктен мектеп директорымен бірге Қаныш Сәтбаев та кіріп келді.
Бойшаң келген Қаныш көкемізге қою шашы да, үстіндегі киімі де жарасып тұр. Бірден қатарда отырған оқушылардың арасынан өтіп бара жатып, кейбіреулерінің жанына бөгеліп, басынан сипады. Анық, байыпты сөйлейді екен. Сөз арасында мақал-мәтел қосып отырды. Кездесуде ғалым Қазақстан аймағында қандай қазба байлық бар, оның қай мөлшерде екенін жатқа білетінін аңғартты.
Кездесу екі жарым сағатқа созылды. Қаныш Имантайұлының айтуынша, біз қазба байлыққа ең бай республика екенбіз. Оның көбі әлі игерілмей жатыр. Ол үшін еліміздің әр аймағында қажетті зауыт-комбинат салу керек. Өндіріс орындарына қажетті мамандар даярлау да қажет. «Сендердің көбің еліміздегі өндіріс орындарына қажетті мамандық алуларың керек. Табиғи байлықты игере білу білікті мамандарға байланысты. Сендердің сондай маман болатындарыңа сенемін. Министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев үш жоғары техникалық оқу орнын ашу жөнінде қаулыға қол қойды. Алматы мен Қарағандыда политехникалық институт, Павлодарда индустриалды институт ашылады. Өндіріске қажетті инженер мамандығын қалағандарыңа жол ашық. Мектеп бітіремін деушілерге сәт-сапар тілеймін!», деп ғалым сөзін аяқтады. Сұрақ қойған балалардың қасына барып, қай жақтан келгенін, мектеп бітірген соң қандай мамандық алғысы келетінін сұрап, тиісті кеңесін де берді. Жоғарыда аталған институттарды бітірісімен сол арадағы өнеркәсіп орындарында жұмыс істейтіндерге бірден жатақхана берілетінін, отбасы жағдайына байланысты пәтер алуға болатынын айтты.
Осылайша, уақыттың қалайша өткенін де байқамай қалдық. Қаныш аға сағатына қарап: – Ал балалар, сендермен кездесу маған да қызықты болды. Біздің бала кезімізде осындай еңселі ғимарат болған жоқ. Сабақ беретін білімді мұғалімдер ол кезде тапшы еді. Сендерге дәріс беретін ұстаздардың көбі жоғары білімді мамандар. Бұл қандай мақтаныш! Сондықтан осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланыңдар, болашақ сендердің қолдарыңда, оны уыстарыңнан шығарып алмаңдар. Баршаңа сәт-сапар тілеймін!, – деп жылы қоштасты.
Содан бері қанша уақыт өтсе де, Қаныш ағамыздың келісті келбеті мен тағылымды сөзі жадымыздан шыққан емес. Ұлылық ұлыға ғана жарасады демекші, академик Қаныш Сәтбаевтың қалдырған өлшеусіз мұрасы үлгі-өнеге ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани азық болып жалғаса беретіні сөзсіз.
Қаныш Сәтбаев алпыс бес жыл өмірінің 45 жылында елімізде геология, тарих, мәдениет және ғылым салаларында Нобель сыйлығының деңгейіне дейін жаңалықтар ашып, алып дала Сарыарқаны зерттеуге арнады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда оқ-дәріге қажетті шикізат пен зауыттар фашистер басып алған аумақта қалды. Осындай қиын-қыстау сәтте ел басшысы И.Сталин ғалым ретінде есімі Кеңес одағына танымал Қ.Сәтбаевқа Қазақстанда оқ-дәріге қажетті қорғасын, мыс, басқа шикізаттың көзін тауып, оны өндіретін зауытты қысқа мерзімде іске қосуды тапсырды. Жезқазған өңірінде мұндай зауыт ғалымның жанкешті еңбегінің арқасында іске қосылып, әрбір жауға атылатын оқтың сегізі елімізде жасалды.
Ғалым Қазақстанның шикізатқа бай өлке екенін анықтап, оның ғылымын әлемдік деңгейге көтеру үшін Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары республика астанасы Алматыда Ғылым академиясының ғимаратын салдыруға ұйытқы болды. Академиктің бұл бастамасын сол жылдардағы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қолдады.
* * *
Бір күні қазақ телевидениесі мен радиосы журналистерінің бірлескен лездемесінде комитет төрағасы Камал Смайылов Қазақ КСР үкіметінің Қ.Сәтбаевтың 90 жылдығына байланысты көлемді іс-шаралар белгілегенін, соған орай академиктің өмірін, ғылыми еңбектерін және азаматтығын жан-жақты көрсету керек екенін міндеттеді. Ізденіс барысында алғашқы жолыққаным – Қаныш Сәтбаевтан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болған көрнекті ғалым, елімізде энергетика ілімін зерттеп, оны жоғары деңгейге көтерген Шапық Шөкин еді. Ол – Ғылым академиясының Қазақ ғылыми зерттеу энергетика институтының негізін қалаған тұлға, Қаныш Имантайұлының сенімді ізбасарларының бірі. Ш.Шөкиннің басшылығымен Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма ГРЭС-і салынды, Ертіс-Қарағанды каналының жобасы жасалды. Осы маңызды нысандар қазір ел экономикасының басты буындарының біріне айналды.
Шапық ағамызбен үйінде кездестік. Жазу үстелінің үсті кітап пен газет-журналға толы екен. Өзінің сөзіне қарағанда, естелік жазуды қолға алған көрінеді.
– Мейрам, сен Қаныш туралы жазам дегеннен кейін ғана кездесуге келістім. Әйтпесе, уақытты қалай болса солай рәсуа етуге зауқым жоқ. Қазір журналистер мен жазушылар Қаныш ағаның ғылыми еңбегі туралы жеткілікті жазып жатыр. Қанекең туралы жазбағанда, басқа қай ғалымды жазбақпыз? Бәрін айт та, бірін айт дегендей, мен саған Қанекеңнің адами және азаматтық бейнесін сипаттайтын бір мысал айтайын.
Қаныш Имантайұлы өмірден озғаннан кейін, академияның жарғысына сәйкес оның президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесінде президент болып сайландым. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті лауазымына сәйкес КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болуға тиіс. Қаныш Имантайұлы тек депутат қана емес, сонымен бірге Жоғарғы кеңестің Ғылым-білім комитетінің төрағасы қызметін атқарған еді. Мен депутат болғаннан кейін КСРО Жоғарғы кеңесінің делегациясы Канада парламентінің шақыруымен сол елге бардық.
Канаданың астанасы Оттавадағы зәулім алаң Ленинградтағы Революция алаңына ұқсайды екен. Алаңды асықпай аралап жүргенде, кенет қарсы алдымнан аласа бойлы адам шыға келіп, шала-шарпы орыс тілінде:
– Сіз Қазақстаннан келдіңіз бе? – деп сұрады.
– Иә, Қазақстаннанмын.
– Сіз Сәтбаевты білесіз бе? Оның жағдайы қалай?
– Ол қайтыс болды...
Осылай деуім мұң екен, әлгі азамат еңіреп жылай бастады. Жай жыламай, Қанекеңді жоқтағандай, дауысын шығарып жылауы мені ыңғайсыз жағдайға қалдырғандай болды. Айналадағы адамдар бізге назар аудара бастады. Әлгі азаматты әрең дегенде тыныштандырып, өзі туралы сұрадым.
Сөйтсем, ол Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен жапон солдаты болып шықты. Ғылым академиясының ғимаратын салғандардың бірі екен. Қаныш Имантайұлы сол жылдары жұмысқа келісімен күнделікті әдетімен құрылыс барысымен танысып, тұтқындағы жапон солдаттарымен сөйлесіп, қал-жағдайларын біліп тұрған. Осындай адамгершілігіне тәнті болған жапон солдаттарының көңілінде Қаныш Имантайұлының адами қасиеті берік орын алғанының куәсі болдым деп Шапық ағамыз Оттавадағы кездесуді есіне алды.
* * *
Өнегелі өмірі көпке үлгі болған, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен халқының құрметіне бөленген Қаныш Имантайұлының өміріндегі жарқын мысал жетерлік. Әсіресе достарына шексіз адалдық, уәдесіне беріктік тектілігінен болар. Академиктің дарынды шәкірті Шахмардан Есеновтің де еске түсірер естелігі аз емес. Мен Шахмардан ағамен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған кезінде жолыққан едім.
– КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының кезекті сессиясына Қаныш Имантайұлымен Мәскеуге бірге бардым. Самолеттен түскен соң біз «Москва» қонақүйіне орналастық. Қанекең досы, КСРО Орта машина жасау министрі, ғалым Ефим Павлович Славскийге дереу телефон соқты. Қабылдау бөлмесіндегі қыз оның министр қызметінен босағанын айтты. Аң-таң болған Қанекең Славскийдің пәтеріне соғып еді, телефон көтерген Ефим Павлович мардымды жауап бермей, тұтқаны қоя салды.
– Шахмардан, тез машина шақырт, Славскийдің үйіне барамыз.
Ефим Павлович Славский – елдегі атом энергетикасы мен ядролық қаруды зерттеудегі зор еңбегі үшін екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған теңдессіз ғалым. Қаныш Имантайұлымен КСРО Ғылым академиясының конференциясында танысып, Сәтбаевтың ғалымдығына тәнті болған, оның сан-салалы бастамаларын қолдаған тұлға еді.
Шопырымыз бұл жерге бұрын да келген болуы керек, тез жеттік. Қаныш үйдің үшінші қабатына көтеріліп, темір есіктің қоңырауын басты. Аржағынан академиктің қарлыққан даусы естілді.
– Бұл кім?
– Ефим Павлович, мен Қанышпын, есікті ашыңыз.
– Есікті ашқан Ефим Павлович: – Маған көңіл айтуға келдің бе? – деп сұрады.
– Кейін кекетерсіз. Ефим Павлович, не болғанын бастан-аяқ айтып беріңіз.
Қанекең ақсақалдың бұлтақтағанына ерік бермей, бірден сөзге тартты.
Славскийдің сөзіне қарағанда, ол іссапармен Қазақстандағы Форт-Шевченкоға келген. Мақсаты – Каспий теңізінің ащы суын тұщытуға атом қондырғысын сынақтан өткізу. Күннің ыстығына шыдай алмаған Ефим Павлович теңіз жағасына келіп, болар-болмас күрке жасатып, суға шомылған. Соны байқаған кейбір пысықайлар Орталық партия комитетіне «іссапармен келген министр Славский жас келіншекпен бірге теңіз жағасында демалып жатыр» деп жазып жіберген. Домалақ арыздың қысқаша мәнісі осы. Ефим Павловичті мұқият тыңдаған Қанекең:
– Ефим Павлович, мені мұқият тыңдаңыз. Ешқайда шықпаңыз, ешкімге есік ашпаңыз. Мен қазір Кремльге барамын, шұғыл түрде Никита Сергеевич Хрущевтің қабылдауына жазыламын.
Алып ұшып Қанекең екеуміз Кремльге жеттік. Қаныш Имантайұлының депутаттық куәлігі мен академик деген атағы осы тұста көп мәселенің түйінін шешуге септігін тигізді. Хрущевтің көмекшілері істің мән-жайын анықтаған соң, Қанекең екеуміз Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Хрущевтің қабылдау бөлмесіне келдік.
Н.Хрущев көп күттірмей, Қаныш Сәтбаевты қабылдады. Кездесу жарты сағаттан артық уақыт алды. Кездесуден шыққан Қанекең:
– Шахмардан, мыналардың буфетінде бәрі бар. Бір армян коньягін, біздің апортты молынан және Ефим Павловичтің әйеліне жақсы шоколад аларсың, – деді.
Қанекең тапсырған заттарды алысымен, Славскийдің үйіне тарттық. Біздің қайтып келгенімізді сезген Ефим Павлович есікті тез ашты. Қолымыздағы заттарды көрген Ефим Павлович:
– Қаныш, менің жаназама дастарқан жаяйын дедің бе?
– Иә, қымбатты Ефим Павлович, үш күннен кейін КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының сізге Социалистік Еңбек Ерінің үшінші жұлдызын беру туралы жарлығы шығады. Ал бірнеше күннен кейін Сіз елдің Орта машина жасау министрі лауазымына қайтадан отырасыз. Дастарқан соның құрметіне арналған.
Ефим Павлович Сәтбаевтың себепсіз әзілдемейтінін жақсы білетін. Содан да болар, ол Қанышты құшақтай алып, кемсеңдеп жылап жіберді. Шынында да, Ефим Славский министр қызметіне қайта тағайындалып, жоғары атаққа да ие болды.
Қаныш Имантайұлын білетін замандастарының айтуынша, ол – қандай мәселені қолға алса, алған бетінен қайтпайтын, соның нәтижесіне жетпейінше тыным таппайтын батыл тұлға еді.
Академик – бүкіл саналы да салиқалы ғұмырын туған елі мен туған жерінің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне арнап, сол жолда аянбай еңбек еткен, өз бақытын адал еңбегінен тапқан өнегелі өмір иесі. Ұлы тұлғаның жүріп өткен жолы, атқарған игі істері, бойындағы адами болмыс-бітімі, бекзаттығы, азаматтығы, адамгершілігі, әділдігі мен адалдығы, парасат-пайымы мен қайраткерлігі тәуелсіз еліміздің жас ұрпағына мәңгілік үлгі-өнеге болып қала бермек.
Мейрам Байғазин,
Қазақстанның құрметті журналисі