Төсқайың аулындағы бір қабатты мектеп жанындағы интернатқа кірген бетте Абайдың «интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлең жолдары тілге оралған. 1948 жылы бөренеден салынған аурухананың көне тоз ғимаратында бүгінде 14 бала тұрып, білім алып жатыр.
Ұзынша көтерілген жадау үй. Жадау үйдің есігін сықырлата ашып, табалдырығынан аттаған бойда өткен ғасырдың 80-90 жылдарына аяқ басқандай күйде болады екенсің. Әктелген ұзыннан-ұзақ дәліз. Тақтайы сықырлаған ескі еден, ескі есік. Терезелері де тозған. Тым болмағанда, жиһаздары жаңа шығар деп, бөлмелерге бас сұққанбыз. Еңсені басады. Шкафтары қаусап тұр... Асханалары көршілес салынған үйде. Асхананың асай-мүсейлері де әбден ескірген. Қыл аяғы интернаттың дәретханасы да далада. Қыстың қақаған аязында басқасын айтпағанда, 1-сыныптың оқушысы даланың дәретханасына барып жүр дегенге сенгің келмейді. Айтқандай, бұл интернатта Шанағаты, Балықтыбұлақ, Бұғымүйіз, Ұранхай ауылдарының балалары тұрады. Ұзын саны – 14 оқушы. Оларды тасымалдайтын арнайы автобус та жоқ. Интернет туралы интернат оқушылары мен қызметкерлері жақ ашып отырған жоқ. Себебі мұнда интернетті қойып, қарапайым телефон байланысы – проблема.
Тау басындағы Төсқайың аулында соғыстан кейінгі жылдары аурухана болған ғимаратта оқушылардың тұратынын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біле ме екен? Оны қойып, облыстық білім басқармасы басшысының табаны тиді ме? Мәселенің мән-жайын білсе, бүгінгі күнге дейін жаңа ғимарат салып бермесе де, есік-терезелерін жаңалап, дәретханасын ғимарат ішіне салып берер еді ғой. Айтқандай, қыруар қаржы жұмсап, интернат ғимаратына жапсарлас дәретхана салынған. Алайда қолдануға жарамайды.
«Интернат ескі. Ескі болғанымен, қыстың күні жылы. Балалардың тамақтары тоқ. Мәселе сол, тозған ғимаратта тұрып жатыр. Күрделі жөндеуге ұсынған едік, биыл жаңа ғимарат салынады дегенді естідік. Дәретхана қосымша салынған. Бірақ оның сырты қапталмаған. Жылу дәлізде тұрғандықтан дәретхана суы қатып қалған. Қазір уақытша жауып қойдық», дейді мектеп жанындағы интернаттың шаруашылық меңгерушісі Раджан Құдайбергенов.
Әлбетте, жаңа ғимарат ауадай қажет. Төсқайың орта мектебінің директоры Жарас Юсуповтың айтуынша, жаңа интернат ғимараты келесі жылы салынуы мүмкін. Ал облыстық білім басқармасы өкілдері не дейді?
Жолдаған жауаптарына көз салсақ, «Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Күршім ауданы бойынша білім бөлімінің «Төсқайын орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде мектеп жанындағы интернат бар. Бұл интернат 1948 жылы салынған, сыйымдылығы 30 балаға арналған, жалпы ауданы 500 м2» деп жалпы ақпарат беріпті. Сондай-ақ бүгінде интернатта 14 бала тұратынын мәлімдеген. Мектеп жанындағы интернат жыл сайын ағымдағы жөндеу (әктеу, сылау, бояу) жұмыстарынан өтіп тұрады екен. 2020 жылы 7 млн теңге қаражат бөлініп, ағымдағы жөндеу, санитарлық тораптары орнатылғанын хабарлапты. Ол дегеніміз, дәретхана. Демек істемей тұрған дәретхана үшін 7 млн теңге жұмсалған. Дұрысы, жұмсалмаған, желге ұшқан.
«Төсқайың орта мектебі» КММ барлығы 70 бала білім және тәрбие алып жатыр: оның 15-і шағын орталықта, 6-ауы мектепалды даярлық сыныбында, 49-ы 1-11 сынып оқушылары. Мектеп жанындағы интернатта 14 бала тұрады, бұл балалар Балықтыбұлақ, Бұғымүйіз, Шанағаты, Урунхайка ауылдарының балалары. Биыл қардың қалың болуына байланысты интернатта тұратын балалар 2 аптада 1 рет үйлеріне мектеп автобусымен тасымалданды» делінген. Шындығында, арнайы барған сапарымызда мектеп автобусын көргеніміз жоқ. Керісінше, ата-аналар мектепке автобус қажет десті.
«2024-2025 оқу жылындағы болжамды контингент 69 оқушыны құрайды. Оның 12-сі шағын орталықта, 4-еуі мектепалды даярлық сыныбында, 53-і 1-11 сынып оқушылары. 1-11 сынып оқитын 16 бала интернатта тұрады деп жоспарланып отыр. Оның екеуі Балықтыбұлақ аулынан, жетеуі Бұғымүйізден, бесеуі Шанағатыдан, екеуі Ұранхай аулынан».
Айта кетейік, Төсқайың ауылдық округіне қарасты елді мекенде жалпы орта білім беретін 3 мектеп бар: Шанағаты бастауыш мектебі (5 бала), Ұранхай негізгі орта мектебі (69 бала: 0-11 сыныпта – 44, шағын орталықта – 25) және Төсқайың орта мектебі. Осы округке қарасты 5 елді мекен орналасқан, Балықтыбұлақ пен Бұғымүйіз ауылдарында мектеп жоқ, ал Шанағаты аулында тек бастауыш мектеп бар. Бұл ауылдардың арақашықтығы 10-25 шақырым аралығында. Оның үстіне таулы аймақ болғандықтан, жол қиындығы да жоқ емес. Жалпы, Төсқайың ауылдық округінде 0-18 жас аралығындағы балалар саны – 194.
Төсқайыңда жаңа интернат ғимараты салына ма деген басты сауалға жауап берген Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбек «Білім беру нысандарын салудың кезең-кезеңімен жоспарға сәйкес Төсқайың аулына 25 орындық интернатты үшжақты меморандум (оффтейк-келісімшарт) жасасу арқылы салу жоспарланған» дейді. Ал құрылысы нақты қашан басталатыны туралы ақпарат берген жоқ. Сондықтан мәселені оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та назарына алғаны дұрыс шығар.
Шығыс Қазақстан облысы,
Марқакөл ауданы,
Төсқайың ауылы