Еліміздің өзге өңірлерінде бұрынырақ қолданысқа берілген америкалық стильдегі мектеп автобустары Маңғыстауға да жетті. Олар Маңғыстау ауданындағы Берекет Жұмалиев атындағы, Мекерия Атымов атындағы мектептерге, Шетпедегі № 7 мектеп-лицейге және Сай-Өтес аулының оқу орындарына берілді.
Бүгінге дейін қоғамдық көліктер арқылы мектепке қатынап келген Шетпе ауылында 4 289 оқушының 559-ы, Сай-Өтес аулында оқу орындарындағы 479 оқушының 175-і енді өз көліктерімен баратын болды.
Заман талабына сай жарақтандырылған жарық әрі жайлы, жанармай багінің өртке қарсы функциясымен, жүргізушіге арналған айналаны шолу жүйесімен және қауіпсіздік белдіктерімен қамтылған көліктер оқушылардың қауіпсіз әрі ыңғайлы тасымалын жүзеге асырады деген сенім бар. Полиция қызметкерлері қарқынды жол қозғалысы жағдайында сары түсті автобустардың көзге бірден түсуінің маңызын айтады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «орта білім беру сапасы – табысты ұлттың тағы бір шарты. Әр оқушының жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалуы керек» деген еді. Осыған байланысты ауданның білім саласында үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектептің материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына» қолдау қорының қаражатымен толығымен жаңартылды. Біз оқушыларды тасымалдауға жаңа автобустарды табыстадық. Игі істер жалғасатын болады», деді Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл сегіз және бес балабақша жөнделеді. Маңғыстау ауданы бойынша 22 мектеп мыңнан астам парта, STEM зертханалар, роботтехника, информатика кабинеттеріне арналған жабдықтар сатып алынып, 19 мектепте технология кабинеттері жабдықталады.
Маңғыстау облысы