• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2024

Қостанайда төтенше жағдай жарияланды

111 рет
көрсетілді

Бүгін Қостанай қаласының әкімдігі жергілікті маңызға ие табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Өйткені Тобыл өзенінің деңгейі көтеріліп келеді. Қаратомар су қоймсынан су жіберу секундына 2640 текше метрге дейін ұлғайтылды. Қаратомардан шыққан су түстен кейін бізге жетеді. Яғни, бұл – қаланың маңынан секундына шамамен 3 жарым мың текше метр су ағып өтеді деген сөз. 2000 жылы Қаратомар секундына 1700 текше метр су жіберген. Ал бүгін  су ағыны секундына 4 мың текше метрге дейін жетуі әбден мүмкін», деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Қала әкімі төтенше жағдайдың осы қауіптің алдын алу үшін енгізіліп жатқанын айтты. Қостанайда 1000-нан астам адамды қабылдай алатын 20 шақты эвапункт дайындалған.

«Қазір эвакуациялық орталықтарда адамдардың уақытша тұруына қажет жағдайдың бәрі жасалған. Азық-түлік, төсек-орын жеткілікті. Автобустар да дайын тұр.  Кеше қала шетіндегі саябақтардан 218 адам эвакуацияланды. Олардың алтауы ғана «Дружба» шипажайына орналасты, қалғаны туыс-туғандарының үйіне кетті. Эвакуациялау бүгін де жалғасатын болады. Абырой болғанда, Тобылдан қауіп төнуі мүмкін екенін бізге алдын ала ескертті. Кешеден бері жергілікті полиция мен ТЖ қызметкерлері саябақтарды аралап, тұрғындарға жағдайды түсіндіріп, көндіріп, қауіпсіз жерге алып шығып жатыр. Бүгін ТЖ режімі енгізілді, енді мұндай шұғыл шараларды күшейтетін боламыз. Өйткені, су тасқынының ең қауіпті кезеңі бүгін кешке немесе түнде болады. Сондықтан бүгін күн жарықта барлық сақтық шараларын жасап үлгеруіміз керек», деді әкім.

Тобыл жағасында таңнан бері қызу жұмыс жүріп жатыр. Бірнеше экскаватор ескі көпірдің астына кіріп ағынға бөгет жасауы мүмкін үлкен мұздарды шөмішімен ұрып сындырып жатыр. ТЖ қызметкерлері, полицейлер, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер қауіп төнуі мүмкін жағалауға жақын көшелерден адамдарды эвакуациялап, құм қаптарын дайындап жатыр.