Мемлекет басшысының тапсырмасымен су тасқынына қарсы күресті тиімді үйлестіру үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысына барды. Ол өңірдегі су тасқыны жағдайы бойынша жедел кеңес өткізді, оған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Кеңесте СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ерік Сарыбаев, «Қазгидромет» СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова, «ҚазАвтоЖол» АҚ филиалының директоры Ақылбек Қабылдин су тасқынының жағдайы туралы баяндады.
Облыста су тасқынынан күрделі жағдай қалыптасты. Су деңгейінің күрт көтерілуі қауіпті деңгейден жоғары болады деген болжам да бар. Сәуірдің 5-інен бастап Сергеев су қоймасы толып, арнасынан асты. Петропавл қаласының маңындағы су деңгейінің алғашқы көтерілуі 6 күннен кейін басталып, ал су тасқынының шарықтау шегі сәуір айының аяғында болмақ.
Роман Скляр су тасқынының келеңсіз сценарийін болдырмау үшін бар күш-жігерді салу керектігін атап өтті. Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті көмек көрсетуде кешенді шараларды қолға алу қажет. Көмектің тез арада және қағазбастылықсыз көрсетілгені маңызды.
Кеңес қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары облыс басшылығына тұрғындарды эвакуациялау пункттерін дайындауды, азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, тұрғындар арасында тасқын кезіндегі ережелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды, қаптарды инертті материалмен толтыруды, егістіктерде еріген судың жиналуын үнемі бақылауды, күштер мен құралдардың тәулік бойы дайындығын қамтамасыз етуді, ықтимал су тасқынын жою үшін Сергеев, Шағалалы, Сілеті су қоймаларынан судың ағуына тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар Роман Скляр аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Тепличное ауылы мен Кожевенный кентінің бөгеттерін, «Қызылжар Су» ЖШС-ның 1 және 2-сорғы стансаларын тексерді. Тексеру барысында Роман Скляр қазіргі су тасқыны жағдайын ескере отырып, қолданыстағы бөгеттерді нығайту, оларды ұлғайту жұмыстарының және арнайы техника мен топырақ толтырылған қапшықтармен қамтамасыз ету маңызын атап өтті.
Қазір облыс орталығының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар Су» ЖШС-ның сорғы станцсаларын су тасқынынан қорғау мақсатында инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыс қарқыны жоғары және су тасқыны жағдайына байланысты реттеліп отыр. Петропавл су торабын аралау барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары судың келуіне аз уақыт қалғанын атап өтті.
«Бүгін су басу қаупі бар аймақтарды аралау барысында жедел шешуді қажет ететін бірқатар мәселе қаралды. Бұл – ең алдымен, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін техника санын көбейту және бөгеттерді күшейту. Біз инфрақұрылымды және елді мекендерді қорғау туралы айтып отырмыз. Үлкен судың келуіне 7-8 күн қалды. Қазір Сергеев су қоймасында 3 метрден астам су тасып жатыр. Толып кету бойынша антирекорд орнатылады деп күтілуде, ол шамамен 4 метрді құрамақ. 2017 жылға қарағанда әлдеқайда көп су келеді. Сондықтан қазір барлық күш пен ресурсты осы мәселелерді шешуге бағыттау қажет. Оған қоса бүгінде барлық жол-құрылыс компаниясы учаскелердегі жұмысын уақытша тоқтатып, тұрғындармен су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізетін боламыз», деді Р.Скляр.
Ең ауыр жағдай 13 ауданның 8-інде тіркелген, қар жамылғысы 38-50% аралығында және 262 елді мекенде су басу қаупі сақталып отыр. Облыс жолдарында 48 су шайып өту тіркелді. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда жол жамылғысының 7 учаскесі қопарылды.
Суды тарту жұмыстары жүргізілуде, 155 шақырым арық тазартылды, 96,6 шақырым каналдар кеңейтіліп, тереңдетілді, топырақ толтырылған 55 мың қап дайындалып, оның 23 мыңы төселді. 540 адам мен 233 техника жұмылдырылды, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты жұмыс істеп жатыр.
Өңірдегі ахуалмен танысқан Роман Скляр жағдайдың бақылауда екенін баса айтты.