Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуі өтті. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ШЫҰ-ның заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы қолданатын әдіс-тәсілдерін күшейтуі қажет екенін атап өтті.
«ШЫҰ – жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің бірі. Сондықтан біздің Ұйым өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін өзара келісілген əрі нақты қадамдардың үлгісін көрсетуге тиіс. Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды», деді Қ.Тоқаев.
Қ.Тоқаевтың пайымдауынша, Терроризмге, сепаратизмге жəне экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау керек. Сонымен қатар Президент ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы 2024-2029 жылдарға арналған стратегиясын жəне оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қабылдау маңызды екеніне тоқталды.
Қауіпсіздіктің пәрменді құралы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдер – Қытай, Ресей, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан, Иран, Өзбекстан, Қазақстан қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен кездесті.
Қ.Тоқаев Қазақстанның ұсынысы бойынша ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісі басталғанын айта келе, аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің пәрменді құралы ретінде ұйымның әлеуетін іске асыру қажеттігін атап өтті.
«Бұл мақсатқа жету үшін қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесулері маңызды рөл атқарады. Сіздер ұлттық қауіпсіздіктің əртүрлі бағытына жетекшілік етесіздер. Қазір сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресу үшін біртұтас əрі біріккен жұмыс тəсілі өте маңызды», деді Президент.
Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына, киберқауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңіндегі ең басты басымдықтардың бірі саналады.
Халықаралық ынтымақтастық үлгісі
Тұрақты даму бастамаларын ілгерілету үшін Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы орталығы жақында Ecolos көмегімен Малайзияның «Ranhill» халықаралық компаниясымен келіссөздер жүргізе бастады.
Тараптар ағын суды тазарту қондырғылары жобаларына және инфрақұрылымды көміртексіздендіруге бағытталған бастамаларға ерекше назар аудара отырып, ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын талқылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ҚазОрталығы халықаралық және жеке инвестицияларды тарту арқылы ағын суды тазарту жобаларында «Ranhill» және «Ecolos» компанияларына қолдау көрсетуге дайын.
Бұл жобаның бүкіл Қазақстан бойынша енгізу перспективасымен декарбонизация саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың үлгісі болу әлеуеті бар. Тараптар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ҚазОрталығы техникалық спецификацияны әзірлейді, ал «Ranhill» компаниясы «Ecolos» компаниясымен бірлесіп, алдын ала жобаны ұсынады деп келісті. Жобаны бюджет қаражатына сүйенбей, халықаралық және жеке инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асыру жоспарланған.