Жетісулық зергер Әсем Ақынова он жылдан бері алтын мен күмістен сырға, жүзік, алқа-білезік жасауды кәсіп етіп келеді. Мемлекеттен алған қаржылай гранты шағын кәсіпкерге үлкен көмек болыпты.
Әсем Ақынова бағалы тастардан әсем бұйымдарды жасауға студент кезінен құмартқан. Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде жүргенде ұстазы шәкіртінің талантын байқап, зергерлік бұйым жасауға баулиды. Мамандықты өзгертуге кеңес береді. Тәлімгерінің тілегін қалыс қалдырмаған студент 3-курста «Металды көркемдеп өңдеу» мамандығына ауысады. Осылайша, аталған кәсіпті жанына серік етеді.
Өз қолымен жасаған сырғасы алғаш рет Алматыда өткен көрмелердің бірінде сатылады. Бұл алғашқы қадам кейін үлкен көрмелерге жол ашты. Тәжірибесі толысып, жеке шеберханасын ашқан Әсем «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің аясында атақты зергер Берік Әлібайдың жанында қолөнершінің тіккен киіз үйінің ішіне өз жұмыстарын қойып, қазақтың қолөнер туындыларын туристерге паш етті.
2022 жылы мемлекеттен 5 млн теңге грант алып, зергерлік бұйым жасауға қажетті құрал-жабдықтар, атап айтқанда, ойма жасаушы лазерь, пневматикалық гравер машинкасы, микроскоп сияқты құралдарды сатып алған. Микроскоп Қытайдан әкелінсе, пневмогравер машинасын Америкадан тапсырыс беріп алдырыпты.
Кәсіпкердің Көкталда үйінің жанынан ашылған шағын шеберханасы бар. Жұмыс үдерісі өте күрделі. Мұнда адамның шыдамдылығы сыналады. Темірге өрнек салу оңай шаруа емес. Әрине, көбін техника істегенімен, тұтынушы қалағандай нәтижеге жету үлкен еңбекті қажет етеді.
«Әуелі жұмыс эскиз сызудан басталады. Мұнан соң сызбаны пысықтап, қолдың, білектің өлшемдерін аламын. Күмісті құйып, ерітіп, балқытып, сосын жаншитын аппаратта жалпақтап даярлаймын, тиісті оюларын қолмен оямын. Соғып, түзеп, кейін жазу қажет болса, оны лазерьмен жазамын. Соңғы жағында ағарту үдерісі жүреді. Жылтыратып, ультрадыбыс аппаратымен жуып, тасын орнатуға кірісемін. Жалпы, менен кемпірауыз, қышқаш, егеу сияқты ер адамдар ұстайтын құралдармен жұмыс істеген қиын емес пе деп сұрап жатады. Зергерлік жұмыс шындығында қара күшті соншалықты қажет етпейді. Мұнда тек ептілік, төзімділік маңызды. Жұмыстың қиындығы бұйымның көлеміне байланысты емес. Қайта мұндағы ең қиыны – бар зейініңді салып, ең ұсақ тастарды дәл өз орнына қою. Мен ұсақ тастарды қою әдісін жуырда Алматыдан арнайы оқып, үйреніп келдім. Енді соны тәжірибемде қолдануға машықтанып жатырмын», дейді кәсіпкер.
Әшекей жасауға кәсіби түрде кіріскен ол ұлттық нақыштағы сақина, сырға, алқа сынды жүздеген бұйым жасаған. Негізінен күміс әшекейлерге сұраныс көп екенін айтады. Әсіресе ер адамдардың күміс сақинасын жасауға жиі тапсырыс беріледі екен. Зергер жеңіл сақиналарға 1-2 күн, күрделі болса 4-5 күн, ал білезікке шамамен 1 апта уақыт жұмсайды. Қазір ол әшекей бұйымдарды жөндеумен де айналысады.
«Үлкендердің айтуына қарағанда, нағашыларым жағында ертеректе арғы аталарымның бірі ұста болған екен. Темірден түйін түйіп, қару-жарақ, ыдыс-аяқ жасапты. «Осы қолөнерлік қасиет кейін қыздан бір ұрпағыма беріледі», деген екен. Нағашы әжем үнемі «Зергерлікті тастама, бұл – сенің өмірлік жолың», деп айтып отырады», дейді жас кәсіпкер.
Ең бір есте қалған ерекше тапсырысы – бірде атыраулық азамат анасына арнап өзгеше білезік жасатқан. Оған жартастардағы күн басты адамның, садақ тартқан аңшының, сол сияқты тастағы басқа да таңбалар мен суреттерді салғызған, сөйтіп, бұл ерекше этноүлгідегі білезік болып шыққан. Білезікке әулеттің анасының атын, одан әрі келінінің атын жаздырып, ары қарай да келіндердің атын жазып жалғастыратындай орын қалдыртыпты. Тапсырыс берушінің мұндағы басты ниеті білезікті әулеттің келіндері бірінен біріне беріп отыратын айтулы жәдігерге айналдыру екенін бірден ұғуға болады.
«Мұнда әулетіміз өсіп-өнсін, келіндер енесінің жолын жалғасын, отбасының берекесі болсын, ұрпақ сабақтастығына мән берсін деген жақсы пейіл бар. Сондықтан әшекейді жай сәндік деп қана емес, ұлттық құндылық ретінде қарайтын парасатты адамдардың болғанына қуанамын», дейді Ә.Ақынова.
Журналист Сағыныш Намазшамованың айтуынша, шығармашылық иесінің өмірінде танымал адамдармен байланысты да ерекше оқиғалар болыпты. Мәселен, Қытайда өткен атақты «I am a singer» тележобасынан соң, Димаш Құдайбергеннің фанаттарының бірі, қытайлық қыз Димаштың аты жазылған кулонға тапсырыс беріпті. Тапсырыс берушінің айтуынша, бұған дейін Димаштың өзінде музыкалық кілт бейнеленіп, әншінің өз аты-жөні жазылған тұмар болған екен. Қытай қызы үлгі ретінде кулонның суретін жіберіп, «Дәл осындай менде де болса деймін» деп тапсырыс беріпті. Әншінің фанаты өз кумирінің есімін бойтұмар етіп тағып жүруді қаласа керек.
Сөйтіп, Әсем Ақынова жасаған әшекей бұйымдар еліміздің түкпір-түкпіріне ғана емес, Қытайға, Ресейге, тіпті Таиландқа да жөнелтілген. Алдағы уақытта Әсем өз логотипін дайындап, бренд қалыптастырсам дейді.
«Қазір қазақ қолөнері жақсы дамып, зергерлікпен айналысатындардың қатары артып келеді. Саннан сапа шығады. Сондықтан халқымыздың төл өнерінің дамығанына өз басым қуанамын. Ұлттық нақыштағы әшекейлерді жаңа заманмен үйлестіре түрлендіріп отыру керек. Сонда оны жастар да қызығушылықпен тағады. Атакәсіпті жалғастырып, ұрпаққа жеткізуді парыз санаймын», дейді зергер.
Жетісулық зергер жеке кәсіпкерлерді қолдауға берілетін гранттың нәтижесінде шеберханасының материалдық базасын нығайтып, ісін дөңгелетіп отыр. Бүгінде ол көне жартастардағы таңбалар мен суреттерді, оюларды өзінің этностильде жасаған әшекей бұйымдарында жаңаша жаңғыртып жатыр. Алдағы уақытта шеберханасын үлкейтіп, әшекейлерін әлемге танытуға ниетті.
Жетісу облысы