• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 09 Сәуір, 2024

Сәтбаев және Семей

433 рет
көрсетілді

Кез келген ұлт өркениет биігіне ұмтылған сайын өзінің төл болмысын зерделеп, өрісін кеңейтіп отырады. Мемлекеттегі ішкі бірліктің тү­йіні де осы мәселенің тарихи аспектіде шынайылықпен зерттелініп, сана­мызға сіңуінде. Отан тарихына қатысты жауапкершілігі аса зор, мем­ле­кеттік контекс­те мағынасы салмақты идеялар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық мақалаларында маз­мұнды түйінделуі де сондықтан. Оның сөздерінде еліміздің жаңғырған руха­ни-мәдени және тарихи-интеллектуалдық әлеуетін әлемге айрықша көр­сет­кен тұғырлы тұлғалар шоғыры үнемі аталады. Мәселен, Абай тұлғасы – қоғам­ның рухани жаңғыруын жаңа сапалық деңгейге көтерген келелі белес еке­нін бүкіл қоғам сезінді. Біртуар ақын мұрасы мен мұраты ел бірлігін ны­ғай­тып, жаңарған қоғамдық сананың өрелі істеріне темірқазық болары сөзсіз.

Мемлекет басшысының бір­туар ға­лым Қаныш Сәт­баевтың 125 жылдық ме­рей­тойын атап өту ұсы­ны­сында, оның Қазақстан ғылымы үшін жасаған қа­жырлы еңбегі мен мақсат­қа жетудегі қайтпас қайсарлығы жас ұрпақ­қа өне­ге болатынын қадап айтты. Әсі­ре­се біртуар тұлғаларды насихаттауға баса назар аударту себебін қарқынды технологиялық даму жолындағы қоғам үшін маңызды екенін аңғартады. Өйт­ке­ні жеке тұлғалар арқылы танылатын саяси, экономикалық мәдени, рухани жетістіктерден туындаған көзқарастар­дың тұтас болмысы мемлекеттің ин­тел­лектуалдық деңгейін көрсетеді. Сон­дықтан да Қаныш Сәтбаевтай адам­гершілігі зор, әмбебап білімі мен кәсіби біліктілігі мол маман тәрбиелеу ең алдымен елдігіміздің тұғырын бекіту үшін қажет. Бәсекелестікке қабілетті, интеллектуалды әлеуеті жоғары қоғам ғана мемлекет тірегі болмақ.

Заңғар ақыл-ой иелері әрқашан да ерен істерімен халық жадында қала­тынын тарих сан мәрте дәлелдеді. Сон­дай ұлты айрықша қадірлеген нар тұл­­­­ғалар қатарында Қаныш Иман­тай­­­ұлы Сәтбаевтың орны бөлек. Ол Қазақстан ғылымының ғана емес, ұлт­тық өр­леудің рәмізіне де айналды. Осы тұр­ғыда ғұлама ғалымның өмір­ге кел­­ген 12 сәуірдің – елімізде Ғылым күні болуы да заңды. Сондықтан да Қазақ ғылымы көшбасшысының тағы­лымы мол терең тарихи мұраларын, өмір­лік ұстаным-қағидаттарын халыққа жет­кізу – қашан­да жауапкершілігі мол мәр­тебелі іс. Қаныштану – қазақтанудың, ғылым­та­ну­дың маңызды бір саласы.

Адам болмысының негізі туған жері мен шыққан тегінен деген асыл сөз бар. Осы ретте Қаныш Имантайұлы туған өңір – Кереку құбылысын да зерделей кеткен орынды. Қазақтың алып тұлғалары Абай, Шәкәріммен үндес ғаламдық ой айтқан дана Мәшһүр-Жүсіптен бата алған бала Қаныштың елінің өрелі азаматы болып қалыптасуына игі әсерін тигізген – кіндік қаны тамған қасиетті Баянауыл өлкесі. Бүгінде Баянауылды – табиғат таң­ғажайыбы деумен бірге, ағартушылар, ойшылдар, батырлар, академиктер­дің кіндік қаны тамған ордалы өңір дейтіні­міз өздеріңізге мәлім.

Арысы – Шоң би Едігеұлы, Шорман би Күшікұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, берісі – Әбікей мен Қаныш Сәтбаевтар, Әлкей Марғұлан, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Жұмат Шанин, Қошке Кемеңгерұлы, Сәбит Дөнентаев, Шапық Шөкин, Шәкен Айманов, Дихан Әбілев сынды тұлғалардың әрқайсысының бір­тұтас тарихымызда дербес орны бар!

Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіптер­­дің алдыңғы ғасырлар тоғысында түйін­де­­ген кең арналы қазынасынан нәрлі білім ­мен тағылымды тәрбие алған «толық­қан­ды адам» болу тұжырымдамасы құдды ­жас Қаныштың өзін-өзі жетілдіру пайы­мына негіз болғандай.

Академик Қ.И.Сәтбаев әлемі өте ауқым­ды. Ауқымдылығы табиғи болмысынан, жаңашылдыққа, білуге және оқуға деген орасан зор құштарлығынан. Біздің халықтың бірегей даналық қасиеті бар, ол – баласын қайтсе де оқыту, өмірлік жолын айқындайтын кәсіптік білімін алып шығуын басты мақсатқа айналдыру. Бұны ғажап ұстаным, тамаша қасиет дер едім. Жасөспірім Қаныш та ата-анасы және ағайындарының қолдауымен 1914 жылы Семей қаласына білімін жетілдіру мақсатында аттанады.

Семей қаласы – ежелден мәдение­ті өркендеп дамыған, Абай мен Шәкәрім білім нәрімен сусындап, шығармашы­лық шабыт алған, сондай-ақ әр жылдары орыс демократтары Ф.Достоевский, Н.Дол­гополов, Е.Михаэлис, Б.Гераси­мов, Н.Коншин, Г.Потанин, т.б. тер төгіп қыз­мет істеген ұлтымыздың үлкен бір ру­хани-мәдени орталығы болды. Қалаға қа­зақ сахарасының түкпір-түкпірінен келген, ғұлама Шәкәрімше айтсақ, «қазақтың оқыған жастары» көп жиналды. Сол кездің өзінде-ақ Семей зиялыларының беделі барша қазақ-орыс-татар қауымына жақсы танымал болды.

Ел Прези­денті 2022 жылдың 30 қыр­күйегінде жаңадан құрылған Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны айрықша  өлке екенін атап өтті. «Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топы­раққа келген адам бұл жердің кие­сін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыс­тарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қас­терлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы. Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған», деген еді Мемлекет басшысы.

Жаңа жаһандық жағдайда саналы, білімді, білікті және мәдениеті жоғары ұлт қана жасампаздық идеяларды жүзеге асы­рып, зор мүмкіндіктерге, жақсы өмір­ге ие болмақ деген қағида Алаш қоз­ғалысы һәм Алашорда тұсында әр қазақ­тың қанына сіңді, басты мұратына айналды.

Қ.Сәтбаевтың да оқуға деген ұмты­­лы­сы осы санатта өрбіді. Қаныштың Се­мей қаласындағы мұғалімдер семинария­сы­на келуіне ықпал еткен бірден-бір адам – оның немере ағасы Әбікей еді. Ал бұл әулет үшін мұғалімдер семина­риясы ерекше орын алды. Мәселен, Семей қазақ педагогикалық техникумының ­1922 жылдың 1 желтоқсанында дирек­­­тор­лығына тағайындалған көрнекті ­Алаш қайраткері, педагог Әбікей Зейін­ұлы Сәт­баев бұл қызметті 1927 жылдың шіл­де айы­на дейін атқарады. Қаныш­тың Әбікейді аса құрметтеуі содан.

Тарихы 1903 жылы 23 қыркүйектен бас­талатын мұғалімдер семинариясы бас­тауыш училищелер мен бастауыш орыс-қазақ мектептеріне және ауылдық қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлады. Жас Қаныш 1914–1919 жылдар аралығында осы оқу орнында білім алды. Оның алдында жаңадан ашылған Семей мұғалімдер семинариясында жоғарыда айтқан Әбі­кей Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Биахмет Сәрсенұлы сын­ды ұлт зиялылары білім алған-ды. Қаныш­тың Алаш зиялыларымен таныстығы сол кезден басталды. Оның үстіне Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің және оның қайраткерлерінің қазақ жері мен мемлекеттілігі, ұлттық идея мен ру­хани-мәдени сананы қалыптастыру жолын­дағы қызметтері мұғалімдер семинариясында білім алған қазақтардың санасын одан әрі шыңдағаны сөзсіз.

Семинарияның білім берудегі деңгейі, ұстаздардың үлгі-өнегесі турасында оқу орнының қазақ педагогикалық техникумы тұсындағы түлегі, ғалым Әлкей Марғұлан: «Бұл семинария қыр округіндегі оқу орындарының бір тәуірі болатын. Кейін революцияға қатынасқан қазақ жастарының көбі осы семинария­дан оқып шықты. Семинарияда қазақ балаларына білім беруді шын жүрегімен мақсат еткен бірнеше прогресшіл, саңлақ адамдар болды. Олардың ішінде, әсіресе оқушы жастарға олар әдебиеттен, тарихтан, географиядан осы күнгі пединституттар көлемінде білім беріп, олардың ой-санасын аса байытып шығаратын», дей келе, оқытушылардың Томскіден, Омбыдан, Қазан университетінен, Ленин­градтан келген шетінен оқымысты, кілең тілге жүйрік ұстаздар болғанын еске алады. Сондықтан да әлеуметтің өз дамуында тұлғалар рөліне назар аударып, ұдайы сенім артатыны да содан.

Мұғалімдер семинариясы 1920 жыл­ғы қыркүйекке дейін жұмыс істеп, халық­қа білім беру институты болып қайта құрылған. 1922 жылы осы оқу орнының құрылымдық негізінде екі педагогикалық техникум (қазақ, орыс) ашылады. Екі жылдан кейін институт жабылып, оның барлық мүлкі Семей педагогикалық тех­никумына берілген. Техникумға 1922 жылы директорлыққа Әбікей Сәтбаев тағайындалған. Ол басшылық жасаған жылдары Ленинград университетінде оқып жүрген М.Әуезовті шақырыпты. Ұлы Мұхтардың қазақ әдебиеті тарихы, әдебиет теориясы пәндерінен сабақ бергендігі туралы құжаттар Семейдегі мұрағатта сақтаулы.

Қазақ педагогикалық техникумын­да Алаш қайраткері Халел Ғаб­басұлы, педагог, журналист Сейітбаттал Мұс­тафин, педагог, жазушы, драматург Тайыр Жомартбаев, педагог, театр қай­раткері Ғалиақпар Төребаев, ағартушы-журналист, педагог Мәннан Тұрған­баев, білікті ұстаздар И.Ф.Виноходов, Е.И.Мертвецов, т.б. жемісті еңбек етті.

Ә.Сәтбаевтан кейін қазақ педаго­ги­калық техникумы мен училищесін 1930–1940 жылдары А.Жиенғалиев, Ш.М.Мұхаметов, К.Хамитов, Т.И.Жайық­баев, Т.Мусин, М.С.Муртазин бас­қар­ды. Семей қазақ педтехникумынан оқып, тәлім-тәрбие алған көрнекті қай­раткерлерден: академик Әлкей Марғұ­лан, тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Мұсатай Ақынжанов, 1941–1955 жылдары Қазақ ССР оқу министрі бол­ған, педагогика ғылымдарының док­торы Әбді­ха­мит Сембаев, Қазақ ССР Ішкі ­іс­­тер министрі Шырақбек Қабылбаев, бел­­­гілі журна­лист Ғайса Сармұрзин, та­лант­ты ақын, журналист, педагог Тұр­лы­­хан Қасен­ұлы (спортшы Дәу­леттің атасы), Социалис­тік Еңбек Ері ­Жа­қия Шайжүнісов, көрнек­ті жазушы Әзіл­­­хан Нұршайықов, т.б. атап өтуге болады.

Бірнеше мәрте құрылымдық өзге­рістерге ұшыраған оқу орны 1963 жылы педагогикалық училище болып қайтадан ашылады. Майдангер Асылхан Бекбаев (белгілі тележур­налист Мая Бекбаеваның атасы) директор болып та­­ғайындалып, 25 жылға жуық ү­з­­діксіз басқарады. Ал 1967 жылы 6 жел­­­тоқсанда М.О.Әуезов­тің 70 жылдық ме­­рейтойы қарсаңын­да Қазақ ССР Министрлер кеңесі төраға­сы­ның № 828 бұйрығымен білім ордасы­на ұлы жазу­шының есімі берілді.

Семинарияның толық курсын аяқ­таған Қаныш Сәтбаевтың мұғалімдік еңбек жолы да Семей қаласында бас­талды. Негізін Алашорда азаматтары түзген Семей облыстық және уездік Земство мекемелерінде ұлттық кадр­ларды педагогикалық қызметке тарту ісін аса қажет әрі ұлттық маңызы бар іс деп қарады. Оны Алаш арыстарының басшылығымен Семейде де ұлт мүддесін көздеп атқарылған қыруар істер тарихынан анық байқаймыз. Соның бірі – білім саласында ұлттық мектептерді көп­теп ашып, болашақ мамандарды даяр­лап шығару, халықты жаппай сауат­тандыру мәселелері болды. Алаш қа­ласы мұғалімдерінің 1918 жылдың күз және қыс айларында өткен мектеп кеңестеріне қатысушы Мәннән Тұр­ғанбаев, Қаныш Сәтбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Хайролла Ибрагимов, тағы басқалар Алаш қаласы мектептеріндегі оқу үлгерімі, мұғалімдердің, сондай-ақ оқу құралдарының жетіспейтіні, мұ­ғалімдер жалақысының аздығы тә­різді бірқатар маңызды мәселелерді қа­рап, арнайы шешімдер қабылдапты. Бұған қоса Семей облыстық Земство бас­қар­масы халыққа білім беру бөлімінің Алаш қаласында мұғалімдер даярлайтын қысқамерзімді курстар ашу, оған меңгерушілікке Мәннан Тұрғанбаевты, оқытушылыққа Қаныш Сәтбаев пен Сейіт­баттал Мұстафинді бекіту, ал тағы бір мұғалімді іздестіріп табу туралы қау­лысын да архив қорларынан кездестіресіз.

1918–1920 жылдар аралығында Алаш­орда үкіметінің Семей облыстық кеңе­сі, жергілікті өзін-өзі басқару мекемесі – Земство басқармалары ұлттық педа­гог кадрларды даярлау, қазақ мектепте­рін ашып және оған керекті оқу құралда­рын шығару мәселелерінде бірталай жұ­мыс жүргізді. Осы жылдары Семей мұ­ғалімдер семинариясында оқып жүр­ген жас семинарист Мұхтар Әуезов сол тұста Семейде өзі шығарып тұрған «Абай» журналының № 11 санындағы ма­қаласында: «Ұлт мектебін ашуға қазір­де біздің алдымызда қиын асудай үш ке­­дергі тұр. Бірі: бастауыш мектептің бә­­ріне мұғалім жоқтығы; екіншісі: оқу құ­­ралдарының жоқтығы; үшіншісі: ілге­рі оқи­тын мектептің жоқтығы һәм тез уақыт­­та бола алмайтындығы», деп ­жазды.

Міне, ұлттық білім беру саласын­дағы осындай ауқымды проблемаларды шешу мақсатында Семей уездік Зем­ст­во басқармасының қолдауымен Қазақ мұғалімдер одағы (Киргизский учительский Союз – автор) құрылып, оның төрағасы Мәннан Тұрғанбаев, ал мүшелері болып Қаныш Сәтбаев, Сейітбаттал Мұстафиндер жұмыс іс­тейді. Кейінде Мұхтар Әуезов те атал­ған Одақтың хатшысы қызметін атқар­ған. Бұл қоғамдық ұйым өз кезегінде ұлт мектептері үшін «Бастауыш мектептегі оқу бағдарламасын» әзірлеп, таратады. Жалпы, Семейдегі мұғалімдер одағы өз қызметінде ұлттық педагог кадрларды даярлау, қазақ мектептерін ашу және олардың жұмысына басшылық жасау, тағы сол сияқты маңызды мәселелер­ді үнемі көтеріп, қозғау салып отыр­ған. Мы­салы, Қазақ мұғалімдер одағы­ның бі­лім беруге байланысты мәселелер­ді ше­шу мақсатында 1918 жылы жолдаған ­№ 211 қа­ты­нас қағазында: «Согласно заявле­ния г. председателя Семипалатинской уездной Земской управы, киргизской учи­тельской союз в заседании от 25 ноября сего года постановил делегировать в совет уездного отдела по народному обра­зованию следующих трех своих председателей: Маннан Турганбаева, Каныш Сатпаева, Сейтбаттал Мустафина» деп жазылып, оған «за председателя и секре­таря Союза» деп Сейітбаттал Мұстафин мен Қаныш Сәтбаевтың қолдары қойыл­ған. Семейдің Заречная Слободка деген бөлігі 1917 жылдан бастап халық арасын­да Алаш қаласы деген атаумен мәлім бол­ған. Жас маман Қаныш осы Алаш қала­сын­да Алашорда үкіметінің нұсқауы­мен ашылған қазақ педагогикалық курсында оқытушылық қызмет етті. Архив құжаттарына сүйенсек, Қаныш Сәтбаев география, жалпы тарих, зоология және анатомия пәндерінен сабақ берген. Жас Қаныштың Алашорданы қолдағаны жө­нінде тарихи мағұлматта бар. Қаныш Сәтбаев Әлихан Бөкейханның есімін алғаш рет 1917 жылдың 12 қазанында өткен Семей қоғамдық кеңесінде естиді. Бұл жиынға Әлихан Бөкейхан Әлім­хан Ермековпен бірге келеді. Аталған оқи­ға туралы «Сарыарқа» газетінде (09.11.1917 жылы, № 18) талдамалы мақала жария­ланып, Қаныш Сәтбаев жаңадан құ­рылған «Алашорда» партиясының жас насихатшыларының қатарында аталады. Кейін, 50-жылдардың басында­ғы «Бекмаханов ісінен» басталған қуғын-сүргінде осы газет қиындысы Сәтбаев­ты «ұлтшыл белсенді» ретінде айыптау­ға айғақ ретінде қолданылды. Бұл кезде ол Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті еді.

Қаныш Сәтбаевтың Семей қала­сын­дағы білім беру жүйесіндегі Кеңес өкі­метінің алғашқы жылдарында да жал­ғасқанын архив құжаттары растайды. Мәселен, 1919 жылы желтоқсанда Семей­де Кеңес өкіметі түпкілікті орнағаннан ке­йін, Семей губерниялық революция­лық комитетінің қазақ бөліміне (ино­род­чес­ки отдел) Мұхтар Әуезов басшы­лық жа­сайды. Міне, осы жылдары Алаш қайраткерлерінің күш салуымен ұлттық білім беру ісі өрістей түседі. М. Әуезов­тен кейін, 1921 жылдан бастап Семей губер­ниялық атқару комитеті халық­қа білім беру бөлімінің бастығы Жүсіпбек Аймауытұлы, ал оның орынбасары болып Қаныш Сәтбаев қызмет атқарды. Ұлт­тық педагог кадрлардың жетіспеушілігі­не, бастауыш қазақ мектептері мен оқу құралдарының жоқтығына қарамас­тан, олар бұл тектес күрделі мәселелер­ді асқан табандылықпен шеше білді. Қаныш Сәт­баевтың кейін қазақ мектептері­не арналған «Алгебра» оқулығының авторы атануына осы қызметі негізгі себеп болды. 1924 жылы 25 жасында, сол кезде Халық ағарту ісін басқарған Ахмет Байтұрсынұлының тапсырмасымен осы оқулықты даярлап, басып шығарды. Оның ғылыми терминологиясы, ізденісі – тіл білімінің елеулі тәжірибесі.

Қаныш Имантайұлының Семейдегі ұлт жолындағы белсенді қызметі ел тари­хында өшпес із қалдырды. Оның ұлт­тық көзқарасы жалпыадамзаттық құн­дылықтармен ұштасып, сарабдал парасат жолына ұласты.

 

Ерлан Сыдықов,

академик