• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Сәуір, 2024

Театр ұжымы да үнсіз қалмайды

74 рет
көрсетілді

Қазір өте күрделі жағдайды бастан кешіп жатырмыз. Қарғын судың қарқыны қатты болып жатыр. Еліміздің бірнеше аймақтарын су басты. Бұл – табиғи апат. Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан осындай сындарлы сәтте күш біріктіріп, жұмыла әрекет ету – еліміз үшін аса маңызды.

Алайда «көршісінің үйі өртенгенде бас үйітіп алатын» қарақан басын ойлаған жандар да жоқ емес екен. Халыққа барынша қолұшын созудың орнына көліктің, азық-түліктің, қала берді суды бөгейтін құм қапшықтарының бағасын көтеріп сату – адамшылыққа жатпайтын әрекет. Мұндайдан аулақ болсаңыздар екен! «Кемедегінің жаны бір» деген қазақ. Қысылтаяң уақытта қинап алған теңгенің еш берекесі болмайды.

Осы тұста ел ішіне жік салып, жар астынан жау шақы­ратын блогерлер мыңдаған оқырмандарының алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Дүдәмал хабар таратып, дүрбелең салуға болмайды. Осындай жекелеген жандардың кесірінен, етігімен су кешіп халыққа көмек көрсететін жанкешті азаматтардың еңбегі елеусіз қалып қояды. Сондықтан бәріміз елдің бірлігін басты орынға қоюымыз керек. Ең бастысы – жан шығынына жол бермеу.

«Алпыс күн тасқан дария алты күнде қайтады» дейді дана халқымыз. Бұл күн де өтер. Атқарушы органдардың олқылықтарын түзеп, апаттың қайтадан қайталанбауына назар салуымыз керек. Ал бөгеттерге бөлінген қаражатты орнына жұмсамаған билік өкілдері халық алдында жауапқа тартылады деген ойдамын.

Өзім жұмыс істейтін театр ұжымы да үнсіз қалмайды. Бұған дейін де ұжымымыз апатты өңірлерге қаржылай көмек көрсетіп отырған. Қазіргі жағдайда да театр басшылығы көмек көрсету мен қолдау білдіру жұмыстарының жоспарын қызу талқылап жатыр.

 

Тілектес МЕЙРАМОВ,

Қазақстанның халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері