Еңбек өнімділігінің төмендігі, мемлекеттің жұмыспен қамтуды арттыру бойынша аймақтық саясатындағы ауытқулар, туу көрсеткіші күрт жоғарылаған 2000-жылдарғы динамика болашақта жұмыс күшінің үлкен ағынына алып келеді. Жұмыс орындарын көптеп ашу, жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері шешілмеген жағдайда таяу жылдары елімізде жұмыс іздеушілер саны 2022 жылмен салыстырғанда 1 млн адамға артуы мүмкін.
Былтыр қарашада Үкімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Онда сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға дейін ұлғайту және жұмыспен қамту құрылымын жақсарту мақсат етіліп, еңбек нарығын дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Шынтуайтында, міндет тек жұмыспен қамту деңгейін арттырумен шектелмейді. Өйткені ел азаматтарының жұмыс орындарына деген қажеттілігі саны бойынша ғана емес, сапасы мен қолжетімділігі жағынан да артып келеді. Жұмыс орны еңбек өнімділігіне сай жоғары жалақымен, әлеуметтік кепілдіктермен, еңбекті қорғаумен ғана толыққанды бола алады.
Бүгінде еліміздегі инфляциялық қысым қызметкерлердің еңбекақысының салыстырмалы түрде төмен түзілуіне әсер етті. Мысалы, бізде орташа жалақы шамамен 535 доллар төңірегінде, яғни Ресейге (788 доллар) және Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫДҰ) қатысушы елдерге (4 500 доллар) қарағанда айтарлықтай төмен. Сапалы деуге болатын жұмыс орындарының саны 2022 жылдың соңына қарай тек 2,1 млн-ды құраған. Әлбетте, олар негізінен екі ірі қалада – Алматыда (369 мың) және Астанада (205 мың) шоғырланған. Өңірлерде жұмыс орындарының сапа деңгейі бойынша ең көп үлес Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстанға тиесілі. Сапалы жұмыс орындарын көбіне тау-кен өнеркәсібінен (59%), көлік (48%), денсаулық сақтау (46%), қаржы және сақтандыру (45%), ақпараттық-коммуникация және білім (41%) жүйесінен көруге болады. Өнімділігі төмен секторларда қызметкерлер жұмысты жиі ауыстырады. Мәселен, кейінгі онжылдықтарда ауыл шаруашылығындағы жұмыс күшінің басқа секторларға, әсіресе қызмет көрсету саласына ағылуы байқалады.
Дүниежүзілік банк мамандарының тұжырымдауынша, біздегі жұмыс күшін теріс миграциясы бар шалғай аймақтарға көші-қон шығындарын өтеуді, біржылдық жалдау ақысын жабуды, сондай-ақ жалақы субсидияларын ұсынуды қамтитын шаралармен жылжытуды ынталандыру бойынша ағымдағы саясат тиімсіз. Оның орнына ДБ аймақты өзінің күшті салаларына мамандандырудан және тиісті мамандардың ағылуы үшін оларды дамытудан тұратын «төменнен – жоғарыға» тәсілін қабылдауға кеңес береді. Мысалы, Ақмола, Қарағанды облыстарында өндірістерде жұмыс орындарын көбірек құрған жөн. Сол секілді Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын дамыту үшін мол әлеует бар. Ал Алматы елдегі қаржы қызметтері нарығындағы көшбасшылық жағдайдан пайда көре алады. Өңірлер республикалық биліктен көмек күтіп қана қоймай, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін өздері қамқорлық жасауы керек. Бұл ретте өңірлер қандай мамандандыруды таңдау керектігін өздері шешуге тиіс. Оның қатарында, әсіресе денсаулық сақтау мен білім берудегі қызмет көрсету саласын жақсарту қажет.
Айта кетерлігі, азаматтардың әл-ауқатын бағалаудың және еңбек нарығын дамытудың жаңа тәсіліне сәйкес Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сапалы жұмыспен қамтуды дамыту үшін өңірлік даму мен экономикалық өсуге байланысты мемлекеттік және басқа да бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін талдау кезінде «сапалы жұмыс орындары» көрсеткішін енгізуді ұсынған. Бұл ретте сапалы жұмыспен қамтып, өнімділікті қалыптастыратын мансаптық стратегияларға бағыттау мақсатында адами капиталды дамыту шарасын үйлестіру маңызды.
Өнімділікті арттыру мен нарықтық бұрмалауды жою жөнінде сөз болғанда, компаниялардың нарыққа оңай кіріп өсе алуы, сөйтіп кәсіпкерліктің өркендеуіне ықпал етуі меңзелсе керек. Дүниежүзілік банк мамандарының есептеуінше, Қазақстанда компаниялардың қадамын тұсайтын кедергілер мен ережелерді одан әрі жою үшін қосымша жұмыс, стартаптардың өсуін жеделдетуге бағытталған үкіметтік саясат қажет. Мысалы, ЭЫДҰ елдерінде жас фирмалар жаңа жұмыс орындарының жартысына жуығын құра отырып, жұмыспен қамтудың шамамен 20%-ына ықпал етеді. Ал бізде мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындардың көптігінен жас компаниялардың өсуге мүмкіндіктері жоқ, сәйкесінше, олар жұмыспен қамтуды ілгерілетуге өз үлестерін қоса алмайды. Зерттеушілер бізде мемлекеттің нарықтық қатынастарға араласуы ЭЫДҰ-ның кез келген еліне қарағанда әлдеқайда жоғары деп санайды.
Әділ де лайықты жалақымен қоса сапалы жұмыс орындары жұмыскердің қауіпсіздігін, әлеуметтік қорғалуын, мансаптық мүмкіндіктері мен тең қолжетімділігін қамтамасыз етуі керек. Бұл орайда сапалы жұмыстың ешбір өлшеміне сай келмейтін өзін-өзі жұмыспен қамту, бейресми еңбек елімізде жаппай жайылып келе жатқаны да – алаңдатарлық құбылыс. Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың көптігі орта және ұзақмерзімді перспективада тұрақтылықты қамтамасыз етпейтін осал тұсымыз болып отыр. Цифрландыру, автоматтандыру, климаттық өзгерістер түріндегі алып үрдістерді ескергенде, жұмыскерлерді еңбек нарығындағы ағымдағы жағдайға ғана емес, болашақ өзгерістерге де бейімдеу қажеттілігі туындайды. Біліктілікті арттыру мен дағдыларды жетілдіру білім беру жүйесінде ғана емес, жеке секторда да тиісті өзгерістерді талап етеді. Ал сапалы жұмыс орындарының қалыптасуы заманауи дағдыларды меңгерген, өмірлік үлгілерге дайын жұмыскерге де байланысты.