Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінен аман жеткен қыл ішекті нарқобыз сақтаулы тұр.
Көне аспаптың шанағы қараағаштан, кейбір бөліктері тобылғыдан жасалған. Шанағы үлкен, беткі жағы ашық, төменгі жағы көнтерімен қапталған, жоғарғы жағында өрнектелген темір қаңылтыры бар. Ортасында күрең қызыл түсті матасы, басында екі сүйек жапсырмасы бар. Шанақ пен мойынның біріккен тұсына ақық тас қондырылған.
«Нарқобыз атадан балаға отбасылық мұра ретінде сақталып келген. Қобыздың иесі – 1890 жылы дүниеге келген, ноғайтілеу руынан шыққан Нұрғали Күзембаев деген кісі. Ол кісіге нарқобыз ағасынан жеткен, ол кісі осы нарқобыздың көмегімен адам емдеген. Көнеден жеткен аспапты 2004 жылы музейге Нұрғали Күзембаевтың келіні, Денисов ауданы Шоқыбай кентінің тұрғыны Жаңыл Көшерова әкеп тапсырды», дейді музейдің ғылыми хатшысы Нәзима Оташева.
Қостанай облысы