Ұлттық банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады. Осы жылдың сәуір айында мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Респонденттердің медиандық күтулері бойынша 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі – орташа есеппен 81 доллар, 2025 және 2026 жылдары 80 доллар деңгейінде қалыптасады.
Ел экономикасының өсіміне қатысты 2024 және 2025 жылдарға арналған болжам 4,5% және 5% деңгейінде сақталып отыр. 2026 жылға арналған болжам 4,5%-дан 4,7%-ға дейін біршама өсті.
2024 жылға арналған инфляцияға қатысты болжам көп өзгермей, 8,4% болды (алдыңғы болжам – 8,5%). 2025 жылға арналған болжам – 6,5%-дан 7%-ға дейін, 2026 жылға болжам 5,7%-дан 6%-ға дейін өсу жағына қарай қайта қаралды.
Сонымен қатар сарапшылар барлық болжамды кезеңде базалық мөлшерлемені жоғарырақ деңгейде күтеді. 2024 жылға арналған күтулер – 13,8%-дан 14%-ға дейін, 2025 жылға – 10,5%-дан 11,2%-ға дейін, 2026 жылға 9%-дан 9,8%-ға өсті.
Сауалнамаға ел аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 11 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.