Қазақстанның 30 жастағы танымал теннисшісі Зарина Диас екі жылға созылған үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралды. Ол 12-13 сәуір аралығында Токиода өтетін Дэвис кубогінің іріктеу сайысында Жапония құрамасына қарсы ойнайды.
Жоғарыдағы жаңалықты естіген жанкүйерлер кәдімгідей қуанып қалды. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл күндері түрлі халықаралық турнирде табысты өнер көрсетіп жүрген теннисшілеріміздің дені легионерлер екені белгілі. Ал Зарина – өзіміздің төл түлегіміз. Оның ата-анасы 1999 жылы жұмыс бабымен Чехияға қоныс аударды. Спорттық карьерасын сол жақта бастаған Диас бірте-бірте өз қатарластары арасында даралана бастады. Отандасымыз әуелі Прагадағы, одан кейін Гуанчжоудағы теннис академияларында шеберлігін шыңдады.
Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда елеулі табыстарға қол жеткізгеннен кейін Диас әйелдердің бәсекесінде бақ сынай бастады. Бұл ретте ол өзін жақсы қырынан көрсетті. «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдегі жерлесіміздің ең зор табысы – 2014 және 2015 жылдары Уимблдонның төртінші кезеңіне дейін жетуі. Аустралия (2014, 2015, 2020, 2021) мен АҚШ-тың (2014) ашық біріншіліктерінің үшінші айналымында өнер көрсетті. WTA додасында бір рет дара шығып, ITF турнирлерінде тоғыз рет топ жарды. 2015 жылдың басында Зарина әлемдік рейтингте 31-орынға көтерілді.
2021 жылдан бері жерлесіміздің спорттық карьерасында құлдырау кезеңі басталды. Ол дүбірлі додаларда жиі жеңілді. Соның салдарынан WTA рейтингіндегі жағдайын нашарлатып алды. Кейіннен Заринаның жарақаты болғанын білдік. Егер емделмесе, ойыны жүрмейтініне анық көз жеткізгеннен кейін ойыншы денсаулығын дұрыстауға кірісті. Міне, енді, жарақатынан толықтай айыққаннан соң қайта кортқа шықпақ. Жуырда Қазақстан командасының капитаны Юрий Шукин Зарина Диасты Дэвис кубогінің іріктеу сайысында күш сынасатындардың тізіміне қосты.