Фристайлдан Италияның Кьеза-ин-Вальмаленко қаласында өткен әлем біріншілігінде Анастасия Городко жеке могулдан алтыннан алса, параллельді могулда күміспен күптелді. Бәсекенің екінші түрінде ол америкалық Кайли Кариотистен ғана қалып қойды.
Спорттық гимнастикадан Хорватияның Осиек қаласында ұйымдастырылған Challenge Cup турнирінде Ілияс Әзизов қола жүлдеге қол жеткізді. Еркін жаттығуда ол күміс медальды мойнына ілсе, «ат» жаттығуында алдына жан салмады.
Көркем гимнастикадан Болгарияда жалауы желбіреген Sofia Cup халықаралық турнирінде Эрика Жайлауова көпсайысты қола медальмен қорытындылады. Дарынды спортшымыз тек жергілікті гимнасшылар Бориана Колейн мен Эльвира Краснобоеваға ғана есе жіберді. Тағы бір қазақ қызы Айым Мейіржанова төртінші орынға табан тіреді.
Отандық таеквондошылар Ла-Нусияда ұйымдастырылған G1 Spain Open турнирінде үш жүлде олжалады. Тарқатып айтсақ, Әзірет Дүйсенбек (54 кг) – алтын, Абдурахмон Марипов (74 кг) – күміс және Жавовирхон Исламов (58 кг) қола медальдарды мойындарында жарқыратты.
Шайбалы хоккейден Андоррада екінші дивизиондағы командалар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның әйелдер құрамасы екі кездесу өткізді. Алғашқы турда жерлестеріміз Мексиканы 4:2 есебімен ұтса, одан кейін Тайпейді тізе бүктірді – 3:0. Алдағы күндері қыздарымыз Исландия, Бельгия және Испанияға қарсы ойнайды.
20 сәуірде Екатеринбургте жалаң қолмен жұдырықтасудан дүбірлі дода ұйымдастырылады. Сол жарыста қазақ файтері Асылжан «Сақ» Бақытжанұлы ресейлік Ислам «Джанго» Жагоразовпен айқасады. Отандық «Алаш Прайд» клубының мүшесі осы күнге дейін 21 рет октагонға шығып, 15 рет жеңіске жетті. Бес рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді. Ал Ресей спортшысы 21 кездесудің 11-інде басымдық танытты.
Бокстан Қазақстанның жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болып Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Бұған дейін де ол ұзақ жылдар бойы дәл осы қызметті атқарған. Сол кездері отандық былғары қолғап шеберлері халықаралық аренада орасан зор табысқа қол жеткізді. Кейіннен ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. Сәтжановтың жетекшілігімен 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальды олжалап, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді.
Грекия мен Люксембурге қарсы өткен соңғы екі кездесудегі сәтсіздіктерден кейін футболдан Қазақстан құрамасы ФИФА-ның жаңартылған рейтингіндегі жағдайын нашарлатып алды. Жерлестеріміз қазір 103-орында тұр. Өзгелерді айтпағанда, біздің аяқдоп шеберлеріміз көршілес Тәжікстан (99-орын) мен Қырғызстаннан (100-орын) да қалып қойды. Өзбектер – 64-орында. Ал көш басындағы командалар – Аргентина, Франция, Бельгия, Англия, Бразилия, Португалия, Нидерланд, Испания, Италия және Хорватия.