• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 11 Сәуір, 2024

Облыс әкімі тұрғындарды акцияны қолдауға шақырды

136 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастамасын Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдап, жұмысты бастап кетті.

«Белсенді демалыс» саябағына ағаш отырғызып, акцияға қолдау білдірген облыс әкімі Дархан Сатыбалды жастармен жүздесіп, пікір алмасты. Отаншылдық – тазалықтан басталатынын айтып, ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2021-2025 жылдар аралығында өңірдегі 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу көзделген.  Биылдың өзінде миллионнан астам көшет егіледі.

«Көшесінің тазалығына қарап, азаматын, халқын танисың. «Таза өлке – Түркістан» акциясы шеңберінде өткен аптадан бері аудан, қалаларда тазалық, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті. Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру. Осы салаға жауапты басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне, коммуналдық мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Арнайы техникалар, ресурстар бөлінді. Таулар да, ормандар да, өзен-көлдер де, байтақ дала да, ауылдар да, қалалар да – біздікі. Осы байлығымызға жанашырлықпен қарайық! Барша Түркістан өңірінің тұрғындарын осы акцияны қолдауға шақырамын! Бірлік пен еңбектің арқасында Түркістанымызды жасыл аймаққа айналдырайық!», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

«Таза өлке» акциясы басталғалы бері облыста 1500 көше және 33 мыңнан астам аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 140 мыңнан астам ағаш әктеліп, 138 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұдан бөлек 275 саябақ және сквер, 192 дана балалар және спорт алаңшалары тазаланды. Бұл іс-шараларға 279 техника және 15 мыңнан астам адам қатысты. Осылайша күні кеше 10 сәуір мен 11 мамыр аралығында өтетін «Таза өлке – Түркістан» науқаны басталды. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

 

ТҮРКІСТАН