• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 12 Сәуір, 2024

Жақпарына жақұт тұнған

56 рет
көрсетілді

Туризмді түлету үшін тамаша табиғатымызға ғана арқа сүйеу аздық етеді. Қонақ­үйлер, көлік желісін дамыту, туристік маршруттарды кеңейту арқылы саяхат­­таушыларға қолайлы жағдай туғызу маңызды.

2023 жылы елге 1 млн 084,8 мың шетелдік турист саяхаттап келген. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы нәтижемен салыстырғанда 17%-ға өскен. Ал ішкі туристер саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 647,5 мыңға артып, 7 млн 54,5 мың адамға жетті.

Биыл – Қытайда Қазақстанның туризм жылы. Жуырда екі ел арасында­ғы байланыс­ты бекемдеу бағытын­да туристік һәм инвес­т­ициялық форум өтіп, осы өрісті өркендету жайы талқыланды. Қазақстанға жыл сайын көрші елден ағылатын туристердің қатары артып келеді. Былтыр Қытайдан Қазақстанға 220 мыңнан аса турист келген, биыл бұл көрсет­кіш 300 мыңнан асуы бек мүмкін.

Көрші елден керуен тартқан туристердің көз тоқтатып, аялдайтын мекеннің бірі һәм бірегейі – Шарын шатқалы. Келген қонақты тарихы миллион жылдың қойнауын­да жатқан Шарынның шатқалына бүк­кен құпиясы, жақпарына жасырған сыры таңдандырары сөзсіз. Торыайғыр тауының сілемін сүйе аққан Шарын өзенінің жағалауында жайлылық орнатып, қонақтың талғамына татитын қызмет көрсету жолында атқарар шаруа әлі көп.

«Шарын» ұлттық табиғи паркінің директоры Гүлмира Нысанбаева әлемде АҚШ пен Қазақстанда ғана бар шатқалды тамашалаушы туристер­дің қатары артып келе жатқанын мақ­танышпен жеткізді. Десе де ел эко­но­микасының ырысын арттырудағы басым бағыттың бірі туризмді дамыту үшін, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келіп-кетушілерге көрсететін ақылы қызметтің сапасын, жабдықтау деңгейін, сервисін түбегейлі жаңар­тып жаңғыртуға қомақты қаржы керек. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақта жобалау ұйымдарының жетекшілігімен инфра­құрылымды дамытудың бас жоспары жасалған. Бұл жоспарда мемлекеттік қаржыландырудан бөлек мердігерлік қаржы салымын талап ететін маусымдық және орнықты туристік-рекреациялық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар салу көзделіп отыр.

Парк аумағында негізгі тарихи-мәдени және табиғи мұраларының нысандары көз тартарлық. Келуші­лерді де табиғаттың осы көрінісі қы­зықтырады. Шарын шатқалын­да «Қамалдар аңғары» және «Шарын ерен то­ғайы» табиғат ескерткіші мен «Бейіттер мен қор­ғандар», «Темірлік-Кіші шатқал» туристік ба­ғыттары бар. 2022 жылғы есеп бойынша 54 629 демалушы келгені тіркелсе, 2023 жылы Шарын шатқалын тамашала­ған туристер қатары 131 264 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артқан.

«2021 жылы Инфрақұрылымды дамытудың Бас жоспарына түзетулер енгізілді. Үкіметтің 2006 жылғы 7 қа­рашадағы №1063 қаулысына сәйкес жер телімдерін беруге тендер өткізілді. 2021 жылғы 4 наурызда №1 лот бойынша жал­ғыз қатысушы және мемлекеттік са­тып алудың жеңімпазы болып «Qazaq Geography» республикалық қоғам­дық бірлестігі танылды. Келісімшарт негізінде туристерге қызмет көрсетуге арналған нысандар, атап айтқанда, екі визит-орталық, қонақүй, мейрамхана, тамақтану пункттері, глэмпинг, кемпинг, қазақ ауылы, балалар алаңы, автокеруен, жатақхана, тағы басқа да демалушыларға арналған жалпы 13 нысан жоспарланды. Құрылыс жұ­мыстарын бастамас бұрын коммуникацияны жүргізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты «Шарын шатқалы қамалдар мен аңғары» туристік маршрутына электр желілері жүргізілді. Инфрақұрылым нысандарын салу­дың қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау бойынша өткен қоғам­дық тыңдаудың оң нәтижелерінен кейін аталған құрылыс жұмыстары бас­талды. Қазір визит орталығы, глэмпингтер, қазақ ауылы, жылжымалы тамақтану пункті, мейрамхана орнатылып, туристерді қабылдауға толық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар турис­тік бағы­т­тарда абаттандыру жұмыстары бары­сында демалушылардың қолай­лылығын арт­тыру мақсатында су бұр­қақтары, грот, жаңа техно­логиядағы эко­дәретхана, туристік бағыт­тарға бел­гілер мен бірнеше стелла орнатылды. Ауызсу мәселесін шешу мақсатында демеушілердің көмегімен келіссөз­дер жүргі­зіліп, жерді анықтау жұмыста­ры қолға алынды», деді Г.Нысанбаева.

Биыл «Шарын» мемлекеттік ұлттық таби­ғи паркіне 20 жыл толды. Экотуризмді өріс­тету жолында атқа­рар шаруа әлі де шашетектен. Бірер жыл бұрын Шарын шатқалы­ның аңға­рында туристер үшін аспалы жол салы­натын бірегей жоба іске қосылады деп алақайладық. Әйгілі жоба әзірге қа­ғазға қат­таулы күйі тұр. Бұған алдағы уақытта арнайы тоқталамыз.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Қазақстанға қызы­ғушы туристер­дің шоғыры қалың екенін, табиғатымыздың тамашасын тарту ету жолында кешенді жұмыс­тар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Әрине, АҚШ-тағы Гранд-каньонда­ғы­дай инфрақұрылымды өрістету жүзе­ге асса, жақпары тұнған жақұт Шарын шатқалының да шалқитын ша­ғын көргіміз келеді. Бұл үшін сөзден іске көшетін кез әлдеқашан жетті.