• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Сәуір, 2024

Сенатор: Ауыл шаруашылығын дамытуға қаражат жеткіліксіз жоспарланған

110 рет
көрсетілді

2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Жамбыл облысына қомақты қаржы бөлінген болатын. 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шамамен 30,6 млрд. теңге қаржыға ие болды. Алайда, сенатор Сәкен Арубаев ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін аталған қаражат жеткіліксіз жоспарланғанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат депутатының айтуынша, мысалы, 9,8 мың га алқапта қант қызылшасын өндіруге 8,6 млрд теңге қажет болатын, алайда 2 млрд теңге ғана бөлінді. Сондай-ақ егіс алқаптарын ұлғайтуға қажетті минералды тыңайтқыштарға субсидия берілмеген.

«Негізгі мәселелердің бірі – өздігінен жүретін доңғалақты тракторлар мен комбайндардың жаңару көрсеткішін 10,0 пайызға дейін жеткізу. Ал, шаруалардың өз қаражаты есебінен техниканы сатып алуға мүмкіншілігі төмен. Бүгінгі күнге, техниканы және технологиялық жабдықты сатып алуға несие беру, сондай-ақ, лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы шеңберінде бастапқы аванстық төлем жүргізу арқылы өз шешімін тауып отыр. Дегенмен, бұған дейін жасалған шарттар бойынша субсидиялар суммасы мен алдағы қарастырылатын жобаларға аванстық төлемдер өтелген жағдайда ғана қосымша 100 бірлік әртүрлі техникамен қамтуға мүмкіндік бар. Бірақ бұл шешілмеген мәселелердің қатарында қалып отыр», деді сенатор депутаттық сауалында.

Сенатор аталған өңірдің мал шаруашылығы саласында да жағдай күрделі екенін атап өтті, дамытуға 5,3 млрд теңге бөлінсе де өткен жылдан қалған резервтік өтінімдердің қарыз сомасы 2,6 млрд теңгені құраған. Бұл мал шаруашылығының бұдан былайғы дамуына қауіп төндіріп отыр.

«Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын іс жүзінде орындау мақсатында, Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенінің  2023 жылдан қалған қарыздарын өтеуге және 2024 жылға қолдау көрсету үшін тиісті қаржы қажеттілігін қарастыру керектігін, сондай-ақ республикамыздың барлық өңірлерінде де аталған мәселе өзекті екендігін жеткізе отырып, барлық бағыттар бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылдау керек», деді Сәкен Арубаев.