Бүкіләлемдік авиация және ғарышкерлер күніне орай елордамыздағы Ұлттық қорғаныс университетінде ғарышкер, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Айдын Айымбетовпен кездесу өтті. Іс-шараға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері және оқу орнының ұстаздары мен магистранттары қатысты.
Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы, генерал-майор Асқар Мұстабековтің кіріспе сөзінен кейін Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев аспан әлемін бағындырудағы «Байқоңыр» ғарыш айлағының маңызы және 63 жыл бұрын тұңғыш адамзат баласының түпсіз-тұңғиық жұлдыздар патшалығына біздің даламыздан аттанғаны туралы әңгімеледі. Осы жылдар ішінде әлем бойынша ғарышқа 600-ден астам, соның ішінде «Байқоңыр» айлағынан 170-тен астам адам аттанғанын атап өткен сенатор солардың ішіндегі қазақтан шыққан үш ғарышкерге айрықша тоқталды.
«Тоқтар Әубәкіров 1988 жылы кеңес одағында тұңғыш рет әуеде қалықтап келе жатқан ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты.
Талғат Мұсабаев жұлдыздар әлеміне алғаш рет 1994 жылдың 1 шілдесінен бастап 4 қарашаға дейін саяхаттады. Ол Жерден «Союз ТМ-19» кемесінің борт инженері ретінде ұшты. Бұдан кейін 1998 жылы тағы да аттанып, ғарышта 29 қаңтардан бастап 25 тамызға дейін болды. Сапар барысында Талғат Амангелдіұлы ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шықты.
2015 жылы 2 қыркүйекте Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» кемесімен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. Айдын Айымбетов маңызды зерттеулер жүргізді. Бүгінгі таңда ол «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен аэроғарыш кешенінің президенті», деді сенатор.
Кездесу барысында Айдын Айымбетов туралы деректі фильм көрсетіліп, көпшілікке беймәлім бірқатар қызықты мәлімет айтылды. Жалпы, оның ғарышқа ұшуға дайындығы 2008 жылы басталыпты. Сол кезде ғарышкер-сынақшы Мұхтар Аймаханов екеуі 2009 жылдың соңында аспан әлеміне аттануға тиіс экипаж құрамына кіруі мүмкін үміткерлер ретінде тіркеледі. Алайда қаржы мәселесіне байланысты бұл жоспар жүзеге аспай, тек 2012 жылы «Байқоңыр» космодромын пайдаланып отырған «Роскосмос» корпорациясы ғарышқа ұшу үшін оларға Ресей азаматтығын алу керек деген талап қояды. Бала күнінен ғарышкер болсам, жұлдыздар әлемін көрсем деп армандаған екі азаматтың алдында не Отан, не ғарыш деген таңдау тұрған еді. Содан Мұхтар Аймаханов ғарышқа сапар шегуді таңдайды да, Ресей азаматтығын алады. Ал Айдын Ақанұлының патриоттық сезімі басым болып, өзге елде сұлтан болғанша өз елінде ұлтан болғанды құп көреді. Дегенмен кейін уақыт көрсеткендей, Мұхтар Аймаханов ақыры ғарышқа ұшқан жоқ. Ол тіпті 2022 жылы «Роскосмостан» да кетіп тынды. Ал Отанын өзге елге айырбастамаған Айдын Айымбетовтің жолы болып, 2015 жылы қазақтан шыққан үшінші ғарышкер атанды.
Университет магистранттарымен кездесуде Халық қаһарманы мәлім де беймәлім ғарыш әлемі, ғарышкер болудың қыр-сыры жайында әңгімелеп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, бұрын ғарышқа ұшу үшін ең алдымен денсаулықтың мықтылығына қарайтын. Ал қазіргі таңда адамның білімі басты орында. «Ғарыш сапары оңай емес. Онда түрлі қиындықтар, денсаулыққа ауыр салмақ болуы мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте адамның денсаулығына мән берілетін. Ал қазір техниканың дамуына орай ең алдымен адамның жоғары біліміне назар аударылады. Денсаулық – екінші кезекте. Жоғары білім не үшін керек? Оқытушылар мен нұсқаушылар айтқандай, жер бетінде 4 деген бағаға білген нәрсеңді ғарышта 3-ке білесің. Жерде 3-ке оқысаң, ғарышта ештеңе білмейсің. Сондықтан ғарышкер болу үшін емтихандағы ең төменгі баға – бес. Одан төмен оқыған адам бұл сапарға жіберілмейді», дейді Айдын Айымбетов.
Сонымен бірге адамның білімімен қоса, психикалық-эмоциялық жағдайына да баса мән беріледі. Өйткені ұзақ уақыт бойы ғарыш кемесінің тар аясында өмір сүру адам санасына үлкен салмақ салатын көрінеді. «Бұл – өте маңызды мәселе. Өздеріңіз карантин кезінде көрдіңіздер, адамдар сыртқа шықпай пәтерде отырғанда бұл олардың психикасына кері әсер еткені белгілі. Ал енді ғарышкерлердің жағдайын ойлап көріңіз. Жарты жыл бойы көлемі әрі дегенде үш бөлмелі пәтермен тең, есік-терезесі жоқ тар қапаста өмір сүру оңай емес. Олар бұл жерде алға қойылған тапсырмаларды орындайды, зерттеулер жүргізеді. Мұндай психикалық-эмоциялық қысымға алғашқыда кейбір ғарышкерлер дайын болмай шығады. Үйреніп кету үшін біршама уақыт керек», дейді Халық қаһарманы.
«Сіздер осы өмір сүріп отырған ортадағы ауаның исі жайында ойланып көрмеген шығарсыздар, деп сөзін жалғады ол. – Ал бірнеше ай бойы ғарышта темірдің құрсауында, техникалық атмосферада өмір кешетін әрбір ғарышкер жер бетіндегі ауаның қандай жұпар иіске толы екенін жақсы біледі. Өйткені ғарыш кемесінде бұл жұпардың бірі де жоқ. Ол жерде әрбір ғарышкер темір, резеңке, техникалық май, т.б. заттардың исін ғана сезеді. Менің өзім тіпті әртүрлі металдың өзіне тән бөлек исі болатынын сол жақта жүріп сезіндім. Өйткені басқа иіс болмағаннан кейін соларды ажырата бастайсың. Кейін жерге қонған соң, капсуланың люгі ашылғанда қазақ даласының жұпарға толы исі ішке лап қояды. Сол кездегі сезімді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл ауаның исі қандай ұлы нығмет екенін білесің. Топырақ, гүлдер, ағаштар, жусанның исіне ештеңе жетпейтінін түсінесің. Оны ұмыту мүмкін емес».
Ғарыштағы ерекше құбылыстың бірі – салмақсыздық. Айдын Айымбетовтің айтуынша, аспан кеңістігіне енгеннен кейін болатын осы құбылысқа үйрену және жерге оралғаннан кейін қайтадан тартылыс заңына бейімделу – ғарышкерлер үшін ең ауыр тиетін әсерлердің бірі. «Қазір сіздер орындықта жай ғана отырсыздар, бірақ соның өзінде бұлшық еттеріңіздің 70 пайызы жұмыс істеп тұр. Өйткені денеңізді тік ұстау керек. Жердің тартылыс заңынан туындайтын салмақтан омыртқамыз майысып, қисайып тұрады. Ал ғарыштағы салмақсыздық жағдайында бірде-бір бұлшық ет жұмыс істемейді. Өйткені сен ауада қалқып жүресің. Омыртқаңыз бұрынғыдай қисық емес, біртіндеп түзеле бастайды. Нәтижесінде, адамның бойы да ұзарады. Мысалы, мен 10 күннен кейін 7 см-ге ұзардым. Сондықтан скафандр да соған лайықты созылмалы келеді. Салмақсыздық жағдайында адам ағзасындағы қанның 30 пайызын өзі «жеп» қояды. Өйткені ол жақта ағзаға көп қан керек емес. Қаңқаға салмақ түспегендіктен, сүйектегі кальций жоғала бастайды. Яғни сүйек морт сынғыш болады. Бірнеше ай осындай жағдайға үйреніп, кейін жерге оралғанда гравитация заңы жұмыс істейді де, омыртқа сүйектері қайтадан ауыр салмақтан бір-біріне жабысады. Бұлшық еттерге салмақ түседі. Бірнеше күн өткесін адам өздігінен жүруге жарағанымен, жоғарыда айтылған ағзадағы өзгерістер толық қалпына келуі үшін кемінде жарты жыл уақыт керек», дейді ол.
Ғарышкерлердің денсаулығына кері әсер етуі мүмкін тағы бір қауіп – ғарыш радиациясы. Радиациялық толқындар күшейетін кезде Жерден радиограмма арқылы ескерту жіберіледі. Мұндай кездері тіпті көзді жұмып тұрғанда да адамның көзіне жұлдызшалар көрінеді екен. Айдын Айымбетов мұның радиациялық элементтердің көру жүйке жүйелеріне әсері екенін айтады. «Әрбір ғарышкер өзімен бірге жеке дозиметр алып жүреді. Радиация мөлшері артатын болса, ғарыш кемесінде арнайы жасырынатын орындар бар», дейді ол.
Ал ғарыш сапарының ең қауіпті бөлігі – жерге оралу кезеңі. «Экипажды Халықаралық ғарыш стансасынан жерге жеткізетін капсуланың ішінде ғарышкерлер эмбрион секілді жатады. Қозғалмайтындай етіп белдікті барынша қатты тартып байлайды. Бұл аппараттың аса үлкен жылдамдықпен атмосфераға кіретін уақыты секундпен есептеледі. Ғарыштағы 1 секундтың мөлшері жердегі 300 шақырымға тең. Егер атмосфераға 1 секунд бұрын кірсе, жерге 300 км жетпей қалады. 1 секунд кешігіп кірсе, жерге келіп соғылуы мүмкін. Сонымен қатар аппарат атмосфераға люк жағымен емес, өрттен қорғалған жағымен кіруге тиіс. Егер люк бетімен кірсе, ауамен үйкелу салдарынан өрт пайда болып, экипаж қаза табады. Жердің ауа қабатына енгенде біз иллюминатордан сыртқа қарап отырдық. Алдымен ұшқындар пайда болып, күшейе келе ол жалынға айналды. Дәл сол кезде жермен радиобайланыс үзілді. Содан бастап аппарат жерге қонғанша ғарышкерлердің өлі не тірі екенін ешкім де білмейді», дейді Айдын Айымбетов.
Халық қаһарманының айтуынша, басқа да дамыған мемлекеттермен бірге ғарышты игеру – еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Өйткені ғарыш – болашақ ғылым дамуының локомотиві. «Қазір Илон Масктың есімі бәрімізге таныс. Оның ғарышты игеру, бірнеше рет ғарышқа барып келе алатын кеме жасау, азаматтық орбита стансаларын салу, т.б. идеялары келешектің еншісіндегі ғылым жетістіктері. Біз де осы көштен қалмауымыз керек. Қазір Айдың бетінен де ғарыш айлағын салу туралы ойлар көтеріліп жатыр. Жерден ұшып шыққан ғарыш кемесі Айға тоқтап, жанармай құйып алып, одан әрі қарай ұшып кету мүмкіндігіне жетуіміз кәміл. Осы және басқа да ғарыштық зерттеулер өзге ғылым салаларының дамуына ықпал етеді», дейді ол.
Айдын Айымбетов қазіргі таңда «Қазғарыш» агенттігі басқа да ұйымдармен төртінші отандық ғарышкерді ұшыру келіссөздерін жүргізіп жатқанын жеткізді. Біз одан бұл жауапты сапарға кімді лайық көретінін сұрадық. Бұған Халық қаһарманының жауабы былай болды: «Егер келесі жолы ғарышқа кімді ұшыру керек десе, мен саясаткерлерді жіберуді ұсынар едім. Олардың арасында ел мен елдің арасына жік салып, бір-бірімен ұрыстырып отыруға әуес жандар көп. Ал көкке көтеріліп, Жерге сырттан қарасаң, оның бетінде ешқандай шекара жоқ екенін көресің. Бәріміз – Жер атты бір үйдің тұрғындарымыз. Халықаралық ғарыш стансасында 6 адам болдық. Әрқайсымыз әр елдің азаматы едік. Біз қайтқанда қазақ жеріне қонғанымызбен, нақты бір елдің аумағына емес, Жерге, ортақ үйімізге оралдық деп есептедік. Ғарышқа бір рет ұшқан жан адамзаттың бәрі шын мәнінде бір-біріне бауыр екенін түсінеді».