• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 16 Сәуір, 2024

Ашамай

139 рет
көрсетілді

Үш-төрт жыл бұрын, желтоқсанның жуан ортасында ауылға ат ізін салғанбыз. Мақсат – жылдық азық соғым әкелу. Атадан қалған төл малдың ішінде оң жақ жамбасында бұршақ таңбасы бар торы құнан бар еді. Алдын ала хабарланған жылқышы табынды қотанға иіріпті. Жалғыз мен ғана емес, ауылда жылқы ұстайтын ағайынның бәрі соғым қамында.

Қысыр емген торы құнан күйлі екен, жалы құлағымен бірдей. Жүген-құрық тимеген шу асау. Ноқта салғызар болмады. Ноқтаңыз не, арқан бойы жақындатпайды. Етпісірім уақыт осқырынып тұрған үркек құнанды қуалап елдің де, жылқының да берекесін кетірдік.

– Пәлі, құрықтарың жоқ па? – дейміз біз күн кешкі­ріп бара жатқан соң келген шаруамызды тезірек рет­тегіміз келіп.

– Құрық салатын кісі қалды ма? – дейді Оспан ақсақал, – қазір жылқышылар жылқыны атпен емес, мото­циклмен бағады.

Әлден соң ақыл қосқан ағайын тығырықтан шығар жол тапқан. Онысы атып алу екен. Биыл қыста етке тісім тимесе де, торы құнанды оққа жығу обал тіпті. Ата ма­лының жұқанасы. Біздің шалдың көзі тірі кезінде қолынан шығармай ұстаған, омыраулы, қыр арқасына екі кісі еркін сыятын, сүті бұлақтай, өзі жуас торы биенің тұқымы. Қазір кепиетінен жаратқан өзі сақтасын, иен далада еркін жайылған, құлынында бас білмей, жабағы кезінде жуасытылмай, тағы болып кеткен малға бұғалық салып қиналмай-ақ, атып алатын «өнер» шығыпты. «Мал құлағы саңырау». Мұнан соң босағаңа мал біте ме?

Бала кезімізде көрдік. Шу асау тайларды жылқының ішін қақ жарып, екпіндете келіп керек малды құйры­ғынан тартып тоқтатушы еді. Құлағынан басып отырып ноқ­талайтын. Азаматтың білек күші, қайраты, жүрек­тілігі осы жерден көрінетін. Қазір елуі жабылып ешкіні әзер жығады.

Өткен жылы көктемде ауылға соққанбыз. Нағашы інім кекілі желбіреген кішкентай баласын ашамайлап атқа мінгізіп жүр екен. Қызық көріп қолтығынан демеп, ақ тілегімізді күбірлеп айтып, қасқа құнанға мінгіздім. Ашамай ердің баланың тақымы тиер жердегі құрақ көрпе жұп-жұмсақ екен. Көзін ашқаннан малдың ішінде жүрген бала емес пе, қасқа құнанның жалынан тартып бір-ақ қар­ғыды. Бір ғажабы, құнан ауыздығымен алы­сып, ала қашқан жоқ, мөңкіп туламады да, тіз­гінді сыңар езулей тартып баланың ырқына көне берді.

– Кейін ер жеткен соң ауылда қала ма, жоқ әлде білім іздеп қалаға бара ма, өзі біледі. Бірақ жасынан ат жалын тартып мініп, ширап өскені жақсы, – деді нағашы інім, – құнанның түгі де кетпейді, қайта бас біле түседі. Ал ер қанаты – атқа мінген баланың көңілі асқақ, көкірегі көтеріңкі. Жылқының үстінде желі болатыны рас болса, көзқарасы қалыптасып, дүние-танымы кеңіп, өрлік пен ерліктің сыналай себезгілеген лебін жас көкірегімен сезініп, тасқайрақтай лыпып тұрса ғанибет емес пе? Әйтпесе, боз даланың баһадүрі сейіліп, бозөкпесі қаптап кеткен мына замандағы көрініс жанымды күйзелтетіні бар.

Ел ашамайды ұмытқалы қашан. Бесіктен белі шыққан бала түгілі алпысты алқымдап қалғандар да біле бермейді. Алаш жұртының қайраты бетінде тебіндеп тұратын кешегі көрінісі ескінің елесін тірілтсек қана ордасына оралар.