Бұрынғы кеңестік республикалар үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ел басына төнген зұлмат – Ауған соғысы. Бұл соғыста халқымыздың қаншама боздақтары жат жердегі оқ пен оттың ортасында ажал құшты, көпшілігі елге мүгедек болып оралды. Бүгінде елімізде олардың мүддесін қорғайтын бірнеше ұйым бар. Соның бірі – Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін қолдау қоры. Біз осы ұйымның төрағасы, «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» РҚБ Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша филиалдарының басшысы Беслан Бекбұзаровты әңгімеге тарттық.
– Беслан Аланбекұлы, елімізде «ауған ардагерлері» дейтін бір шоғыр адам бар. Олар көрген қырғын Екінші дүниежүзілік соғыстың зұлматынан кем болған жоқ. Алайда «ауғандықтарға» әлі күнге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келе жатқан сияқты.
– Көптеген отандасымыз Ауғанстандағы соғысқа қатысып, өздерінің әскери борышын абыроймен орындады. Оларды бәрімізге ортақ қасиет әскери антқа адалдық біріктірді. Қазіргі жастар үшін ел қорғаған ардагерлерден үйренетін нәрсе көп. Атап айтқанда, батылдық пен төзімділік, Отанға деген сүйіспеншілік және басқа да көптеген адами, кәсіби қасиетті бойларына дарыта алады.
Кеңес әскері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына биыл 15 ақпанда 35 жыл толды. Тарих сахнасында бір ұрпақ ауысты. Кеше ғана қанды қырғынды көрген сол жас жігіттердің ең берісі елудің ортасына келіп, үлкендері алпысты еңсеріп, зейнетке шығып жатыр. «Уақыт – бәріне емші», дейді ғой халқымыз. Әйткенмен, ауған аласапыранынан қалған жан жарасы көңілден кетпейді екен. Бұршақша жауған оқтың ортасында өрімдей жастардың талайы қыршыннан қиылды. Жар сүйіп, ұрпақ өрбіту бақытынан айырылды. Бірақ «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, елге аман-есен оралып, бақытын еңбектен тауып жатқан замандасымыз жетерлік.
Ауғанстанда әскери және азаматтық интернационалдық борышын абыроймен өтеген жас жігіттер елге оралған соң талай қиындықпен бетпе-бет келді. 1985 жылы қайта құру басталса, 1991 жылы КСРО ыдырап, интернационалист-жауынгерлер шенеуніктердің түсініспеушілігі мен қоғамның енжарлығына тап болды. Сондықтан 80-жылдары Ауғанстаннан оралған жастарды қолдау мақсатында ардагерлер одақтары құрыла бастады. Қолдау моральдық жағынан да, материалдық тұрғыда да жүргізілді. Қайтып оралған жігіттер кәсіподақтардан өз орнын тапты, онда оларды түсініп, жан-жақты қолдау көрсетті.
Мен 20 жыл бұрын қазіргі өзім басқарып отырған қорға келіп, ардагерлерді қолдау қозғалысымен танысып, бұл жерде атқарылып жатқан ауқымды жұмысты көрдім. Сол күннен бері талай уақыт өтсе де, ардагерлер мен мүгедектерге, қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларына қолдау көрсетудің игі дәстүрі жалғасын тауып келді. Өзім де осы іске үлесімді қоса алатынымды түсініп, шетте тұра алмадым. Өйткені бойымда жас ұрпақты дамытуға ықпал ету үшін күш пен мүмкіндік бар екенін сезіндім.
Бірақ қазіргі күні Ауғанстанда етігімен су кешкен жауынгерлерге мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. 35 жыл бойына олар өздерінің мүдделерін қорғайтын заңды күтті. Бұрын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестіріліп, бұл мәртебе белгілі бір жеңілдіктерге мүмкіндік беретін. 2020 жылдың 6 мамырында «Ардагерлер туралы» заң қабылданып, ауған ардагерлері тарапынан жұмыс тобына енгізілген ұсыныстар оған енбей қалды. Енді біз өзге мемлекеттер аумағында әскери іс-қимылдарға қатысушы ғана болып қалдық.
Қазіргі күні Ауғанстанда соғысқан азаматтардың 20 пайызы әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілмеген, көпшілігі мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрместен ана дүниеге аттанып кетті. Жоғарыда айтылған заң асығыстау қабылданған секілді. Оған тез арада өзгеріс енгізу қажет деп есептейміз. Ауған ардагерлеріне зейнетақыларын арттыру, қосымша көмекті көбейту, емдеу, санаторийлік-курорттық сауықтыру, квота беру, баспана беру секілді мәселелерін тез арада шешу керек. Олардың да отбасылары бүгінгі заманда лайықты өмір сүруге құқылы. Президенттен түйіні шешілмеген көптеген әлеуметтік мәселеге алаңдап жан ұшырған аналардың жанайқайын жан-жақты тексеріп, шешім қабылдауды сұраймыз.
– Өзіңіз басқарып отырған қор ауған ардагерлеріне қандай қолдау көрсетеді?
– Біздің қордың жұмысы, оның ішінде қайырымдылық қызметінің ауқымы әлдеқайда кең және тек ардагерлерге көмек көрсетумен шектелмейді. Физиологиялық ерекшеліктеріне немесе қандай да бір ерекше өмірлік жағдайға байланысты қиындыққа тап болған адамдар көп. Өрімдей жас кезінде ұрыс алаңына аттанған сарбаздардың басты міндеті – халықаралық терроризммен күресіп, есірткі бизнесінің шекарадан өтуіне тосқауыл қою еді. Отанына аман-есен оралғандардың ерлігі ескеріліп, арнайы медальдармен марапатталды. Алайда рухы мықты және ең батыл сарбаздар ғана азаматтық өмірге қайта бейімделе алды. Ауған соғысына 22 269 отандасымыз аттанған. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тапса, 1 015 адам мүгедек болып оралып, 19-ы із-түзсіз жоғалды. Бүгінгі күні 70-тен аса азамат әскер қатарында қызметін жалғастырып келеді.
Бұл адамдар Ауғанстаннан кеткенімен, соғыс салған іздер олардың жанында қалып қойды. Әрбір жауынгердің бойында посттравматикалық синдром бар. Олардың бүгінгі жағдайы мәз емес, ашық айтқанда, қиын. Мәселен, маған бізді, ауған ардагерлерін әлеуметтік осал топ санатына қосқаны түсініксіз. Мұны Отан алдындағы борышын өтеп, антқа адал болған адамдарды қорлаумен тең деп есептеймін.
Біздің қор тарапынан көмек әрқашан қаржылық тұрғыда бола бермейді, біреуге күнделікті тіршілікке қажетті кеңес немесе заңгерлік кеңес қажет, ал біреу қарапайым адами қарым-қатынасқа мұқтаж. Бұлар да жабырқаған жанға демеу, кейбіреулер үшін ол кез келген материалдық көмектен әлдеқайда маңызды.
– Сіздердің жұмыстарыңыздың бір бағыты – жастарды қолдау, саламатты өмір салтын насихаттау. Бұл тұрғыда қандай іс-шаралар іске асырылып жатыр?
– Уақыт өткен сайын сол сұрапыл соғыс тарих қойнауына сіңіп, біртіндеп алыстап барады. Оған қатысқан жауынгерлердің қай-қайсысы да азаматтық борыштарына адалдық танытып, қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Біз олардың ерліктері, жауынгерлік жолдары туралы айта отырып, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатып, Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, шыңдай түсетінімізге сеніміміз мол. Осыған орай ардагерлер өз идеяларын, мүмкіндіктерін, тұжырымдамаларын жүзеге асыру, өмірлік тәжірибесін кейінгі толқынға беру, бейбітшілік, достық және өзара көмек идеяларын насихаттау мақсатында жасөспірімдердің спорттық және әскери-патриоттық клубтарын құрды.
Қазіргі таңда, өкінішке қарай, жастардың басым көпшілігі қимылсыз, аморфты өмір салтын ұстанады. Олардың бос уақыттарының басым бөлігі гаджетпен өтіп жатыр. Сондықтан біз жастармен көп жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеміз. Спорттық жарыстарға да үнемі қатысып отырамыз. Мәселен, биыл кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай дзюдодан Алматы қалалық турнирі өтті. Алдағы уақытта таеквондодан ITF және WTF бойынша республикалық турнирлер және хапкидодан халықаралық жарыс өтеді деп отырмыз.
– Қор тарапынан пандемия кезінде, Қаңтар оқиғасында халыққа көмек беру, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша іргелі істер атқарылыпты. Соны кеңірек айтып берсеңіз.
– Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін қолдау қоры қоғамдық ортада жиі байқала бермейтін, алайда ел үшін құны жоғары жұмыстарды жүзеге асырады. Көп адам карантин кезеңінің қиындықтарын ұмыта бастады. Бұл кезде тіпті өмірлік маңызы бар өнімдерді табу қиын еді. Сонда ауған ардагерлерінен құрылған еріктілер тобы халыққа 10 мыңнан аса гуманитарлық көмек таратты.
2022 жылдың қаңтары әрбір алматылықтың өмірінде өшпес ізін қалдырды. Сол күндері Алматыда құқықтық тәртіпті сақтау жөніндегі штаб құрылып, біз тоғыз күн бойы жеті қалалық аурухананы, жедел жәрдем стансасын, бірқатар әлеуметтік нысанды күзеттік. Ардагерлер 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта патрульдер ұйымдастырды. Көмекке мұқтаж кез келген адам хабарласа алатын сенім телефоны жұмыс істеді. Осы күндері қиындық пен қауіптен қорықпай қоғам тәртібін қорғауға шыққан жігіттердің бәрін де батырлар деп айтуға негіз бар.
– Батыр демекші, сіз Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевпен көп жылдан бері қоян-қолтық жұмыс атқарып келесіз. Жуырда баспасөздегі сұхбатында ауған ардагері Бақытбек Смағұл батырға жоғары атақты алуға себепкер болғанын айтты. Бұл қаншалықты рас?
– Бақытжан Ертайұлы – елімізге белгілі тұлға, танымал қайраткер. Сондықтан оның депутаттығы да, ең жоғары атағы да заңды талқылаулардан, құзыретті комиссиялардан өтіп, бекітілген. Бұл жерде бір адамның ұсынысы деген шындыққа сәйкес келмейді.
Генерал Бақытжан Ертаев өмірінде бір күн де жұмыссыз отырған жоқ. Ол жасынан әскери жолды таңдады, генерал деңгейіне дейін өз еңбегімен өсті. Қорғаныс министрлігінде жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Сосын депутат болып сайланды. Еліміздің бүкіл Халық қаһарманы бірауыздан оны «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы етіп сайлады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»