27 сәуірде Алматыда кәсіпқой бокстан «IBA-ның Чемпиондар түні» деп аталатын халықаралық турнир өтеді. Басты жекпе-жекте еліміздің даңқты боксшысы Данияр Елеусіновтің Өзбекстан өкілі, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Саиджамид Джафаровпен күш сынасуын жанкүйерлер асыға күтіп отыр.
Аталған жарыста тағы да кімдердің шаршы алаңға шығатыны бірте-бірте анықталып жатыр. Әлем және Азияның екі дүркін чемпионы Теміртас Жүсіпов (аса жеңіл салмақ) армениялық Рудольф Гарбоянмен қолғап түйістіреді. Кәсіпқой рингте 19 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіс тойын тойлаған Бекман Сойлыбаев (бірінші жартылай орта салмақ) Моңғолияның өкілі, әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің финалисі, Азия чемпионатының жеңімпазы Хархуу Энх-Амармен айқасады. Құрлықтық деңгейдегі жарыстарда қола медальды мойнына ілген Сағындық Тоғамбай (аса ауыр салмақ) Түрікменстан алыбы Давлат Болтаевпен жұдырықтасады. Бұл бәсекелердің барлығы да алты раундқа есептелген.
Сегіз раундтық сайыста кәсіпқой рингте біраз тәжірибе жиған Талғат Шәйкен (орта салмақ) ресейлік Юрий Осиповпен шеберлік байқасады. Смоленск облысының тумасы өз елінің ішкі біріншілігінде үш рет жүлделі орынды иеленіп, Бүкілресейлік спартакиадада топ жарған. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл (жартылай ауыр салмақ) Ресейдің тағы бір өкілі Магомед Мадиевпен шеберлік байқасады. Авар ұлтының өрені осы күнге дейін 18 жекпе-жек өтізіп, 15 рет басымдық танытты. Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (бірінші ауыр салмақ) Доминикан Республикасынан келген боксшы Луис Антонио Техедамен айқасады.