• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 16 Сәуір, 2024

Президент Қостанай облысындағы су тасқыны жағдайын бақылады

204 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент ұшағы Қостанай облысына қонды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқан аумақтарды аралап көрді, деп жазады Egemen.kz.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі алты аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты.

Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шекті. Қазір жағдай тұрақы. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1414 электр бағанына нұқсан келді. Нәтижесінде Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекенді электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер пайда болды.

Сонымен қатар Президентке облыстың негізгі гидротехникалық нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.

Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын және басқа да елді мекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.