Сарматтар дәуірінің жауынгеріне ескерткіш орнатылды
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында ерекше ескерткіш ашылды. Ерекше болатыны сол, бұл – «Алтын адамның» ескерткіші. Ал бұл «Алтын адам» қайдан, қашан, қалай табылып еді?
Дәл осы ауданның аумағында Аралтөбе аталатын қорым бар. Белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы 1989 жылы осы қорымды ашқан екен. Алайда, әртүрлі себептермен аталған қорымда археологиялық қазба жұмысы жалғасын таппаған. Кейін арада он жыл өткенде, яғни, 1999 жылы дәл осы қорымнан үш зират қазылды. Қай кезде екені белгісіз, әйтеуір бұрын тоналған екі зираттан мәйіт қаңқалары, шыны моншақ пен жебе, қанжар сынықтары табылған. Сол кезде қазба жұмысын жүргізген Зейнолла Самашев қорымдағы үшінші зираттың тоналмағанын айтып еді.
Үшінші зиратты қазу барысында шалқасынан жатқызылған мәйіт, оның жанында жүзден астам жебе салынған қорамсақ пен қыш құмыраның бары анықталды. Сонымен бірге, қайқы қылыш та болған. Мұны археологтар сарматтар қоғамының жоғары лауазым иесі, қолбасылыққа қоса абыздығымен танымал болған деген тоқтамға келді. Өйткені, ер адамның қасында әйелі де, екі аты да жерлеген. Бұл қорымға жерленген адамдардың киім-кешегі өте қымбат асыл бұйымдармен, көркем әшекейлермен безендірілгені белгілі болды. Қару-жарақпен бірге абыздың асатаяғы да табылып еді. Сол себептен, ел шежіресіне Аралтөбеден табылған сарматтар дәуірінің жауынгері «Алтын адам» ретінде қосылған болатын.
Сарматтар дәуірінің жауынгері енді, міне, алда айтқанымыздай Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Құлсары қаласының қақ ортасында еңселі ескерткіш болып бой көтерді. «Алтын адамға» ескерткіш орнату идеясын, шындығын айту керек, Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов көтеріпті. Өйткені, дәл осы азамат 1999 жылы Зейнолла Самашев бастаған археологиялық экспедиция мүшелеріне ұдайы қолдау білдіргенін білуші едік. Сол кезде ол осы аудандағы «Құлсарымұнайгаз» басқармасын басқаратын еді. Қазір ауданның басқару тізгінін қолына алған елжанды, мәдениет пен өнердің шынайы жанашыры Мақсым Ізбасов былай дейді:
– «Аралтөбе қорымынан табылған «Алтын адам» – көшпенділер тарихы мен мәдениетінің тым әріден басталатынын дәлелдейтін, сонау сарматтар дәуірінен біздің заманымызға дейін-ақ өркениетті ел болғанының белгісі. Осындай тарихи құндылығымызды дәріптеу жастардың елі мен жерінің тарихын тереңірек тануына, елжандылық пен ұлттық рухани мақтаныш сезімін қалыптастыруға зор әсер ететіні сөзсіз. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында, «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау», деген болатын. Біз де бүгін тарих қойнауынан жеткен бабалар жәдігерін құрметтеп, оны елдің мақтанышына айналдыруды көздедік.
«Алтын адам» ескерткішінің биіктігі – 5 метр. Оны жергілікті мүсінші Серік Мәтениязов сомдапты. Бұған дейін 20-ға жуық мүсінді сомдаған шебер «Алтын адам» ескерткішін үш айда жасап бітірген.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Жылыой ауданы.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.