Бүгін ел астанасында дәстүрге айналған «Astana Eurasian Book Fair – 2024» VII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды.
Кітап көрмесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания, Қытай елдерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық өнімдерін ұсынатын 70-ке жуық компания қатысады.
Биылғы жобаның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, жастардың оқырмандық талғамын қалыптастыру, оқырмандарға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің ең жақсы заманауи ассортиментін ұсыну, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесімен алмасу, әлемдік баспалармен байланыс орнату және баспа ісіндегі жетістіктерді көрсету болып отыр.
«Astana Eurasian Book Fair – 2024» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты болатын бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме қонақтары мен қатысушыларын жетекші отандық және шетелдік баспалардан балалар әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиеттердің тұсаукесері, белгілі ақын-жазушылармен қолтаңба-сессиялар, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер күтеді. Бес күндік көрмеде күн сайын ойын алаңында кітап оқу, шеберлік сыныптары, тағы басқа да қызықты іс-шаралар өткізіледі.
Айта кетейік, кітап көрме-жәрмеңкесін дәстүрлі түрде «Фолиант» баспасы ұйымдастырып келеді.
Сондай-ақ биыл көрмеге кіру ақылы болмақ. Кіру бағасы – 500 теңге (зейнеткерлерге, балаларға, оқушыларға, студенттерге, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін). Жиналған қаржы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберіледі.