Елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әсіресе кейінгі уақытта әлеуметтік өткір мәселе ретінде қарала бастады. Күні кеше қабылданған заңда сарапшылардың барлық ұсынысы мен қарапайым азаматтардың өтініші Президент тарапынан қолдау тапты.
Мемлекет басшысының жаңа заңға қол қоюы, ел басшылығының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру аясында қоғам сұранысына ұдайы назар аударып отырғанын көрсетеді. Президент Қ.Тоқаев барлық мәселені, соның ішіңде әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін үнемі көтеріп отырады.
Заң азаматтық қоғам мен мемлекеттің өткір және өзекті мәселені шешуге бағытталған сындарлы өзара іс-қимылының нәтижесі болды. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам болып күресуді қажет ететін әлеуметтік проблеманың бірі ретінде белгіледі.
Президент қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді.
Ол туралы Қ.Тоқаев осы жылдың қаңтар айында: «Мен Заң және Тәртіп қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», деді. Заң – қоғамды демократияландыру бағытындағы тағы бір қадам.
Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,
Сенат депутаты