«Қазақстан энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» осы сәуір айында еліміздің энергия нарығында құлдырау болуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Бұған саладағы 140-тан астам ұйымның қызметіне тыйым салу себеп болатын көрінеді. Қауымдастық төрағасы Сергей Агафонов 2024 жылғы 1 сәуірден бастап энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметіне тыйым салынатынын айтып, бұл мерзім ақылға сыймайды және ешқандай сынға да жауап бере алмайды деп мәлімдеді.
«Біржақты қабылданған шешім сала қатысушылары арасында талқыға салынбады. Енді негізсіз күмәнмен лицензияларды жаппай алып тастау мен қызметтің екі түрін біріктіру арқылы энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметін тоқтату көзделіп отыр», дейді.
Айтуынша, ешқандай ескертусіз қабылданған шешім электрмен жабдықтау саласындағы 140-тан астам шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектісіне орны толмас зиян келтірмекші.
«Ол мекемелерде жұмыс істейтіндердің жан саны 200 мыңнан асып жығылады. Жұмыссыз қалатын мұнша адамның отбасы жағдайы мен тағдыр талайы қалай болмақ? Бірінші кезекте бұл шешім – Мемлекет басшысының «Экономиканы демонополияландыру – біздің ұлттық басымдығымыз» деген ұстанымына қайшы келеді», деді төраға.
Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің әр өңірдегі бөлімдері Премьер-министрдің тапсырмасын орындау шеңберінде, сондай-ақ Энергетика министрлігінің және Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің хаттарын қарау негізінде реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тиісті лицензиялардың қолданылуын тоқтатқан. Қауымдастық бұл әрекетті заңсыз шешім деп отыр. Осының негізінде арнайы хат әзірлеп, жауапты органдардың бәріне жолдаған. Өйткені Табиғи монополияларды реттеу комитетінің лицензиядан айыруға қатысты хаты жоғарыда көрсетілген 140-тан астам субъектінің бәріне келіп түскен.
Бұдан көрініп тұрғаны, салаға реформа жасауды сылтауратып, ел экономикасының тұтас секторын, электрмен жабдықтау саласын монополиялауға әрекет жасалып жатыр, дегенді айтты қауымдастық жетекшісі. Саланың жылдық айналымы орта есеппен 1,5 трлн теңгені құрайды. Ал тұтынушылар географиясы – елордадан ауылға дейінгі барлық елді мекен. Сондықтан қауымдастық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың және Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің атына жеке-жеке арнайы хат жазған. Онда төтеннен қабылданған шешімнің асығыс әрі заңсыз екені көрсетілген.
Қауымдастық төрағасы бұл жерде энергияны өндіруші олигополиялар ғана ұтатынын айтады.
«Әдейі немесе еріксіз болып жатқан процедураның бәрінен жалғыз пайда табушы салалық олигополиялар ғана. Мәселен, өңірлік электр желілері компанияларының (ӨЭК) кірісі 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш есе ұлғаюға тиіс. Егер аталған ӨЭК 100% мемлекеттік болса бір сәрі. Алайда энергия беруші ұйымдардың 90%-ы жекеменшік нысаны бар және генерация секторымен тікелей интеграцияланған субъектілер болып саналады. Мысалды алыстан іздемей-ақ, Павлодар, Петропавл, Қарағанды, Атырау қалаларын алуға болады. Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қауымдастығы» екі қызмет түрін яғни, электр энергиясын беру және электрмен жабдықтау қызметтерін біріктіру идеясын терістеп келген. «Қауымдастық уәкілетті органдарға бұл проблеманы айтты. Алайда олардың тарапынан көңілге қонымды шешім ғана емес, лайықты назар да аударылмады. Бизнесті тыныштандыруға арналған дәлелдердің бірі – заңда көзделген негіздер бойынша меншік иесінің құқықтары тоқтатылған кезде оның мүдделерін қорғауды көздейтін Азаматтық кодекстің 266-бабына сілтеме жасайды. Бірақ мұнда күмән туындайды: мұның бәрі бюджет қаражатын «игерудің» қарапайым жоспары емес пе?», дейді С. Агафонов.
Электрмен жабдықтау саласында бәсекелестіктің қарқынды дамуына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен «Атамекен» ҰКП белсенді түрде көмектесіп келеді. Сондықтан кәсіпкерлер палатасына хабарласып, аталған мәселеге байланысты маман пікірін сұрадық.
«Атамекен» ҰКП шағын, орта және ірі бизнестің, оның ішінде электрмен жабдықтау саласындағы кәсіпкерлік субъектілердің мүддесін қорғайтын ұйым ретінде, саладағы бүгінгі жағдай ерекше назар аударып отыр. Соңғы бірнеше күнде «Атамекен» мен өңірлік кәсіпкерлер палатасына электрмен жабдықтаушы ұйымдардың өздерінен, сондай-ақ заңды тұлғалар бірлестіктерінен Реттелмейтін электрмен жабдықтаушы ұйымдардың энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызметке лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы мәселе бойынша көптеген арыз-шағым түсіп жатыр», деді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев.
Оның айтуына қарағанда, электрмен жабдықтаушы ұйымдар қызметін алып тастау және функцияны энергия беруші ұйымдарға беру жөніндегі норма бүгінгі күні Мәжілістің жұмыс тобында «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы шеңберінде кеңінен талқыланып жатыр.
«Әзірге осы мәселе бойынша жұмыс тобы нақты шешім қабылдамаған. Өйткені бұл шалағай іс біріншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына қарсы. Уәкілетті органдардың бұл «реформасы» нарық заңына қайшы және «Атамекенмен» қандай да бір талқылаусыз шешім қабылдауы дұрыс емес. Төтеннен орын алған жағдайға байыппен қарасақ, ел экономикасының тұтас секторын монополияландыру жүріп жатқанына көз жеткіземіз. Екіншіден, олар лицензиялау саласындағы ұлттық заңнаманы анық бұзып отыр. Бұл біздің тарапымыздан үлкен алаңдаушылық туғызады. Себебі бас лицензиялардың заңсыз алынып тасталуы – елдегі іскерлік ахуалға теріс әсер ететін өте қауіпті прецендент. Үшіншіден, уәкілетті органдар мәселенің мәнісін «Атамекенмен» талқылаудан жалтарып, бизнеспен мағыналы диалог жүргізуден бас тартып отыр. Мәселен, Энергетика министрлігі 28.03.2024 ж. №049/19 хатпен Премьер-министрдің тапсырмасына сілтеме жасай отырып, «Атамекен» тиісті ұсыныстардың көпшілігі бойынша уәкілетті органның ұстанымымен келіскеніне қарамастан, аталған мәселеге қатысты біздің ұсыныстарымызды қабылдаудан бас тартты», дейді басқарушы директор.
Қазіргі күнде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз алаңында Мәжіліс, Үкімет пен бизнес арасындағы өзара келісімге сәйкес, аталған проблеманы құқықтық өрісте қалай реттеуге болатындығы туралы нақты ұсыныстары бар нарықпен диалог бастауды ұсынып отыр.
«Атамекен барлық бизнестің құқығы мен мүддесін қорғаушы екенін, сондай-ақ уәкілетті органдардың мұндай әрекеттерінің заңдылығы жөнінде шаралар қабылдайтынын және тиісті мемлекеттік органдарға хат дайындайтынын хабарлайды», деді Ж.Хайрушев.
Осы және басқа да факторларды ескере келіп, орын алған жағдайға түсінік беруін сұрап, сондай-ақ саланың монополияланып кету ықтималдығына байланысты Энергетика министрлігіне де сауал тастағанбыз. Өкінішке қарай, жауап болмады.
«Қазақстан энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» ел Президентінің атына арнайы хат жолдап, осы мәселені шешуге және бизнесті банкроттықтан, саланы монополиялаудан, ал электр энергия тұтынушыларының электр энергиясын жеткізушіні таңдау жөніндегі құқықтарын шектеуден сақтауға көмек сұрап отыр. Олардың түсіндіруінде бұл шешім электрмен жабдықтау саласындағы 140-тан астам ШОБ субъектілеріне орны толмас зиян келтіреді. Саладағы ашықтық пен бәсекелестікті жойып, тарифтердің жосықсыз өсуіне әкеледі.