Кәсіптің көзін жұдырықтай құстан тапқан қос құрбы өнімді еңбек етіп келеді. Жұмысын былтыр ғана бастағанымен, бөдене басын 1 500-ге жеткізген. Жұмыртқасы мен етіне деген сұраныс та жоғары деседі.
Әрі көрші, әрі құрбы Аяулым Бақытқызы мен Нағима Тоқтарбекқызы Сауыр-Сайқанның бөктерінде бөдене өсіруді қолға алған. Бас бармақтай ғана бөдене жұмыртқасымен өз аудандарынан бөлек, өзге аудандарды да қамтамасыз етіп отыр. «ALTYNZER EKO ferma» деп аталатын шағын шаруашылықта шүпірлеп 1 500 бас бөдене өсіп жатыр.
– Бұл кәсіпті былтыр бастадық. Құстардың 1000 басы – жұмыртқа бағытында болса, 500-і – ет бағытында. Жұмыртқа мен етіне сұраныс өте жоғары. Тұрақты тұтынушыларымыз да бар, – дейді кәсіпкер Нағима Тоқтарбекқызы.
Бөдене шаруашылығы Шығыс Қазақстанда енді ғана етек жайып келеді. Оның бірден-бір себебі, күннің суықтығы мен қардың қалыңдығы, қыстың ұзақтығы деседі құстың қыр-сырын зерттеген кәсіпкерлер. Бөденеден тұрақты өнім алу үшін температура бір қалыпты болуға тиіс. Ұзақ қыста қоражайды жылы ұстау кәсіп иелеріне оңай емес. Десе де, бастаған кәсіпті дөңгелетіп отыр. Зайсан қаласы газбен қамтылғандықтан, күн сайын гүрілдетіп от жағып, әуре болмайды.
– Бөдене де тауық секілді, жылы жерді жақсы көреді. Суықта жұмыртқаламайды. Тұрақты температура 15-20 градус жылы болуы керек. Шағын фермамыз газбен жылиды. Әйтпесе, көмір жеткізу біз үшін қымбат. Оның үстіне, үнемі от жағып отыру әуре. Ал газ бағасы тиімді. Жұмыртқаларды инкубатормен басып шығарамыз. 15-18 күнде балапан жарып шығады. Жемін, суын беріп күтсе, 40 күнде жұмыртқалайтын болады. Бір бөдене күніне 30 грамм жем жейді. Күніне бір жұмыртқа туады. Тиімді емес пе? – дейді кәсіпкер ару.
«Шығын шықпай, кіріс кірмейді» демеуші ме еді? Айтқандай, кәсіпті алғаш ашқанда Аяулым Бақытқызы тұрып жатқан үйін фермаға айналдырған. Басқа ыңғайлы орын болмағандықтан, құрбылардың бірі баспанадан бас тартқан. Кәсіпті әуелде әлеуметтік желіден көріп бастаған. Нағима Тоқтарбекқызының бастаған кәсібіне қолдау көрсеткен жолдасы құстарды қамайтын торлы қоршау жасап берген. Алғашында азды-көпті қаражат салған. Кәсіптерін кеңейтуді де жоспарлап отыр.
– Көпшілік біле бермейтін шығар, бөдененің еті мен жұмыртқасы мың да бір ауруға ем. Бір ерекшелігі, бөдене ешқандай құс тұмауымен ауырмайды. Алдағы уақытта осы кәсібімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Аяулым Бақытқызы.
Рас, емдік қасиеті мол болмаса, жапондықтар күнделікті таңертең бөдене жұмыртқасын тұтынбас еді. Оның үстіне бұл адам ағзасындағы радиациялық заттарды шығарады.
Құс баққан құрбылардың айтуынша, бөденеге арнайы жемі беріледі. Тауыққа шашып жүрген бидай жарай бермейді. Тез көбейетін жұдырықтай құстың салмағы 200 грамнан аспайды.
Жоспар демекші, кәсіптерін кеңейту үшін құстың санын арттырып қана қоймай, Аяулым мен Нағима енді бөдене етін тұздап, маринадтауды, жұмыртқасынан табиғи майонез жасауды қолға алмақ. Қыл аяғы құстардың саңғырығын да далаға тастамайды. Оған шылаушын құрттарын жіберіп, табиғи тыңайтқышқа айналдыруды ойластырып жүр. Айтпақшы, Зайсан қаласында құрт өсіріп, пайда тауып отырған кәсіпкер де бар...
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан қаласы