• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 16 Сәуір, 2024

Тіл – тірегіміз

107 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қала­сында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көптің көкейінде жүрген бірқатар мәселенің шешіміне қатысты ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.

Білім, ғылым, тәрбие, тарих, бірлік, салт-дәстүр туралы келелі ойларды ортаға тастап, жауаптыларға тиісті тапсырмаларды орындауды міндеттеді. Осы орайда Президенттің Құрылтай отырысында айтқан екі маңызды бастамасына тоқталуды жөн көрдім.

Президент қазақ тілін қолдау, қолдану аясын кеңейту және жастарды кітап оқуға баулу мәселелеріне кеңірек тоқталды. Шынында, өкінішке қарай, экономика, ІТ саласында, қаржылық, дипломатиялық сұхбаттасуларда қазақ тілінің қолданыс аясы тар екені рас. Мемлекеттік тілді білу – Отан алдындағы парызымыз. Сондықтан кез келген кәсіп, мамандық, лауазым иесі қазақ тілін құрметтеуге тиіс және оны өз саласында қолдануды міндеттеуі керек.

Президент айтқандай, қазақ тілі ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Қазіргі кезде қазақша ғылыми еңбектер, диссертациялар көптеп жазылып жатыр. Бұл – қуанарлық үрдіс. Өйткені ғылым тілі қазақшаланбай, өрке­ниетке ілесе алмайтынымыз анық екеніне толық көзіміз жетті.

Қазақ тілінің қолданыс аясы­ның кеңеюіне бірден-бір себеп – ұлт санының өсуі. Шүкір, елімізде қазақтардың және қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесі артып келеді. Тек біз жас ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындатып, білімді алтыншы сыныпқа дейін қазақ тілінде беріп, содан кейін шет тілдерін оқыта бастауымыз қажет. Жастар ағылшын тілін білуі керек. Ол әлемдік өркениетті тануға мүмкіндік береді. Геосаяси жағдайға байланысты қазақ-ағыл­шын, қазақ-орыс, қазақ-қытай тілмаштарын көптеп даярлаған жөн. IT-коммуникация, ком­пью­тер­лік технология, роботтехника, жаратылыстану, ин­же­нер­лік іс салаларында да қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтсек, қазақ тілі жаңа технология мен интернет тіліне жылдам айналады.

Біз қазақша сөйлеумен қатар қазақша көркем жаза білуі­міз керек. Ол үшін кітапты көбірек оқуымыз қажет. Жата-жас­та­нып кітап оқыған аға буын жолын жалғастыратын жастар аз. Әрине, интернет заманында қажеттілік жоқ дейтіндер табылар. Дегенмен де Абай атамыздан «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген на­қыл қалған. Рухани азықтың бас­тауы кітаптың адам өміріндегі алатын орны бөлек.

Кітап оқу жаңа әлемнің есігін ашқанмен бірдей. Жақсы кітап жаңа әдеттер қалыптастыруға, ойымыздың ұшқыр болуына, биікті бағындыруға, көркем сөйлеуге, жазуға үйретеді. Кітап оқыған сайын біліміміз жаңарып отырады, пікір тудырады.

Президент Құрылтайда кітап­хана туралы да жақсы айтты. Оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандыратын, ұлттық, әлем­­дік әдеби-ғылыми ақпарат көз­дерін толық жинақ­тап, оқыр­манға ұсынатын заманауи кітап­ханаларды салу – заман талабы. Еліміздің болашағы жастар десек, сол жастар ұлттық тәрбиені, кітап­құмарлықты бойына сіңіріп, білім мен ғылымды шебер игерсе, Қазақстанның озық мемлекеттер қатарында болуына өз үлесін қосатындары анық.

 

Кенжеғали ШИЛІБЕК,

Техника ғылымдарының кандидаты, Тараз қалалық мәслихатының депутаты

 

Тараз қаласы